Сапаға мән берген саптық байқау

Аудандық полиция бөлімінің алаңында қысқы киім нысанына көшуге байланысты жеке құрамның қатысуымен дәстүрлі саптық байқау өтті. Оны бөлім бастығының кадр саясаты жөніндегі орынбасары, полиция подполковнигі Жақан Нариков пен тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Жеңіс Садықов жүргізді. Алдымен, полиция бөлімі қызметкерлерінің жедел-қызметтік міндеттерді орындауға үлгілі келбеті мен әзірліктерін тексеру мақсатында қысқы киім үлгісіне көшу бойынша жеке құрамның саптық жиыны болды. Тәртіп сақшыларының нысанды киім-кешектері мен олардың сыртқы түрінің белгіленген нормаларға сәйкестігін тексеріп, қызметтік куәліктерінің, айырым белгілерінің талаптарға сай болуын және сәйкестігіне көз жеткізді.

Қызметкерлер саптық жиынға жауапкершілікпен қарап, барлығы нысанды және арнайы киім кию ережелерінің талаптарына сәйкес келді. Полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Ринат Икласов жеке құрамды тексеріп, қызметтік міндеттерін адал атқаруды, қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі шараларды күшейтуге назар аударуды тапсырды. Өткізілген байқаудан кейін қызметтік міндеттерін әділ орындап, қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында ерекше үлес қосқан, өз кәсіби қызметін адал атқарған, жоғары жетістіктерге қол жеткізген полиция қызметкерлерін марапаттады. Саптық байқау салтанатты шерумен аяқталып, кейін полиция қызметкерлері өз міндеттеріне кірісті. Мұндай байқау, сондай-ақ Теңіз полиция бөлімшесінің алаңында да өтті.

Негізгі мақсат – қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігінің алдын алу бағытындағы тапсырмаларды орындауда жеке құрамның даярлығын тексеру. Сондай-ақ, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауды қамтамасыз ету және заң бұзушылықтың жолын кесу. Саптық байқауды аудандық полиция бөлімінің тәрбие және кадр жұмысы бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Жеңіс Садықов ашып, тәртіп сақшыларының нысанды киімдерін, қызметтік куәлік, бейнежетон мен планшеттердің жарамдылығын, сондай-ақ қызметтік автокөліктердің техникалық жағдайын тексерді. Тексеру қорытындысымен Теңіз полиция бөлімшесінің басшысына анықталған кемшіліктерді қысқа мерзімде жою міндеттелді. Жеке құрамға қызметтік міндеттерін орындау кезінде тәртіпті, заңдылықты және азаматтарға сыпайы қарым-қатынасты қатаң сақтау тапсырылды.

Тексерістен кейін Теңіз полиция бөлімшесінің бастығы, полиция подполковнигі Бақытжан Абилов қарауындағы тәртіп сақшыларына өз қызметін адал атқаруды, қоғамдық тәртіпті қорғау жөніндегі шараларды күшейтуге тапсырма берді. Ведомстволық талапқа сәйкес саптық байқаулар жылына 2 рет, яғни жеке құрамның сыртқы келбетіне қойылатын бірыңғай талаптардың орындалуын қамтамасыз ету үшін жазғы және қысқы киім нысанына көшу кезінде өткізіледі.

П.Қизатова

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT