Оқиға биылғы қаңтар айында тапа-тал түсте орын алған еді. Қаладағы тас жол жиегінде орналасқан қос қабатты азық-түлік дүкеніне «таныс адамдарым кездесіп қалар» деген оймен кірген елуді еңсеріп қалған әйелдің көзі сауда орнының ішінде тұрған көк түсті сөмкеге түседі.
Сол жерде ешкімнің көріп тұрмағанын байқаған ол еш ойланбастан сөмкені қойнына қыстырып кете барады. Сөйтіп ұрлық, яғни заң тілімен айтқанда, бөтеннің мүлкін жасырын жымқыру жөніндегі қылмыстық арам ниетін жүзеге асырған. Әрине, ұры әйел өз әрекетін тірі жанның көрмегеніне көзі жеткенімен дүкен ішінде бейнебақылау камерасының барлығын ескермеді. Осылайша қылмысы көп ұзамай әшкере болып қалады. Сөмкесінің орнын сипалап қалған жанның сұрауымен бейнежазбаны қарап шыққан сауда үйінің қожайыны құқық қорғаушыларға тұтынушының мүлкін ұрының алып кеткенін анықтап, көрсетіп береді.
Кейін тергеу кезінде анықталғандай, ұры әйел жәбірленушіге тиесілі құны 5 000 теңгеге бағаланған «Nike» сөмкесін, оның ішіндегі 17.000 теңгенің және әйел адамға арналған құны 35 000 теңгенің бір дана қара түсті көйлектерін, құны 3.000 теңгенің маркасы «Shompo Biotin» бас жуатын шампунын, құны 90.000 теңгеге бағаланған бір дана әйел адамның пальтосын жасырын түрде жымқырып, барлығы 140.000 теңге материалдық зиян келтіргені белгілі болды. Көп ұзамай күдікті де қолға түсті. Тергеу амалдары арқылы қылмысы мойнына қойылды. Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігімен айыпталып, аудандық соттың өндірісіне берілген айыпкер әйелге қатысты қылмыстық іс сотқа дейінгі жеделдетілген тергеп-тексеру хаттамасымен жолданды. Әрине, қылмысы әшкереленген әйел жәбірленушіден кешірім сұрап, ұрлап алған заттарын кері қайтарып, онымен өзара ымыраға келіп үлгерді. Сондықтан Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің 321-бабының 1-бөлігіне сай, процестік заң талаптарын бұзушылықты жою үшін істі прокурорға жіберу мәселесін шешу, іс жүргізуді тоқтата тұру туралы шешімдерді қабылдау және екі жақтың өтініш-хаттарын қарау мақсатында алдын ала тыңдау өткізу үшін сот отырысы тағайындалды.
Алдын ала сот отырысында айыпты әйел жасаған қылмыстық құқық бұзушылық іс-әрекеттерінен жәбірленушіге келтірген зиянның орнын толтырғанын, онымен медиатордың көмегімен өзара татуласқанын, іс жүргізуді тоқтатуға қарсы емес екенін көрсетті. Жәбірленуші де келтірілген зияның орнын толтырып, кешірім сұрағанын, медиация тәртібімен татуласқанын айтып, сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрады. Олардың жауаптарын тыңдап, саралаған сот құқықтық баға бере келе, сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігімен дұрыс сараланған деп есептеді. Өйткені, ол бөтеннің мүлкін жасырын түрде жымқырып, құқық бұзушылық әрекет жасаған. Ұрлықшы әйел де өзінің қылмысын толық мойындап, жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласуына байланысты өзін қылмыстық жауаптылықтан босатуға қарсы еместігін көрсетіп жазбаша арыз тапсырды.
Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігінде «Қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа ауыр емес қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады» деп көрсетілген.
Сот прокурордың «Тараптардың медиация тәртібімен татуласқанына, келтірілген зиянның қалпына келгеніне байланысты сотталушыны қылмыстық жауапкершіліктен босатып, қылмыстық іс жүргізуді тоқтатуға жатады» деген пікірін тыңдап, сотталушыға аталған заң нормасын қолдануға негіз бар деп тапты.
Сондықтан айыпты әйел жоғарыдағы 68-баптың 1-бөлігі негізінде қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс сотта тоқтатылды. Осыған байланысты жәбірленушінің азаматтық талап қою арызы да қанағаттандырудан бас тартылды.
З.ҚУАНЫШЕВА, аудандық соттың жетекші маманы