«Правосынан» өмір бойына айрылды

Нәтижесінде қырық бестің қырқасына жақындап қалған жігіттің орта дәрежелі алкогольдік ішімдік ішкені белгілі болды.

Өткен қыс мезгілінің қою қараңғылық түскен кешкі уақыты еді. Көше қозғалысының қауіпсіздігін қадағалап жүрген жол тәртіп сақшылары көпқабатты ықшамауданның біріндегі көше бойымен кетіп бара жатқан «Nissan Terrano» маркалы автокөлігін көрді. Сол сәтте темір тұлпарды тізгіндеген жүргізушінің жүрісі полиция қызметкерлерінің күдігін туғызды. Тоқтатып, құжаттарын талап еткенде рөлде отырған азаматтың аузынан арақ иісі мүңк ете түсті. Ол аздай, өзімен бірге жүргізушілік куәлігі де болмай шықты.

Амалсыз көліктен түсіріп алып, мастығын анықтау үшін медициналық куәландыру орнына алып барды. Нәтижесінде қырық бестің қырқасына жақындап қалған жігіттің орта дәрежелі алкогольдік ішімдік ішкені белгілі болды. Сол бойда хаттама толтырып, мән-жайды тексерген полиция инспекторы оның бұрын да осы тектес құқық бұзушылық жасап, көзге түскенін анықтады. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, ол 2019 жылдың қаңтарында да, яғни тура бір жыл бұрын арақ ішкен мас күйінде көлік айдап бара жатқан жерінен ұсталып, аудандық соттың қаулысымен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 608-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, үш жыл мерзімге жүргізушілік куәлігінен айрылған екен. Полиция қызметкері көз алдында масайрап отырған жігіт ағасы жасына жақындап қалған азаматтың бұрынғы құқық бұзушылықтан ешқандай қорытынды шығармағанын көріп, қынжылды. Мастықтың буына түссе, тақымы қышып, қайтадан темір тұлпардың тізгініне жармасатын сабаздың үстінен енді ол Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғады. Көп ұзатпай оны аудандық соттың қарауына жолдады.

Бұл жерде кінәлі азамат Жол жүрісі қағидаларын, көлік құралдарын пайдалануға рұқсат беру жөніндегі негізгі ережелерді, «Көлігі арнайы жарық және дыбыс сигналдарымен жабдықталуға және арнайы түсті-графикалық схемалар бойынша боялуға тиіс жедел және арнайы қызметтер тізбесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысының 2.4.2-тармағын бұзып, көлік құралдарын басқару құқығынан айрылған адам бола тұра мас күйінде көлік құралын басқарған. Сондықтан оның кінәсі сотқа жолданған барлық құжаттармен толық дәлелденіп, қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп танылды. Өйткені ол заң тілімен айтқанда «Көлік құралдарын басқару құқығынан айрылған және алкогольдік масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы болып табылатын қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған».

Аудандық соттың үкімімен ол 346-баптың 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айрылды. Сонымен бірге 400 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесілді.

Бұл «правосынан» айрылса да, ішіп алғанда көлік мінгісі келіп, көңіліне желік бітіп тұратын өзге жүргізуші азаматтарға ащы сабақ болса керек.

А.Оспанова,

аудандық соттың бас маманы,

Е.Бисекенұлы,

өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521