Ұры бойжеткен

Сұғанақта сүйкім жоқ

Қазір «көне кәсіп» деп ат қойып, айдар тағып жүрген құқық бұзушылықтың қатарында ұрлық та бар. Соның ішінде қатты дамыған түрі – қалта ұрлығы. Орысша айтқанда, «карманщик» атанып кеткен ұрылар біздің қалада да бар екені жасырын емес. Әрине, оны көбіне көп жігіттер жағы әдетке айналдырса, арасында қыз-келіншектер де жоқ емес. Таяуда аудандық сотта қаралған іс – соның айғағы.

Оқиға өткен айда орын алған еді. Еш жерде жұмыс жасамайтын, тұрмыс та құрмаған бір бойжеткен қаладағы Орталық базар маңында қоңыр түсті қол сөмке ұстап, өзінің жанынан өтіп бара жатқан әйел адамды байқап қалады. Сол бойда сұғанақ қолды қыздың ойына арам ой келе қояды. Дереу қасына жетіп барады да: «Апа, үстіңізде қарақұрт кетіп бара жатыр!» - деп өзінен үлкен кісінінің зәресін алады. Қатты қорқып, сасқан әлгі әйел сол мезетте үстін қақпақшы болып, қолсөмкесін «жанашыр» нәзік жандының қолына ұстата салады. Міне, осы ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған ұры қыз жымын білдіртпей ішіне қолын сұғып жібереді де, лып еткізіп қара әмиянын суырып үлгереді.

Әмиянның ішінде болған барлығы 80 мың теңге ақша мен көлік картасы, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің берген құжаты қолды болады. Қара «шиланның» өзі 2 мың теңге тұратын-ды. Сөйтіп ұры жәбірленушіге барлығы 82 мың 500 теңге мүліктік залал келтіреді. Осыншама ақша мен құжаттарды ұрлап алған қалта ұрысы оқиға орнынан бой тасалап кеткен еді.

Әмияны мен ішіндегі ақшасы және құжатынан айрылғанын кейін білген әйел бар пәленің әлгі «жанашыр» бойжеткеннен келгенін сезе қойды. Дереу құқық қорғау органына жүгінеді. «Ұрының арты – қуыс» дегендей, ұры қыз алысқа ұзамады. Полиция қызметкерлері із кесіп, оны құрыққа түсіреді. Үстінен Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Алдын ала тергеу амалдары арқылы айыбы толықтай дәлелденіп, ісі сотқа жолданды.

Абырой болғанда, сотта мәселеге медиатор араласты. Ол жәбірленушінің ұрланған барлық ақшасын қайтарғанын ескеріп, қорғаушымен бірге сотталушы қыз бен екеуін татуластыруға ықпал етті. Басты сот талқылауында айыпкер өз кінәсін толықтай мойындап, өзінің мүліктік залалды толық қайтарғанын, жәбірленушімен медиатордың көмегімен бір мәмілеге келгенін мәлім етіп, өзін қылмыстық жауапкершіліктен босатуды сұрады. Ұрыдан зардап шеккен әйел де сотталушы ұрланған ақшаны кері қайтарып, зиянның орнын толтырып, өзінен кешірім сұрағанын жасырмады. Сөйтіп екеуара медиация тәртібімен татуласқандарын айтып, сотқа оны қылмыстық жауаптылықтан босатуды сұрап жазбаша өтініш білдірді.

Сот іс бойынша сотталушы мен жәбірленушінің жауаптарын тыңдап, саралап, оларға құқықтық баға бере келе, айыпкердің қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігімен дұрыс сараланған деп есептеді. Өйткені ол заң тілімен айтқанда «Бөтеннің мүлкін жасырын түрде жымқырып, құқық бұзушылық әрекетті жасаған». Бірақ Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігінде: «Қылмыстық теріс қылық немесе қазаға ұшыратумен байланысты емес онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа ауыр емес қылмыс жасаған адам, егер ол жәбірленушімен, арыз берушімен татуласса, оның ішінде медиация тәртібімен татуласса және келтiрiлген зиянды қалпына келтірсе, қылмыстық жауаптылықтан босатылуға жатады» - деп көрсетілген. Сондықтан сот, жоғарыда көрсетілген мән-жайларды ескеріп және осы іс бойынша жинақталған деректер негізінде Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігіне сәйкес, тараптардың медиация тәртібімен ымыраға келіп, келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты сотталушыны қылмыстық жауаптылықтан босатуға, қылмыстық іс өндірістен тоқтатылуға жатады деп санады.

Аудандық соттың қаулысымен Қылмыстық кодекстің 188-бабы 1-бөлігімен сотқа берілген сотталушы қыз 68-баптың 1-бөлігі негізінде жәбірленушімен медиация тәртібімен татуласып, келтірілген зиянды қалпына келтіруіне байланысты қылмыстық жауаптылықтан босатылып, қылмыстық іс өндірістен тоқтатылды. Сол себепті жәбірленушінің 82 500 теңге мөлшеріндегі материалдық зиянды өндіру туралы азаматтық талабы қанағаттандырусыз қалдырылды.

Бұл сөз жоқ, сұғанақ қолды өзге ұрыларға ащы сабақ болса керек. Өйткені жәбірленушінің бәрі бірдей қара әмиян иесіндей медиациямен татуласуға келісіп, кешірімшіл бола бермейді. Ал ұры бойжеткенді заң келесіде бүйтіп маңдайынан сипай қоймасы анық.

А.Оспанова,

аудандық соттың бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521