Ол полиция қызметкері болып, қоғамды жайлаған қылмыспен күресуді жас кезінен армандады. Бірақ бастапқыда түрлі кедергілерге тап бола берді. Бірінші кедергі - Кеңес Одағының ыдырауы еді. Өйткені ол мектеп бітіре сала Саратов қаласындағы Заң институтына түспекші еді. Бірақ 1992 жылы алтын ұядан қанат қаққан бозбала амалсыз досы Ербол Мұқсановпен бірге сол кездегі Атырау педагогикалық институтының тарих факультетіне құжат тапсырды. Сондағы мақсат – тарихшылықты тәмамдап, жоғары білім алып, тергеушілік қызметке орналасу. Өкінішке қарай, мұнда да жолы болмады.
Бірақ алға қойған мақсатынан қайтпады. 1993 жылы досы Абзал Каринмен бірге Алматы қаласындағы Жоғары техникалық училищеге сынақ тапсырды. Өкінішке қарай, мұнда да түсіп тұрып, ауылға кері оралуына тура келді. Осы аралықта әскер қатарына аттанып, Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп келді. Елге оралған Серікқали Тасқалиев өзі туып-өскен Қызылқоға аудандық ішкі істер бөліміне жолықты.
Бірақ сол кездегі бөлім бастығы әскерден оралған жас жігітті қызметке қабылдамады. Десек те бөлім бастығының кадр жөніндегі орынбасары Жолдас Сапиев анасына: "Сіздің балаңыз былтыр дәрігерлік комиссиядан өтті, қыста келсін, келесі жылы Шымкентке оқуға жібереміз, соған түссе болды"-деп үміт отын маздатты. Содан қыс бойы ауылдағы кочегарда жұмыс жасаған жас жігіт 1996 жылы Жолдас ағасының ықпалымен Шымкент заң колледжіне оқуға түсіп, ойдағыдай аяқтап, милиция лейтенанты шенін алды. Бірақ армандаған тергеушілік қызметті Қызылқоғадан емес, 1998 жылы Жылыой ауданынан бастады.
-Алғашқы айналысқан ісімнің бірі - Теңіз кен орнындағы автобуста болған төбелес болды. Ол Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 104-бабының, 1 бөлігімен тіркелген екен. Бұл іс маған дейін де бірнеше ай тергелген, өте бір даулы, екі жақтың да куәгерлері көп іс еді. Мен де бірнеше ай тергеп, ақыры екі жақты бір бірімен татуластырып, қысқарттым. Мұнда қызметтегі бастығым және тергеу саласындағы алғашқы ұстазым Қалыбай Молдабаев, Мақсот Төлеповтің үйретуімен тергеу саласына етене араласып кеттім. Қызмет барысында Нұржан, Асылбек, Демесін, Мұрат, Талғат сынды ағаларым мен қазіргі уақытта өмірден өтіп кеткен марқұм Жұмабай Елдесбаев, Асан Тасқынбаев, Құралбек секілді азаматтармен бірге қызметтес болып, мол тәжірибе жинадым,-дейді бүгінде отставкадағы полковник Серікқали Закарияұлы өткен күндерді еске ала.
1998 жылы аудандық ішкі істер бөліміне алғаш аға анықтаушы болып, 1999 жылдың маусым айында тергеу бөлімшесіне тергеуші болып ауысқан Серікқали Тасқалиев 2003 жылдың наурызында тергеу бөлімшесі бастығының орынбасары, кейін бастығы лауазымына тағйындалып, абыройлы қызмет атқарды. Қызығынан қиындығы басым салада жүріп, талай рет ауыр қылмыстардың ашылуына мұрындық болды.
- 2002 жылғы ақпан айының 10-нан наурыз айының 10-на дейінгі бір ай ішінде Құлсары қаласында 9 қасақана кісі өлтіру дерегі тіркелді. Соның төртеуін мен тергедім. Осы қылмыстың ішінде көп қабатты ықшам аудандағы бір үйде 2 адамды қасақана мерт қылып, үйді өртеп кеткен қанды оқиға, 5-учаскедегі бір үйдің ішінде бір жас қызды өлтіріп, денесін ауласындағы әжетхана орнына көміп тастаған қылмыс, такси жүргізушісін бақилыққа аттандырып, денесін қаладан шыға берістегі тас жолдың жанына лақтырып кетіп, автокөлігін айдап әкету дерегі дер кезінде ашылды. Сол кездегі жедел топ қызметкерлері мен тергеушілердің күні-түні тынбай төккен маңдай терінің арқасында қылмыскерлер құрықталып, тиісті жазасын алды,-дейді С. Тасқалиев.
Қызметтен қол үзбей жүріп, 2002-2005 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі Істер Министрлігінің Барымбек Бейсенов атындағы Қарағанды заң институтын оқып, бітірген Серікқали Закарияұлы әр жылдары Махамбет, Мақат ауданы полиция бөлімі бастығының тергеу жөнінде орынбасары қызметін де атқарды. Онда жүргенде де көптеген қылмыстың бетін ашты. Айталық, Махамбетте бірнеше жылдан бері мал ұрлығын жасаумен айналысып жүрген ұйымдасқан қылмыстық топты әшкереледі. Белгілі болғанындай, ішінде полиция қызметкерлері де бар болып шықты. Соттан әртүрлі мерзімде жазаларын алып, заңға бағынбаған сабаздардың сазайын тартқызды. Бірақ «Ат айналып қазығын табады» дегендей, 2016 жылы өзі алғаш еңбек жолын бастаған Жылыой полициясысына кері оралды. Аудандық полиция бөлімі бастығының тергеу жөнінде орынбасары, тергеу бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалды. 2022 жылдың наурыз айында полиция полковнигі атанды. Полицияның тергеу саласында 25 жыл атқарған қызмет өтіліне байланысты 2023 жылғы 5 қаңтарда отставкаға шықты.
Бүгінде үш ауданда тергеу бөлімшесін басқарып, ширек ғасырлық қызметінің зейнетін көріп, құрметті демалыста жүрген Серікқали Тасқалиев үйде қарап жата алмады. Ұзақ жылғы тәжірибесі арқылы әлі де қоғамға өз пайдасын тигізуге бел буады. Сөйтіп облыстық Адвокаттар алқасының адвокатурасында жеке адвокат болып қызмет атқарып жүр. Осы жылдар ішінде еліміздің Ішкі істер министрлігінің Құрмет грамотасымен, бірнеше медальдарымен марапатталуы – ұзақ жылғы еңбегінің жемісі.
Ербол ҚОШАҚАНОВ