Өртенген заттан шыққан иіс немесе түтіннің пайда болуы – бой көтерген тілсіз жаудың алғашқы белгісі. Мұндайда бірден байбаламға салынбай, ең алдымен, өз-өзіңізді қолыңызға алып, уайымдамауға тырысу керек. Дереу өрт сөндіру диспетчеріне қоңырау шалып, хабарлап, мекен-жайыңызды айтыңыз. Егер өрт сөндірушілер оқиға орнына келгенге дейін өртті сөндіріп үлгерсеңіз, онда сіздің қоңырауыңыз «жалған қоңырау» болып есептелмейді. Әрине, ондай жағдайда өрт сөндірушілер өрт шыққан жерді егжей-тегжейлі тексеріп, келесі жолы мұндай жағдай қайталанбас үшін оның шығу себептерін анықтайды.
Жалпы жаңа ғана басталған өртті өз күшіңізбен, су, жамылғыш, өрт сөндіргіш арқылы тоқтатуға болады.Ал тілсіз жау ыңғайыңызға көнбесе, дереу қашып, кәсіби мамандарға жүгініңіз.
«Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген, егер шынымен де, үйіңіз өртке оранса, онда ішінде қалмауға тырысу керек. Мүмкіндік болса, тоқ көзін ажыратып, газды өшіріп, есік-терезені жабыңыз. Есікті мұқият бітеп, сыртқа шығып, көршілерге хабарлаңыз. Мұндай жағдайда үйден шыға бере баспалдақта ешқандай өрт болып жатпағанына көз жеткізіңіз. Ал үйден шыға алмай қалсаңыз, түтіні жоқ жерді тауып алып, паналаңыз. Жасырынған жеріңізді герметикалап (герметикалау - ғимаратардың сыртқы қабырға панельдерін полимер кұрамды затпен бітеу), барлық саңылауларды қолыңызда бар заттармен (сулы болғаны дұрыс) бітеңіз, терезені ашпаңыз. Өйткені, терезеның ашық қалғаны оттегінің тұтанып, өрттің өршуін үдете түседі. Су алуға мүмкіндік болса, есік-терезені, айналаңызды дымқыл шүберекпен сулап, сүртіп отырған жөн. Түтіннен тынысыңыз тарылса, шүберекті сулап, мұрныңызға басып демалыңыз. Ал бір орыннан екінші орынға ауысу керек болса, еңкейіп не еңбектеп қозғалуыңызға болады, себебі, еден жақта оттегі көп болады. Өрт сөндірушілерге қоңырау шалып, жасырынған жеріңізді айтыңыз.
Егер адамның үстіндегі киімдер өртеніп жатса, оның сыртынан жамылғы тектес заттарды жабу керек, Ал денеңізді өрт шалса, жерге жатып, әрлі-берлі аунаңыз. Түтінді ғимаратқа кіргенде міндетті түрде дымқыл, бірнеше рет бүктелген мақта-мата тәріздес шүберекпен мұрынды басып кіру керек. Ол үшін басыңыздан бастап сулы қалың мата жамылып алған абзал. Бірақ, арнайы костюмсіз кіруге болмайтынын естен шығармаңыз!
Нариман ӨТЕШОВ, аудандық
төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы