Санбекетті айналып өтпекші болған жылыойлық ұсталды

Ауданның бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен шектеу шаралары қолға алынып, санитарлық бекеттер қойылды.

Еліміздегі енгізілген Төтенше жағдайға байланысты аудан аумағында да сақтық амалдары күшейтілді. Ауданның бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен шектеу шаралары қолға алынып, әрбір елді мекенге қатынайтын тасжолдар бойына санитарлық бекеттер қойылды. Алып Теңіз кенішінде сондай бекеттің төртеуі күні-түні тынымсыз жұмыс жасап тұр. Өкінішке орай, елдегі ахуалды әлі де болса жете түсінбей жүрген кейбір жүргізушілердің сақтық бекеттерін жасырын айналып өтіп, айласын асырғысы келген кездері кездесті. Ондай көлік иелерін жол тәртіп сақшылары құрықтап, полиция қызметкерлері тиісті әкімшілік жауапкершілікке тартуда.

Таяуда аудандық сотта қаралған істер – соның айғағы. Аудандық бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 8 сәуірдегі №1 ПГВР қаулысы бойынша Теңіз кен орнындағы Ватернас-Теніз вахталық қалашығында 2020 жылдың 8 сәуірінен бастап 14 күнге жергілікті карантин жарияланғаны аян. Осы қаулының 3-тармағының, 4-тармақшасына сәйкес вахталық қалашыққа келетін жолдарға бөгеу бекеттері қойылып, тәртіп күшейтілді.

Өндірістік жұмысқа қатысы жоқ бөгде көліктер мен адамдардың кіріп-шығуына тиым салынды. Алайда сәуірдің орта тұсында аймақтағы бір мұнай компаниясында жұмыс жасайтын М. есімді азамат темір автомашинасымен Теңіз қалашығына қарай жүйткіп келе жатып, Құлсары-Сарықамыс тас жолындағы «Солтүстік» санитарлық бекетін көрген. Көлігімен шалт бұрылған ол санитарлық бақылау қызметкерлерін айналып өтпекші болып, өзге төте жолмен тартып отырды. Бірақ жүргізушіні құқық қорғау органының қызметкерлері алысқа ұзатпай-ақ ұстады.

Тексеріп қарап, тіркеу талаптарын орындамай, арнаулы жерден айналып өткені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 476-бабының 1-тармағымен жауапқа тартты. Әкімшілік істі қараған аудандық соттың төрағасы Б.Жұмабаев М-ның жасаған әрекетін қасақана жасалған құқық бұзушылық деп таныды. Өйткені «Төтенше жағдай режимін бұзу» деп аталатын жоғарыдағы баптың 1-тармағында Төтенше жағдайдың жариялануына байланысты мемлекеттiк орган белгiлеген режимдi бұзу немесе талаптарды орындамау, сондай-ақ келу мен кетудiң ерекше режимiн орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген-ді.

Аудандық соттың қаулысымен қырықтың қырқасынан асқан азамат кінәлі деп танылды. Сөйтіп оған 27780 теңге айыппұл салу түріндегі әкімшілік жаза тағайындады. Өкінішке орай, шектеу шаралары кезінде бекеттен қашып, шектен шыққандардың легі жалғыз бір адаммен шектелмейді. Дәл осы санитарлық бекетті алыстан көргенде айналып, жасырын өткісі келген тағы үш жүргізуші құрықталды. Олардың барлығы да жоғарыдағы әріптестерінің кебін киіп, әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалады.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521