Әскери тәртіпті реттейтін заңды қайта қарау қажет — депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында әскери тәртіп пен әскери полицияның жұмысын реттейтін заңдарды қайта қарау қажет екенін айтты. 

Депутаттың сөзіне қарағанда, әскердегі тәртіп — оның жауынгерлік қабілетінің негізі және жеке құрамның моральдық жағдайына, жауапкершілік деңгейіне және жауынгерлік тапсырманы орындау қабілетіне тікелей әсер етеді. Алайда, әскери қызметшілер арасындағы құқық тәртібі мен құқық бұзуды алдын алу мәселелерін реттейтін қолданыстағы нормалар қазіргі ахуалға сай келмейді. Талдау оларды жүйелі түрде қайта қарау және жетілдіру қажеттігін көрсетеді.

Сенатордың айтуынша, бұл әскердегі тәртіпті сақтау үшін ғана емес, сонымен бірге қоғамның Қарулы Күштерге деген сенімін нығайту және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін де маңызды.

— Қабылданып жатқан ұйымдастыру және тәрбиелік шараларға қарамастан, жүйелі проблемалар сақталып отыр. Бұл ретте, бөлімді өз бетінше тастап кету жағдайлары, жарғыдан тыс әрекеттер, сыбайлас жемқорлық белгілері байқалады. Алдын алу жұмысындағы тиімділіктің жеткіліксіздігі, әскери полиция органдары, прокуратура мен қолбасшылық арасында үйлестірудің әлсіздігі сияқты мәселе бар. Бұл фактілер қолданыстағы құқықтық база тәртіптік рәсімдердің жеткілікті жауапкершілігі мен ашықтығын қамтамасыз етпейтінін көрсетеді, — деді Андрей Лукин.
Сенатор әскердегі құқықтық тәртіп пен тәрбие жұмысын нығайту қажеттігі қолданыстағы заңнамалық нормалардың сапасына тікелей байланысты екенін атап өтті. Бүгінде әскери полиция мен қолбасшылық қызметін реттейтін ережелердің бір бөлігі ескірген.

— Әскери полиция, қолбасшылық және құқық қорғау органдары арасындағы функцияларды ажырату, сондай-ақ тәртіптік талаптарды бұзу жағдайына мониторингінің цифрлық жүйелерін пайдалануды бекіту, әскери бөлімді өз бетінше қалдырғаны үшін жауапкершілік нормаларын қатаңдатуға байланысты заңнаманы күшейтуді ұсынамыз. Әскери психологтарды даярлау және сертификаттау стандарттарын белгілейтін заңға тәуелді актіні қабылдау, суицидтік жағдайлардың алдын алудың ведомствоаралық бағдарламасын әзірлеу қажет, — деді депутат.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT