Партисипативтік рәсім

Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 277-бабының 6-тармағына сәйкес, талапкер мен жауапкердің заңды өкілдері дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасаса және оны сот бекітсе, онда іс жүргізу тоқтатылады.

Енді осы кодекстің 278-бабының 2-тармағымен іс тоқтатылғаннан кейін екі жақтың арасындағы даулы мәселе бойынша екінші рет сотқа жүгінуге жол берілмейді. Таяуда аудандық сотта қаралған іс – соның айғағы.

Онда екі жақтың заңды өкілдерінің қатысуымен жол-көлік оқиғасына байланысты материалдық залалды өндіру туралы азаматтық іс қаралған еді. Бірақ екі жақ сотқа дейін мәселені өзара бейбіт жолмен шешуге уағдаласты. Сот тараптардың дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін қабылдап, өтінішхатқа жалғанған құжаттарды зерделеп, іс жүргізу тоқтатылуға жатады деп санады.

Осылайша аудандық соттың судьясы А.Балмұханова тараптардың өтінішхатын қанағаттандыру туралы ұйғарым шығарды. Онда талап қоюшы егер жауапкер бір айдың ішінде жартысын толық төлей алса, онда жол-көлік оқиғасынан өзіне келтірілген залал – 4 млн. 673 мың теңгенің тек қана 2 млн. 336 мың теңгесін өтеп құтылуына келісімін берді. Жауапкер де талап қоюшыға келтірген материалдық шығынын толық өтеу және автокөлікті бағалауға жұмсалған 190 мың теңгені өндіру туралы талабын толық мойындап, бір ай мерзімде көлік иесінің «Kaspi bank»-тегі есеп-шотына тиесілі ақшаны төлеуге міндеттенді.

Дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімге қол қоюына байланысты талапкер материалдық шығын мен моральдық зиян өтемін өндіру туралы талап қою арызынан бас тартты. Сөйтіп азаматтық іс жүргізу тоқтатылды.

Айнұр Жекеева,

аудандық соттың жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT