Өзге емес. зге өңірде тұратын бір танысым бар. Кезінде аудандағы белді кәсіпкердің бірі болатынды. Республикалық деңгейдегі трассаның бойында үлкен асханасы, одан бөлек бірнеше автокөлігі, басқа да мал-мүлкі болды. Мақтаулы азаматтың азғана жылдың ішінде бизнесінен береке кете бастады. Ақыры ішімдікке салынды. Арақ ішкен соң әйелінен ажырасып, отбасынан айрылды. Амалсыздан жаңадан салып жатқан пәтерін, кейін астындағы автокөліктерін сатып, ажырасқан келіншегі мен балаларына қаладан үй алып беруге мәжбүр болды. Өзі ескі үйінде қалып, жалғыздықтың қамытын киді. Сөйтсем, атпалдай азамат құмар ойынның құрбаны болған екен. Телефон арқылы күн сайын футболға бәс тігіп, бар тапқан-таянғанын «OlimpBet» бағдарламасындағы есеп-шотқа салып отырыпты...
ЖАНЫНДАҒЫ ЖОЛДАСЫН ТОНАДЫ
Иә, қазіргі қазақ қоғамын іштен ірітіп жатқан тағы бір кеселдің бірі – талай азаматты опық жегізген ойынқұмарлық. Мұндай ойын-сауық орындары еліміздің түкпір-түкпірін жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай жаулап алған. Соның салдарынан қаншама азамат отбасын ойрандап, өзінің де, бүлдіршіндерінің де өмірін тағдырдың тәлкегіне тастады. Статистикалық мәліметке жүгінсек, жылма-жыл 350 мыңнан астам адам осы құмар ойынның құрбанына айналады екен. Тіпті арасында осы ойынның кесірінен опық жеп, басы дауға қалып, істі болып жатқандары да бар. Жақында аудандық соттың өндірісінде қаралған қылмыстық іс – дәл соның айғағы.
Кейіпкеріміз – 25 жастағы жалындап тұрған жас жігіт. Сонау Қызылорда облысынан келіп, Теңіз кенішіндегі іргелі мекемеде еңбек етіп жүр еді. Жоғарыдағы танысым секілді ол да телефонына «OlimpBet» бағдарламасын жүктеп алып, әлемдік футболдан өтіп жататын доп додаларына бәс тігіп жүрді. Бірде ұтып, көбіне ұтылып қалып жүрген сабаздың ақыры ақшасы да таусылады. Ал, алда үлкен чемпионат келе жатыр. Одан қалып қоюға ойынқұмар жігіттің шыдамы жетпеді. Амалсыздан ұрлық жасауға көшеді. Арам ойын қалайда іске асыруды көздеген ол енді қасындағы жұмыстас жігіттердің телефонын аңди бастайды. Кешкісін жатақханаға демалуға келген ойынқұмардың көктен іздегені жерден табыла кетеді. Өзімен бір бөлмеде жатқан көршісінің жуынуға кеткенін көрген ол көп ойланып жатпады. Дереу электр қуатына тығулы тұрған ұялы телефонын алып, ішіндегі ««Kaspi Gold» қосымшасында тұрған 7700 теңге ақшасын «OlimpBet» бағдарламасына аударып алып, дым білмегендей жата кетеді.
Бірақ, аз ғана ақша ойынқұмардың жұлынына жұқ болмады. Ол енді қызмет орны мен жатақханада бірге жатқан көрші бөлмелердегі өзге де жігіттерді аңдуға көшеді. Онда да қаржысы қомақты-ау деген қалталыларды аңди бастайды. Келесі күні түс әлетінде асханада кездескен танысының телефонын әлдекімге қоңырау шалу үшін деп сұрап алады да, «Kaspibank» мобильдік қосымшасынан 239 000 теңгесін және «Халық Банк» шотындағы 204 000 теңгесін түсіріп алып, барлығы 443 мың теңге ақшаны да «OlimpBet»-ке зытырады.
«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» деген рас екен. Ойынқұмар жігіт жалғыз мұнымен шектелмеді. Кешкісін жатақханаға демалуға келген оны футбол ойыны жатқызбады. Түнгі сағат 12 жарымдар шамасында жұмыстасының бөлмесінің есігін қағып, одан «танысыма телефон шалуым керек еді» деп ұялы байланыс қондырғысын сұрап алады. Шын мәнінде оның шұғыл шаруасы ақша ұрлау еді. Сөйтіп, қолына телефон тұтқасы тиген сабаз оның көзін ала бере ішін ақтарып, көз ілеспес шапшаңдықпен банк қосымшасындағы 424 000 теңге ақшасын «OlimpBet»-тегі есеп-шотына аударып үлгереді.
Бір қызығы, мобильдік қосымшадан қаржысы ұрланған жігіттердің барлығы ойынқұмардың қасында тонның ішкі бауындай араласып жүрген жұмыстастары еді. Сондықтан да арам ойын іске асыруды көздеген күдікті олардың әрбір ақша аударымдарын аңдып, әрқайсысының құпия сөздерін жаттап алады. Сөйтіп, қолына телефоны түскенде еш қиналмастан ішін ақтарып, мақсатын жүзеге асырған.
ҰРЫ, ӘРІ АЛАЯҚ АТАНДЫ
Айдың-күннің аманында аяқ астынан ақшасынан айрылған азаматтар амалсыздан полиция бөлімшесіне хабар береді. Міне, сол сәтте барлық былықтың беті ашылады. Құқық қорғау органдары тексергенде, ойынқұмар жігіттің өз жолдастарынан барлығы 874 000 теңгені жымқырғаны белгілі болды. Күдікті сол бойда құрықталып, ұрлық жасап, бөтеннің мүлкін жасырын түрде жымқырғаны үшін Қылмыстық кодекстің 188-бабының 1-бөлігімен және алаяқтық жасап, «бөтеннің мүлкін алдап, сеніміне кіріп, теріс пайдалану жолымен құқықты иемденгені үшін 190-бабының 1-бөлігімен, сондай-ақ алаяқтық әрекетті бірнеше рет жасағаны үшін Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен де үстінен қылмыстық іс қозғалды. Алдын ала тергеу амалдары кезінде күдіктінің барлық қылмыстық әрекеттері толықтай дәлелденіп, ісі сотқа жолданды.
Әрекеті әбден әшкере болған айыпкер сотқа дейін жәбірленушілермен ымыраға келіп үлгерді. Ол үшін, әрине, «OlimpBet» үшін ұрлаған ақшасының барлығын кері қайтарып беруіне тура келді. Сол себепті де сот процесі кезінде олар кешірім беріп, талап арыз жазудан бас тартатынын мәлім етті. Бірақ, солай екен деп, заң ойынқұмар жігіттің маңдайынан сипай қоймады. Қылмыстық ісі бәрібір аудандық соттың қарауына жолданып, өткен жазда аудандық соттың төрағасы Мұратқали Ысқақовтың төрағалық етуімен сот процесі өтті.
Сот үкім шығарар алдында Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының «Қылмыстардың бiрнеше рет жасалуын және жиынтығын саралау туралы» 2006 жылғы 25 желтоқсандағы №11 нормативтiк қаулысының 4-тармағын басшылыққа алды. Онда Қылмыстық кодекстің бір бөлігінде көзделген қылмысты жасаған адамның әрекеттері осы кодекс бабының неғұрлым қатаң жаза белгіленетін бөлігі бойынша саралауға жататыны көрсетілген. Сондықтан, сотталушының 190-бабының 1-бөлігінде және 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері Қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен толық қамтылады деп тапты.
Мұндай жағдайда айыпкердің қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті ҚК-нің 188-бабының 1-бөлігімен және ҚК-нің 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағымен дұрыс сараланған деп есептеді. Өйткені, ол ұрлық, яғни «бөтеннің мүлкін жасырын түрде жымқыру» және алаяқтық жасап, «бірнеше рет бөтеннің мүлкін алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену» деп аталатын қылмыстық құқық бұзушылық әрекетті жасаған. Сотталушыға жаза тағайындағанда сот Қылмыстық кодекстің 53-бабына сәйкес, о н ы ң ж а з а с ы мен жауаптылығын жеңілдететін мән-жайлар ретінде бұрын сотталмағанын, қылмыстық әрекетін толық мойындауын, жәбірленушілердің кешірім беріп отырғанын ескерді. Қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ. Жаза мөлшерін анықтау кезінде сотталушының ауыр қылмыс жасағанымен, бұрын сотталмағанын, кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгеніне, жәбірленуші жақтың кешірім бергеніне, қылмыспен келтірілген залалдың толықтай қайтарылғанына назар аударды.
Осылайша оны жоғарыда көрсетілген 188-бабының 1-бөлігінде, 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Сөйтіп, аудандық соттың үкімімен түпкілікті жаза ретінде 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бірақ Қылмыстық кодекстің 63-бабына сай тағайындалған жазаны шартты деп есептеп, пробациялық бақылау белгіленді.
Ербол БИСЕКЕНҰЛЫ, өз тілшіміз