banner_damu

Наркокурьер құрықталды

Еліміздің оңтүстік өңірінде туып-өсіп, осыған дейін екі рет ауыр қылмыс жасап, соңғы рет Сарыағаш аудандық сотының үкімімен сотталған орда бұзар отыздан асқан азамат бостандыққа шыққан соң да ескі әдетін тастай алмады.

«Теңіз астанасы» атанған Құлсары қаласына келіп тұрақтаған ол мұнайлы өңірдің өзге жердей емес қаржының көзі екенін жақсы білді. Сөйтіп, қылмыстық жолмен қалтасын қампайтуды көздеді. Өткен жылдың жаз мезгілінде бір жігітке дәптер қағазына мұқият оралған марихуана сатып, оны 6000 теңгеге өткізіп жіберді. Бірақ қылмыстық жолмен табылған арам ақша опа бермеді. Оның бұл әрекеті облыстық Полиция департаментінің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлеріне мәлім болды.

Сол кездегі жүргізілген сот-химиялық сараптаманың қорытындысымен әлгі жігітке сатылған есірткі затының 9,79 грамм салмақты құрайтын кептірілген марихуана екендігі анықталды. Көп ұзамай қылмыскер құрықталды. Полиция қызметкерлері оны бұлтартпас айғақтармен ұстады. Алдын ала тергеу амалдары кезінде барлық кінәсі дәлелденді. Қоғам үшін, әсіресе жастарға қауіпті екенін біле тұра, есірткі сатып байығысы келген қылмыскер сот алдында жауапқа тартылды.

Сот оның қылмыстық әрекетін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп тапты. Өйткені ол, заң тілімен айтқанда, «есірткі затын өткізу мақсатында заңсыз сақтап, қылмыстық құқық бұзушылық жасаған». Әрине, сотталушы сотта өз кінәсін толық мойындап, өз әрекетіне қатты өкінетінін айтты. Отбасының жалғыз асыраушысы ретінде жеңіл жаза тағайындауды сұрады. Бірақ сот айыпкердің бұған дейін де осыған ұқсас ауыр қылмыс жасап, жазасын толық өтеп үлгерместен бұрынғы «әніне» қайта басқанын ескеріп, маңдайынан сипай қоймады.

Аудандық соттың үкімімен наркокурьер Қылмыстық кодекстің жоғарыдағы 297-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. ҚК-нің 60-бабының 1,4-бөліктерінің негізінде осы үкіммен тағайындалған жазаға Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш аудандық сотының 2016 жылғы 29 ақпандағы үкімімен өтелмеген жазаның 6 айын ішінара қосып, түпкілікті үкімдер жиынтығы бойынша 5 жыл алты ай мерзімге бас бостандығынан айырды. Қылмыстық кодекстің 14-бабы 2-бөлігінің 1-тармағына сай, қылмыстардың қауіпті қайталануы танылды.

Сонымен қатар мемлекет пайдасына жұмсалған 30895 теңге процестік шығындар мен «Жәбірленушілердің өтемақы қорына» 50500 теңге өтемақы өндірілді. Осылайша марихуана сатып, отбасын қылмыстық жолмен «асырағысы» келген сабаз темір торға тоғытылып, заң алдында тиісті жазасын алды.

Е.Бисекенұлы

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

Сұрақ Жауап

Ауданда covid-19 жұқтырғандардың көбею себебі неде деп ойлайсыз?

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика