Рөлдегі бозбала мас болып шықты

Қаңтар айының тас қараңғы түнгі мезгілі еді.

Сағат екі жарымнан аса бергенде көше қауіпсіздігін қадағалап жүрген жол тәртіп сақшылары Махамбет даңғылының бойымен жүйткіп бара жатқан «Лада» маркалы жеңіл көлігін байқап қалды. Рөлде отырған жап-жас жүргізушінің автокөлік айдасы бірден сезік туғызды.

Сол бойда тоқтатып, тексерген полиция қызметкерлері қателеспепті. Жас бозбаланың түрінен арақ ішіп алғанын бірден аңғарылды. Құжаттарын сұраған тәртіп сақшысына ол жүргізушілік куәлігін де көрсете алмады. Кейін белгілі болғанындай, оның «правосы» мүлдем болмай шықты. Жүргізушілік курс та оқымаған сабаз, ол аздай әлі кәмелет жасына да толмаған екен.

Соған қарамастан, темір тұлпарды тақымына қысып, онымен қоймай «ахаңнан» ауызданып алғанын қайтерсің?!

Бұл жерде, сөз жоқ, Жол қозғалысы ережесінің 2.4.2-тармағының тәртібі бұзылып отыр. Сондықтан полиция бөлімі жасөспірімнің мастығын куәландырудан өткізіп, ата-анасын шақыртып, үстінен жаңа заң талабы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, іс қозғады. Ол көп ұзамай толық дәлелдемесімен аудандық сотқа жолдады.

Сот отырысында ол құқық бұзушылық жасағандығын толығымен мойындады. Шынымен де жүргізуші куәлігін мүлдем алмаса да, алкогольдік ішімдік ішкен күйі көлік құралын басқарғанын айтып, жауап берді. Ал жасөспірімнің анасы баласының тәртібі, негізінен, жақсы екенін, бұрын әкімшілік құқық бұзушылық жасамағанын, алдағы уақытта қатаң қадағалап отыратынына сендіріп, кешірім сұрады.

Аудандық сот іс құжаттарын зерделей келіп, жасалған әкімшілік құқық бұзушылық әрекетті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 8-бөлігі бойынша дұрыс сараланған деп тапты. Сондықтан жасөспірімді осы баппен кінәлі деп таныды. Бірақ ӘҚБтК-нің 608-бабының 8-бөлігінде: « - осы баптың алтыншы және жетінші бөліктерінде көзделген, осы Кодекстің 50-бабының екінші бөлігіне сәйкес әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер үшін екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғатыны көрсетілген. Алайда, ӘҚБтК-нің 66-бабының 1-бөлігіне сәйкес: «Кәмелетке толмаған адамға салынатын әкiмшiлiк айыппұлдың мөлшерiн осы бөлімнің Ерекше бөлiгiнiң бабында көзделген айыппұл мөлшерiне қарамастан, он айлық есептiк көрсеткiштен асыруға болмайды» -делінген.

Сондықтан аудандық соттың қаулысымен мас күйінде көлік жүргізген жасөспірімді судья 608-баптың 8-бөлігімен кінәлі деп таныды.

Бірақ оған Әкімшілік кодекстің 66-бабының 1-бөлігі қолданылып, оған 26510 теңге мөлшерінде айыппұл салынды.

И. Оңайжанова, сот отырысының хатшысы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521