Нашақор жүргізуші

дтп

Оқиға өткен айдың ішінде орын алған еді.

«Жол жүрісі қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 13 қарашадағы №1196 қаулысының 2.4.2 тармағына сәйкес: «Масаң күйде (алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық) реакциясын және назар аударуын нашарлататын дәрілік препараттардың әсерімен; жол жүрісі қауіпсіздігіне қатер төндіретін сырқат немесе шаршаулы күйде көлік құралын басқаруға жүргізушіге тыйым салынған».

Бірақ соған қарамастан, көлік нөпірі көп қала көшелерінде кейбір жүргізушілер арақ ішкені аздай, одан да қауіпті зат есірткіге есіріп алып, көлік айдайтынын қайтерсің. Ал оның арты қандай қатерлі жағдайға душар ететіні ешкімнің қаперіне кіріп шықпайды. Таяуда аудандық сотта қаралған әкімшілік іс – соның айғағы.

Оқиға өткен айдың ішінде орын алған еді. Сол күні кешкісін аудандық полиция бөлімінің жол-патрульдік полиция ротасының инспекторлары қаланың басты көшелерінің бірінде жол қауіпсіздігін қадағалап жүріп, асфальт үстінде жүйткіп бара жатқан шетелдік маркалы бір автокөлікті байқап қалады. Жылдамдығын арттырғаны аздай, тыйым салған жол белгісінің тұрғанына қарамастан алдындағы темір тұлпарды өкшелеп келіп, басып озады да, жол ережесін өрескел бұзады. Мұндай құқық бұзушылықты қалт жібермейтін жол тәртіп сақшылары дереу оны тоқтатып, тексергенде рөлде отырған жүргізушінің кейпі бірден күдік туғызады. Амалсыздан психикалық белсенді затты пайдалану және мастық күй фактісін белгілеу үшін медициналық куәландыру орнына алып барып, тексеруден өткізгенде оның каннабиноидтар тұтынудың әсерінен есірткілік масаң күйінде тұрғанын анықтады. Сол жерде хаттама толтырылып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен үстінен әкімшілік іс қозғалды.

Кейін сотқа әбден сауығып келген ол өз кінәсін ішінара ғана мойындады. Каннабиноидты жол тәртіп сақшысына ұсталған күні емес, керісінше өткен айда тұтынғанын, соның әсері әлі жойылмағандығын айтып, ақталып бақты. Бірақ бұл көрсетуін сот еш негізсіз деп тапты. Өйткені медициналық куәландыру мен басқа да іс құжаттарымен, кейін жасақталған хаттама мен өзінің берген түсініктемесінде де оның есірткі қолданғаны толық дәлелін тауып тұрған еді.

Сондықтан сот есірткіқұмар жас жігітті ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігінде көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Оған әкімшілік жаза ретінде 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырды. Және сонымен бірге 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындады.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521