Сейфті бұзған сері

Түнде қаладағы учаскелердің бірінде пәтер тоналды.

Өткен жылдың қарашасында түнде қаладағы учаскелердің бірінде пәтер тоналды. Үйдің терезесін сындырып, ішке енген сұғанақ қолды ұры жатын бөлмеге өтіп, ондағы сейфті бұзып ашады. Ішіндегі 3000 АҚШ доллары мен 35 000 теңгенің алтын сақинасын және 10 Ресей рублін сыпырып кетеді. Сөйтіп жәбірленушіге 1 млн. 254 мың 350 теңге көлемінде материалдық залал келтіреді. Ұрымтал сәтті тиімді пайдаланған ұры әккі ойын іске асырғанымен, оңай олжасының қызығын көре алмады. Өйткені полиция қызметкерлері ұрлығының ізін суытпай ашып, құрықтады.

Тоналған ақша мен ұрланған зат табылып, айғақ ретінде тәркіленді. «Ұрлық» түріндегі қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекетті жасағаны үшін үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабы 2-бөлігінің 3-тармағымен қылмыстық іс көтерілді. Алдын ала тергеу амалдары арқылы барлық кінәсін дәлелдеп, мойнына қойылды.

Қылмыстық іс сотқа жолданған еді. Кәсіпқой медиатор Ж.Байжанов жәбірленушіге келтірілген барлық шығынның иесіне түгел қайтарылғанын ескерді. Сөйтіп айыпкер мен жәбірленуші өзара ымыраға келіп, медиация тәртібімен татуласты.

Әрине, сот ұрлықшының қылмыстық әрекетін 188-баптың 2-бөлігінің 3-тармағымен дұрыс сараланған деп тапты. Өйткені ол заң тілімен айтқанда,«бөтеннің мүлкін тұрғын-жайға заңсыз кіріп жасырын жымқырған». Бұл көрсетілген әрекет ауырлығы орташа қылмыстар санатына жатады.

Дегенмен, Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігінің талабына сәйкес, қылмыс жасаған адам істеген әрекетіне шынымен өкініп, жәбірленуші кешіріп, өзара бітімгерлікке келсе, соның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды толық қалпына келтірсе, онда қылмыстық жауаптылықтан босатыла алады.

Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңының 26-бабы 1-бөлігіне сәйкес, медиация - екі жақ дауды реттеу туралы келісімге қол қойған күннен бастап күшіне еніп, іс тоқтатылады. Кәсіпқой медиатор Ж.Байжановтың бекіткен медиациялық келісіміне қарағанда, жәбірленушінің сотталушыға қоятын талабының жоқтығы, медиациялық тәртіппен келісімге келіп татуласқаны, келтірілген зиянның орны толтырылғаны көрінеді.

Сондықтан сот сотталушының Қылмыстық кодекстің 68-бабы 1-бөлігінің негізінде жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатып, қылмыстық құқық бұзушылық істі өндірістен тоқтату туралы қаулы етті.

Осылайша ұры бұл жолы ауыр жазадан аман қалды. Екінші рет мұндай қылмысқа барса, онда заң майдайынан сипамасы анық.

А.Оспанова,

аудандық соттың бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521