Шектен шыққан шетелдіктер

Бірі абайсызда, енді өзгесі қасақана заңның ала жібін аттап жатады.

Аудандық полиция бөлімінің бастығы Е.Досмағұловтың жыл басынан бергі сегіз айдың қорытындысымен берген дерегіне сүйенсек, онда аудан аумағына жақын шетелден барлығы 4688 азамат келіп тіркелген екен. Әрине, олардың басым көпшілігі арзан жұмысшы күші ретінде жеткен өзбек пен қарақалпақ ұлтының өкілдері болса, қалғаны сол жақтағы қазақ қандастарымыз екені белгілі. Бұл сөзімізді жоғарыда келтірген деректің ішінен бес адамның ғана жеке мақсатпен келіп, өзге 4683 шетелдіктің жұмыс жасап, табыс табу мақсатында ауданға ат басын тірегені айғақтай түседі.

Әйтсе де олар да пенде, бірі абайсызда, енді өзгесі қасақана заңның ала жібін аттап жатады. Айталық, бөлім басшысының келтірген дерегінен көші-қон саласы бойынша жақын шетел және өз еліміздің азаматтарын қосқанда 300-дің үстіндегі адамның әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын білдік. Міне, соның ішіндегі 38 құқық бұзушылықтың ғана шетелдік азаматтарға тиесілі екенін келтірген. Олар заң алдында тиісті әкімшілік жазасын алып, барлығы 1 167 330 теңге айыппұл салынып, өндірілген екен.

Әрине, биыл елімізге Төтенше жағдай енгізіліп, арты қатаң карантиндік режимге ұласып кетті. Көптеген өндірістік объектілер мен жеке тұрғындардың құрылыс жұмыстары тоқтап, шекара асып, Қазақстанда қалып қойған өзбек пен қарақалпақ ағайындарға қиын соқты. Әсіресе шектеу шетелдіктерге «жығылған үстіне жұдырық» болды. Карантин талабын бұзған оларды заң аямады. Үстінен әкімшілік іс қозғап, келген ізімен еліне кері кетуіне мәжбүр етті. Өйткені заңның аты - заң. Таяуда аудандық сотта қаралған іс – соның айғағы.

Сотқа арызды аудандық полиция бөлімі берді. Ондағы хабарламаға қарағанда, Т. есімді шетелдік азамат биылғы сәуір айының 19-ы күні, түнгі сағат 01.00-дер шамасында Құлсары қаласының 5-учаскесінде орналасқан дүкеннің жанындағы тасжол бойында кетіп бара жатқан жерінен тәртіп сақшыларының көзіне түскен. Елдегі Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимді, санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізу талаптарын орындамағаны үшін үстінен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 476-бабының 6-тармағымен әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылып, сот қаулысымен бір тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалады. Ол жазасын толықтай өтеп шығады. Бірақ полиция бөлімі шетелдік азаматтың еліміздің заңын бұзғандықтан Қазақстан Республикасының аумағынан шығарып жіберуді сұрады.

Сот отырысында бөлім өкілі арызды қуаттап, қоғамдық тәртіпті бұзған шетелдіктің алдағы уақытта да мұндай әрекеттерін қайталауы, қауіпті індетті таратуға себепші болып, қоғамға қатер төндіруі мүмкіндігін, қазіргі уақытта шетелден келген азаматтармен қылмыстық және әкімшілік құқық бұзушылықтар көптеп жасалып жатқандығын айта келіп, оның алдын алу қажет екенін көрсетіп, талапты қанағаттандыруды сұраған. Ал, шетелдік азаматтың өзі арызбен келісетінін жеткізді.

Егер заңдылық талаптарына жүгінсек, онда «Шетелдiктердiң құқықтық жағдайы туралы» Қазақстан Республикасы заңының 28-бабының в) тармағына сәйкес, егер шетелдік Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзса, Қазақстан Республикасының шегiнен қуылуы мүмкiн.

Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексінің 76-бабының 5-бөлігіне сәйкес,  әкімшілік іс арқылы соттың заңды күшіне енген қаулысымен анықталған әкімшілік құқық бұзушылық жасаған тұлғаның кінәсі осы азамат жасаған нақ осы құқық бұзушылықтың азаматтық-құқықтық салдары туралы істі қарау кезінде қайта дәлелденуге жатпайды.

Сондықтан аудандық сот полиция бөлімінің арызын қанағаттандырып, өзбекстандық азамат Т-ны Қазақстан Республикасының шегінен шығарылсын деген шешім шығарды. Құқық бұзушыға шекара асып, өз еліне кетуге 15 күн мерзім белгіледі. Егер ол сот шешімін орындамаса, онда прокурордың санкциясымен ұсталып, мәжбүрлі түрде қайта жіберіледі.

Ш.Исмағамбетова, аудандық соттың судьясы

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT