Әріптестерін алдап, әшкере болған әйел

Қазір қылмыстың кең таралған бір түрі – алаяқтық. Ол, әсіресе, соңғы жылдардағы сандық технология дамыған заманда өрши түспесе, азаяр емес. Өйткені, қазір ұялы телефондағы қосымшалар екінші деңгейлі банктер мен микроқаржы ұйымдарының қызметін онлайн жүзеге асырған уақыттан бастап алаяқтар оны оңай табыс көзіне айналдырды. Жақында аудандық сотта қаралған қылмыстық іс– соның айғағы.

1 млн. 890 мың теңге шығын келтірді

Аудандағы балабақшалардың біріне тым жақсы қызметке орналасқан Ж.Д есімді әйел қарап жүрмей бір ұжымдағы әріптестерінің қалтасын алаяқтық жолмен қағып, тақыршаққа отырғызуды көздейді. Сөйтіп, мектепке дейінгі мекемеде аспазшы болып жұмыс жасайтын әйелге: «Сізді «Даму Медке» тіркеп берейін»-деп сендіріп, ұялы телефонын сұратып алады. Бірақ жалған айтып, оны бірнеше рет фотосуретке түсіріп, оның ұялы телефонына жүктелген «ЕвразийскийБанк» АҚ арқылы аспазшының атынан 680 000 теңгеге тауарлық несие рәсімдейді. Және сол соманы өзінің «Jusan Bank» қосымшасындағы есеп-шотына 578 000 теңгесін аудартып алады. Нәтижесінде жәбірленушіге барлығы 680 000 теңге материалдық шығын келтіреді.

Жарты миллион теңгеден астам қаржымен қалтасын қампитып алған алаяқ әйел қылмыстық әрекетін тағы да қайталайды. Осылайша тағы да қасақана, пайдакүнемдік ниетпен, алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін ақпараттық жүйені пайдалану арқылы алдау немесе сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену мақсатында келесі күні балабақшада бірге жұмыс жасайтын Л.О. есімді қызметкерге де: «Сізді «Даму Медке» тіркеп берейін, ол үшін ұялы телефоныңыз керек» деп жалған айтып сендіреді. Оның да ұялы телефонына жүктелген «Halyk Bank» қосымшасы арқылы бірнеше рет фотосуретке түсіріп алып, оның атынан алғашқыда 400 000 теңге несие рәсімдейді. Бірақ кейін оған қайта оралып: «Сізді «Даму Медке» дұрыс тіркей алмай қалдым, қайта тіркеп көрейін»,- деп жалған ақпарат беріп, ұялы телефонын алып, бірнеше рет фотосуретке түсіріп, «Halyk Bank» АҚ-нан екінші рет 440 000 теңге, арада бір айдай өткенде тағы да 300 000 теңге несие рәсімдеп жібереді. Барлық ақша қаражаттарын өзінің есеп-шотына аудартып алып, жәбірленушіні барлығы 1 млн. 140 мың теңге тақыршаққа отырғызады.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, өкінішке қарай, балабақша қызметкерінің алаяқтығы жалғыз мұнымен шектелмеді. Ол енді арада бір айдан астам уақыт өткенде тәрбиеші болып қызмет атқаратын ұжымдасына бас салады. Алаяқтық, яғни бөтеннің мүлкін бірнеше рет, ақпараттық жүйені пайдалану арқылы алдап, сенімін теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықтық иемдену мақсатында арбап, оны да: «Даму Медке» тіркеп берейін»,-деп сендіріп, ұялы телефонын сұрап алып, бірнеше рет фотосуретке түсіріп алады. Сөйтіп тәрбиешінің атынан онлайн түрде «МФОLending and Finance tehnologies» микро қаржы ұйымынан 70 000 теңге несие алып, қалтасына басады.

«Ұрлықтың құйрығы бір тұтам» дегендей, алаяқтың қылмыстық әрекеті көп ұзамай әшкереленді. Алдын ала тергеу амалдары арқылы барлық кінәсі анықталып, ісі сотқа жолданды. Сотта да айыпкер өзіне тағылған кінәні толықтай мойындап жауап берді және барлық келтірілген материалдық шығынның барлығы толықтай қайтарылғанын айтып, жәбірленушілерден кешірім сұрады. Оның қылмысы куәгерлер мен істің басқа да материалдарымен толық дәлелденді. Айыпкер келіншектің бағымында кәмелет жасына толмаған бірнеше балаларының бар екенін ескерген жәбірленушілер кешірім беретінін алға тартты.

Істің мұндай тұрғысында, сотталушының іс- әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-бабының 2-бөлігінің 4)-тармағымен, 190-бабының 3-бөлігінің 4)-тармағымен, 190-бабының 3-бөлігінің 4)-тармағымен дұрыс дәрежеленген деп тапты сот. Өйткені ол «Алаяқтық, яғни сенімді теріс пайдалану арқылы ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы жасалған алаяқтық және алаяқтық, яғни сенімді теріс пайдалану арқылы ақпараттық жүйені пайдаланушыны алдау немесе сенімін теріс пайдалану арқылы бірнеше рет жасалған алаяқтық түріндегі қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған».

Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстардың бiрнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №11 нормативтiк қаулысының 4-тармағына сәйкес: «Адам ҚК-нің бір бөлігімен қарастырылған жалғасқан қылмысты жасаған кезде, белгілері ҚК-нің жалғасқан қылмыс үшін жауаптылықты көздейтін бабының диспозициясымен қамтылмайтын басқа бөлігінде көзделген басқа қылмысты жасаған жағдайда, оның әрекеттері ҚК бабының неғұрлым қатаң жаза белгіленетін бөлігі бойынша саралауға жатады». Бұл ретте адамның жасаған барлық әрекеттерінің белгілері айыптауда және үкімде көрсетілуге тиіс. Сондықтан, айыпкердің бұл жердегі қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағымен толық қамтылады деп таныды сот. Яғни, сотталушының қылмыстық әрекеті ҚК-нің 190 бабының 3 бөлігінің 4) тармағымен саралануы дұрыс. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2015 жылғы 25 маусымдағы № 4 «Қылмыстық жаза тағайындаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 3-тармағына сай соттар сотталушының жеке басына қатысты мәлiметтердiң жазаның түрi мен мөлшерiн белгiлеу үшiн елеулi мәнi бар екенін назарға алып, жан-жақты, толық және объективтi түрде зерттеуге тиіс. Жаза түрін және мөлшерін анықтау кезінде сот Қылмыстық кодекстің 52-бабының негізінде, жасалған қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, сотталушының жеке басын, жауаптылық пен жазаны жеңілдететін және ауырлататын мән-жайларды, тағайындалған жазаның сотталушының түзелуіне, жаңа қылмыстың алдын алуға қажетті жазаны тағайындау туралы қағиданы басшылыққа алды. 53-бапқа сай, сот сотталушының жауаптылық пен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде өзінің кінәсін мойындағанын, қылмыспен келтірілген шығынның қайтарылғанын, асырауында жас балаларының бар екені белгілі болды. Бірақ қылмыстық жауаптылық пен жазасын ауырлататын мән-жай анықталмады. Жаза мөлшері мен түрін анықтау кезінде сот, сотталушының ауыр қылмыс жасағанымен, бұрын қылмыстық жауаптылыққа тартылмағанына, кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгеніне, жәбірленуші тараптың кешірім бергеніне, асырауында жас балаларының бар екеніне назар аударып, тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне ықпалын ескерді.

Осылайша алаяқ келіншек Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді. Бірақ Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөлігіне сәйкес, 2018, 2019, 2021 және 2022 жылы туған жас балалары бар болғандықтан жазасын орындауды бес жылға, яғни, баласы он төрт жасқа толғаннан аспайтын мерзімге кейінге қалдырылды.

Рақымшылық туралы заң да жазадан құтқара алмады

Мемлекет басшысының биылғы жылғы Ұлттық құрылтайда айтқан бас бостандығынан айырылған жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар келіншектердің жағдайына назар аудару туралы ұсынысы басшылыққа алынып, «Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына байланысты Рақымшылық жасау туралы» заң қабылданған еді. Бұл қателіктер жасаған, бірақ өкініп, өзінің мінез-құлқымен түзелу жолына түскенін дәлелдеген адамдарға қатысты біздің мемлекет тарапынан жасалған ізгілік актісінің кезекті көрінісі болды.

- Заңға сәйкес еліміздегі кейбір айыпкер азаматтар негізгі жазадан босатылды. Атап айтқанда, қылмыстық теріс қылық немесе жеңіл қылмыс жасаған, залал келтірмеген ауырлығы орташа қылмыстар жасаған не оның орнын толық өтеген не азаматтық талап қойылмаған азаматтар, залалдың немесе азаматтық талаптың болуына қарамастан ауырлығы орташа қылмыстар жасаған әлеуметтік осал адамдар. Ал әлеуметтік осал жандарға - ардагерлер және "Ардагерлер туралы" заңмен қамтылған басқа да тұлғалар, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған кезде 18 жасқа толмаған жасөспірімдер, осы заң қолданысқа енгізілген күні 50 жасқа толған және одан асқан әйелдер, 60 жасқа толған және одан асқан ер адамдар, жүкті әйелдер, ата-ана құқықтарынан айырылмаған және балалары, оның ішінде асырап алынған балалары, қорғаншылыққа немесе қамқоршылыққа алынған, заң күшіне енген күні 18 жасқа толмаған балалары бар немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасалған және сотталған кезде қамқорлығында мүгедек баласы (балалары) болған әйелдер, сондай-ақ олардың бала кезінен мүгедектігі бар адамдар, ата-ана құқығынан айырылмаған және осы заң күшіне енген күні кәмелетке толмаған балалардың, оның ішінде асырап алынған балалардың жалғыз ата-анасы болып табылатын немесе қылмыстық құқық бұзушылық жасаған және сотталған кезде асырауында мүгедек баласы (балалары) болған, сондай-ақ олардың жасына қарамастан бала кезінен мүгедектігі бар адамдар және мінез-құлқының теріс дәрежесі жоқ I немесе II топтағы мүгедектер, осы заң қолданысқа енгізілген күні жазасын өтеуге бір жылдан аспайтын мерзім қалған әйелдер жатады.

Сондай-ақ, бұл заңды құжатта жоғарыда көрсетілген қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша адамдарды қылмыстық жауаптылықтан босатумен аяқталмаған істерді тоқтату қарастырылған. Жасағаны үшін міндетті қосымша жаза көзделген қылмыстық құқық бұзушылықтар, онша ауыр емес немесе ауырлығы орташа қылмыстар бойынша соттардың қарауындағы істерге қатысты жоғарыда аталған адамдарды сот негізгі жазадан босатады. Бұл ретте көрсетілген санатқа жататын сотталғандар тек негізгі жазаны одан әрі өтеуден босатылуы тиіс. Заң жобасында ауырлығы орташа қылмыстар жасаған бірқатар тұлғалардың негізгі жазасының мерзімін немесе мөлшерін қысқарту қарастырылған.

Өкінішке қарай, бұл «Рақымшылық туралы» заңына ілікпейтін сотталушылар да бар. Олар: сыбайлас жемқорлық қылмыстарын жасағандар, террористік қылмысқа қатысы барлар, экстремистік қылмыстар немесе экстремизм белгілері бар қылмысқа жол бергендер, азаптауға қатысты қылмыстар, қайталап жасалған немесе қауіпті қайталанатын қылмысы үшін тағайындалған жазаға сотталғандар, өлім жазасы кешірім жасау тәртібімен бас бостандығынан айырумен ауыстырылған, сондай-ақ өмір бойына бас бостандығынан айыруға сотталғандарға және тағы да басқа ауыр қылмыс жасағандарға рақымшылық жасалмайды,-дейді аудандық соттың судьясы А.Төлебаева.

Ал жоғарыдағы кейіпкерімізге кәмелетке толмаған балаларының барлығы ескеріліп, Ата Заңымыздың 30 жылдығы құрметіне заңға сәйкес рақымшылық жасалды. Бірақ түпкілікті жазадан құтылып кеткен жоқ. Бұл жөнінде сотқа ұсынысты пробация қызметі берген еді.

Осыған байланысты жақында аудандық сотта облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аудандық пробация қызметінің сотталған Ж.Д-ға қатысты Жылыой аудандық сотының 2024 жылғы 26 маусымдағы үкімі бойынша «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» 2025 жылғы 23 маусымда қабылданған заңын қолдану туралы ұсынымын қарады. Бұл ретте пробация қызметі Рақымшылық заңының 3-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына сәйкес, сотталушының жазасының өтелмеген мерзімінің үштен бір бөлігін қысқартуды сұрады.

Сот аудандық пробация қызметінің өкілінің, сотталғанның өзіне қатысты Рақымшылық заңын қолдануға қарсы еместігі туралы түсінігін және қорғаушы мен прокурордың ұсынымды қанағаттандыру туралы пікірлерін тыңдап, тіркелген жеке іс құжаттарын зерттеп, оған баға беріп, қанағаттандырылуға жатады деген тұжырымға келді. Бұл ретте сот төмендегідей заңды негіздерге сүйенді.

Сотталушы әйелге қатысты сот үкімі 2024 жылдың 30 шілдесінде заңды күшіне енген. Ал Рақымшылық заңы биылғы жылдың 23 маусымында қабылданып, алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап, яғни 24 маусымда қолданысқа енгізілген.

Айыпкер алаяқтық ретінде ауыр санаттағы қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін заңды күшіне енген сот үкімімен сотталған. Ол 2024 жылғы 7 тамыздан бастап Қылмыстық кодекстің 74-бабында көрсетілген жазаны өтеуді кейінге қалдыру бөлігі бойынша аудандық пробация қызметі бөлімінің есебіне алынған. Пробация қызметінің ұсынған анықтамасына сәйкес, 2025 жылғы 24 маусымдағы Рақымшылық заңының қолданысқа енгізілген күнінің жағдайына қарай, сотталғанның кейінге қалдырылған бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзімі 3 жыл 6 айды құрайды. Бұл орайда сот үкімі бойынша залалды өтеуге жататын азаматтық талап қою арызы жоқ.

«Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» заңының 3-бабының 3-тармағының 1-тармақшасының күшінде, «Әлеуметтік жағынан осал адамдарды қоспағанда, жазасын өтеп жатқан немесе оны әлі орындамаған адамдарға негізгі жазасының өтелмеген немесе орындалмаған бөлігінің мерзімдері немесе мөлшерлері қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген залалды және өздеріне қойылған талап қою талаптарын толық өтеген жағдайда не олар болмаған кезде ауыр қылмыстар бойынша үштен бір бөлігіне қысқартылады» делінген. Олай болса, сотталушы келіншектің негізгі жазасының өтелмеген бөлігінің үштен бір бөлігі қысқартылуға жатады.

Аудандық соттың биылғы тамыз айындағы Қаулысымен облыстық қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аудандық пробация қызметінің ұсынымы қанағаттандырылды. Сотталушыға қатысты аудандық соттың 2024 жылғы 26 маусымдағы үкімімен Қылмыстық кодекстің К-нің 190-бабының 3-бөлігінің 4) тармағымен тағайындалған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі негізгі жазасының өтелмеген 1 жыл 2 ай мерзімі қысқартылды. Айыпкер келіншектің қалған өтелуі тиіс жазасының мерзімі 2 жыл 4 ай болып белгіленді. Осылайша алаяқтықпен әріптестерін алдап-арбап, жеңілдің астымен пайда табуды көздеген әйел ақыры қылмыстық әрекеті әшкереленіп, заң алдында сазайын алды. Рақымшылық туралы заң да алаяқты жазадан толық құтқара алмады.

Гүлзада Жанғазиева,

аудандық сот әкімшісінің аға сот приставы

Ербол Бисекенұлы,

өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT