Орталықта – айнадай жол

ТАЯУДА ҚҰЛСАРЫ ҚАЛАСЫНЫҢ МАХАМБЕТ ДАҢҒЫЛЫ БОЙЫНДАҒЫ ОРТАЛЫҚ КӨШЕ ЖОЛЫНЫҢ ҚҰРЫЛЫСЫ ҚАЙТА БАСТАЛДЫ. БҰДАН БІРНЕШЕ ЖЫЛ БҰРЫН ДАҢҒЫЛ БОЙЫНДАҒЫ ҰЗЫН ЖОЛДЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛЫП, ТЕНДЕРДІ ЖЕҢІП АЛҒАН МЕРДІГЕР МЕКЕМЕНІҢ ЖҰМЫСЫ САПАСЫЗ БОЛЫП, КӨП ҰЗАМАЙ ТОҚТАТЫЛҒАН ЕДІ. АРТЫНША ӘЛЕМДІК ПАНДЕМИЯ БАСТАЛЫП, БАСҚА ДА СЕБЕПТЕРМЕН ЖОЛ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ БҮГІНГЕ ДЕЙІН ІСКЕ АСПАЙ ҚОЙДЫ. АЯҚСЫЗ ҚАЛҒАН ЖОЛ ҚҰРЫЛЫСЫ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІЛЕРІ МЕН АУДАН ТҰРҒЫНДАРЫНЫҢ РЕНІШІН ТУДЫРҒАН ЕДІ. ҚАЗІР МАХАМБЕТ ДАҢҒЫЛЫ БОЙЫНДАҒЫ 1 ЖӘНЕ 3-ЫҚШАМАУДАНДАРДЫ КЕСІП ӨТЕТІН ЖОЛ ЖӨНДЕЛДІ.


- Жалпы ұзындығы 2 км-ден асатын асфальт жол құрылысы жүргізілмек. Құрылыс жұмыстары толықтай келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Жол жөндеу жұмыстарын жергілікті «Казкомсервис» ЖШС атқарып жатыр. Мекеме ең алғаш жол жұмысын 3-ықшамаудандағы «Лидер»(Технодом) сауда үйінің алдынан бастап, 1-ықшамаудандағы «Western» медициналық клиникасы ғимаратының тұсынан аяқтады. Көздеген жердегі жұмыстар өз мәресіне жеткен соң, орталықтағы «Қазпошта» мекемесінен аудандық әкімдік алдындағы жолға көшті. Осыған байланысты, қоғамдық көліктер мен жеке автокөліктердің бағыты өзгеріп, арнайы маршрут сызбалары желілерге жарияланды. Енді, 15-күнге жуық уақыттан соң тиісті жұмыстар аяқталып, жол қайта ашылатын болады. Сонымен, биылғы жылға қойылған жоспар да орындалып, қалған жұмыстар келесі жылға қалдырылады,-дейді «Казкомсервис» мекемесі бас директорының орынбасары Асқар Жанғазиев. Мекеме тек асфальт жолды жаңартып қана қоймай, жол жиектерін (бордюр), жаяу жүргіншілер мен су ағарларды да қайта жасайтын болады.
Айта кетейік, аталған мекеме тек Құлсары қаласының ғана емес, ауданға қарасты Қаратон кенті көшелеріне жол салуда. Қазіргі таңда мекемеде жол салу және жөндеу жұмыстарымен айналысып жатқан 150-ге жуық жұмысшы бар.
Ш.ХАМИТОВА

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521