Үшінші биліктің көздейтіні – заң үстемдігі Баршамызға мәлім, ҚР Үкіметінің 2022 жылғы 31 наурыздағы №183 Қаулысымен мерекелер тізбесі «Судья және сот қызметкерлері күнімен» толықты және кәсіби мереке күні болып 24 маусым бекітілді. Себебі, 1992 жылдың дәл осы күні «Қазақ ҚСР-нің сот жүйесі туралы» заңы қабылданған еді. Бұл мереке конституциялық негіздерді дамытуға, заңдылықты қамтамасыз етуге, азаматтардың құқығы мен заңды мүдделерін қорғауға қосқан үлесі үшін еліміздің судьялары мен сот қызметкерлеріне көрсетілген құрмет деп білеміз.
Мемлекет басшысы сот саласындағы ауқымды жобалар мен оларды ұдайы дамыту, судьялардың біліктілігін арттыруды, осы саланы модернизациялауды тапсырған-ды. Міне, содан кейін осы бір төл мерекеге де ерекше көңіл бөліне бастады. Әрине, қандайда бір салаға мерекелік күнді бекіту дегеніміз - саланың жауапкершілігі мен халық алдындағы абыройын арттыруға бағытталған үлкен бастама болып табылады.
Ата Заңымызға сәйкес республикада мемлекеттік билік біртұтас. Ал Конституция мен заңдар негізінде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліну, олардың тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесін пайдалану арқылы өзара іс-қимыл жасау принципіне сәйкес жүзеге асырылады.
Тиімді сот жүйесі Қазақстанның серпінді дамуының маңызды тетігінің бірі. Өйткені, сот төрелігін жүзеге асырудың жоғары деңгейі - мемлекет пен қоғам өмірінің барлық салаларында жүргізіліп жатқан қайта құрулардың табысты жүргізілуінің негізгі факторы.
Әркімнің өз құқығы мен бостандығының сот арқылы қорғалуына құқығы бар және заң мен сот алдында адамдардың бәрі тең. Сот ісін жүргізудің негізгі міндеті – адамның заңды мүддесі мен еркіндігін қорғау, сондай-ақ, құқықтық кепілдіктің барлық спектрін тиімді қамтамасыз ету және оларды іс жүзінде іске асыру. Бұл ретте Тәуелсіздік жылдарында елімізде сот жүйесінің толыққанды құқықтық негізі жасалды деп сеніммен айтуға болады.
Осы салада еңбек ететін қызметкерлердің функционалдық міндеттері асқан жауапкершілікті талап етеді. Әрқайсысының өзіне жүктелген қазметтік міндеттері бар. Сол міндетті олар мінсіз атқаруы тиіс. Сонда ғана халықтың сотқа деген сенімі де арта түседі.
Айталық, судья – сот саласының тірегі. Ал сот ғимаратына кірген азаматтарды қабылдап, сұрақтары бойынша бағыт-бағдар беретін - сот әкімшісінің мамандары. Әкімші басшысы –сот әкімшісінің жұмысы мен соттағы іс жүргізуді ұйымдастырады. Бас маман –сотқа түсіп, қаралған істер мен материал бойынша іс қағаздар жүргізіп, істерді қабылдау, есепке алу, сақтау және сараптамалық есептер жүргізіп отырады. Бас маман-сот мәжілісінің хатшысы – сот отырысын толық ұйымдастырып, азаматтардың сотқа келуін қамтамасыз етеді және сот мәжілісінің хаттамасын әзірлейді. Аға сот приставы - сот мәжілісі кезінде залда тәртіпті сақтау, сот үйлерін күзетуді, судьяларды және процестің қатысушыларын күзету қызметін жүзеге асырады. Жетекші мамандар - сот жұмысының жариялылығын қамтамасыз етіп, кіріс-шығыс журналдарын толтырып, мұрағат қызметін ұйымдастыруымен айналысады.
Мінекей, осындай бір салада әрқилы міндет атқаратын мамандар әртүрлі үлкен істердің басын құрап, жүйелі жұмыстарды жүзеге асырады. «Илейтініміз бір терінің пұшпағы» дегендей, олардың барлығы түптеп келгенде еліміздің сот жүйесін ілгері дамыту жолында еселі еңбек етеді.
Заң үстемдігі мен әділеттілік қағидаттарын бекітіп, азаматтардың құқықтық қорғалу сенімділігін қамтамасыз ететін адами мәселелерді бірінші болып қолға алатын судьялар. Олар үшінші билік өкілі саналады. Сондықтан судья еліміздің және қазақстандық қоғамның өміріндегі терең өзгерістер кезеңінде, демократиялық және құқықтық мемлекет құру, қоғамдағы тұрақтылық пен азаматтық бейбітшілікті сақтау жолында маңызды рөл атқарады. Күнделікті болсын, нарықтық қатынастар саласында болсын даулар мен жанжалдарды шешу судьядан жоғары білімді, тәжірибелі және мінсіз адами және тұлғалық қасиеттерді талап етеді.
Қоғамдық теңдікті қамтамасыз етуде, азаматтар құқығын қорғауда елеулі үлесі бар судьялар мен сот қызметкерлерін төл мерекесі құтты болсын!
Мұратқали Ысқақов, аудандық соттың төрағасы