Солярка сатамын деп сан соғып қалды

Қазір қандай кәсіп ашып, табыс табамын десең де жол ашық.

Тек барлығы да заң аясында жүзеге асуы керек. Бірақ еш жерде жұмыс жасамайтын, орда бұзар отызға таяп қалған бір азамат олай ойламады. Жеңілдің үстімен жүріп, оңай олжаға қарық болғысы келді. Сөйтті де, ауласында тұрған көлігін пайдаланып, ешқандай құжатсыз дизель отынын тасуға кірісті. Бірақ онысымен Қазақстан Республикасы «Мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіруді және олардың айналымын мемлекеттік реттеу туралы» заңының 20-бабын бұзғанын білді ме екен?

Яғни жанар-жағармайдың шығарылу заңдылығын растайтын құжатсыз алып, қауіпсіздік ережесін сақтамай, оны сақтап, өткізу мақсатында тасымалдап, заңға қайшы әрекетке барды. Ол үшін көлігіне әрқайсысының сыйымдылығы бір тоннадан келетін екі пластмасса ыдысты тиеп алды. Сол бойда көп ойланып жатпастан Теңіз кенішіне қарай жол тартты. Бұрынғы Сарықамыс елді мекенінің тұсына келгенде «КамАЗ» көлігінің жүргізушісімен келісіп, 70 теңгеден 800 литр дизель отынын сатып алды. Оның заңдылығын растайтын құжатсыз «Вахташылар» қалашығына дейін жеткізді.

Бірақ былай шыға бере, оған бұл «тауары» аз көрінді. Көп ұзамай кері бұрылып, ескі поселкенің жұртына қайта айналып келді. Сол жерде тағы бір «КамАЗ» иесімен келісіп, қосымша 320 литр дизель отынын құйдырып алды. Барлығы 1120 литр солярканы сылқита тиеп алған сабаз енді сатушы іздеп жолға шыққан-ды. Алайда арам ойы іске аспады. Құжатсыз, заңсыз тасылған жанар-жағармай құқық қорғау органы қызметкерлерінің қырағы назарына ілікті.

Қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 197-бабының 1-бөлігімен үстінен қылмыстық іс қозғалып, сотқа жолданды. Сот оның айыбы аталған бап бойынша дұрыс сараланған деп таныды. Себебі ол 78400 теңгенің 1120 литр болатын дизель отынын шығарылу заңдылығын растайтын құжатсыз сатып алып, иемденіп, тасымалдаған. Сондықтан аудандық соттың үкімімен айыпкер 197-баптың 1-бөлігінде көзделген қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, яғни 50500 теңге айыппұл салынды. Оның үстіне сараптамаға жұмсалған 42272 теңге де өндірілді.

Ш.Исмағамбетова, аудандық соттың судьясы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521