Он тонналық қазан ұрлап опық жеді

Ауласына әкеліп әлгі салмақты темір қазанды кесіп, бұтарлауға көшті.

Орда бұзар отыздан әлдеқашан асып кеткен бір азамат біраз уақыттан бері жұмыссыз жүр еді. Қос қолға бір кәсіп көзін таба алмаған жан көлденең кездескен нәрсені ұқсатып, пайда көретіні анық. Өз ауылының ішінде көптен құрылысы аяқталмаған үй бар болатын. Соның алдында тұрған 10 тонналық қазанға іштей «қызығып» жүрген-ді. Бір күні тапа тал түсте тиеп кетті. Ауласына әкеліп әлгі салмақты темір қазанды кесіп, бұтарлауға көшті. Оны қара металл қабылдайтын орынға тапсырса, орасан ақшаның астында қалары сөзсіз. Бірақ ұрлықпен келген қазан ақ адал нәсіп бола алмады. Көп ұзамай қазанын жоқтаған иесі артынан «қуғыншы» болып жетіп келді. Бөлшек-бөлшекке бөлініп, шашылып жатқан дүниясын көріп, қатты ашынды. 100 мың теңге материалдық залал келтірген жігіттің үстінен, шыдай алмай аудандық полиция бөліміне шағымданды. Қылмыстық іс көтертті.

Қарап жүрмей, қазан ұрлаған жігіт осылайша істі болып, оған Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» деп аталатын 188-бабының 1-бөлігі бойынша айып тағылды. Яғни заң тілімен айтқанда, «бөтеннің мүлкін жасырын жымқырғаны» үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алдын ала тергеу амалдары арқылы қылмысы толық дәлелденіп, аудандық сот қарауына жолданды.

Міне, осы арада айыпкер мен оның қорғаушысы медиатордың көмегіне жүгінді. Өркениетке тән заңы бар зайырлы мемлекетте тұрып, бір қазан үшін қылмыскер атанып, темір торға тоғытылғанның несі жақсы. Сондықтан жәбірленушімен татуласып, өзара мәмілеге келуге тырысып бақты. Ақыры ол үміті алдамай, екі жақ сотқа дейін ымыраға келіп үлгерді.

Басты сот талқылауында сотталушының қорғаушысы айыпкер мен жәбірленушінің медиация тәртібмен келісімге келгенін хабарлап, істі тоқтатуды сұрап, сотқа медиациялық келісім ұсынды. Тағылған айыпты толық мойындаған азамат та өз ісіне қатты өкініп, жәбірленушінің материалдық зиянының орнын толтырғанын айтып, қылмыстық жауаптан босатуды өтінді. Бұл жауапты жәбірленуші де қуаттап, айыпкерге кешірім бергенін жеткізіп, істі тоқтатуға қарсы еместігін білдірді.

Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» заңының 26-бабының 1-бөлігіне сәйкес, екі жақ дауды медиациялық тәртіппен реттеу туралы келісімге қол қойған жағдайда мұндай даулар сол сәттен бастап тоқтатылады. Кәсіпқой медиатор У.Калашеваның араласуымен бекітілген медиациялық келісімге қарағанда, сотта жәбірленушінің сотталушыға қоятын талабының жоқтығы, медиация арқылы татуласқаны, келтірілген зиянның орны толтырылғаны анық көрінді.

Сондықтан істі қараған аудандық соттың судьясы М.Ысқақов орташа ауырлықтағы қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған азаматтың ісін екі жақтың медиация тәртібімен татуласуына байланысты Қылмыстық кодекстің 68-бабының 1-бөлігі бойынша қысқартып, жаупкершіліктен босатып, істі тоқтатуға қаулы етті.

Біреудің он тонналық қазанын аламын деп опық жеген жігіттің бұл әрекеті өзге жұмыссыз жандарға ащы сабақ болса керек.

А.Жұбатырова,

аудандық соттың жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521