Кейінгі кезде өңірде көлік пен мопедтердің соқтығысуы мен мопед көлік құралын тізгіндеген жасөспірімдердің адам қағу деректері жиілеп кетті. Соған сәйкес ауданымызда мопед пен мотоцикл қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында кешенді профилактикалық жұмыстар жүргізілуде. Және аудандық полиция бөлімі ата-аналармен бірлесе отырып, жас жүргізушілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған шараларды қолға алды.
Жақында осындай игі істің біріне жергілікті тұрғын Медет Ерғалиев үлес қосты. Мопед жүргізетін жасөспірім ұлы бар ол полиция қызметкерлерінің түсіндіру жұмыстарынан кейін өз еркімен көлікті жарамсыз күйге келтіріп, аудандық полиция бөліміне тапсырды. Және бұл эстафетаны барша аудан тұрғындарының жалғастыруын сұрап, балалардың болашағына бейжай қарамау керектігін жеткізді.
- Бала – біздің баға жетпес байлығымыз, көз қуанышымыз, артымыздағы ізбасарымыз. Шыны керек, бұл мопедті кезінде баламның қалауын орындап, қуанту үшін алып берген едім. Ол кезде «мопед жай ғана ойыншықтай нәрсе» деп ойладық. Алайда, уақыт өте келе оның жолдағы қауіпсіздікке қаншалықты қатер төндіретінін түсіндім. Оның үстіне, өзім де көлік жүргізушісі болғандықтан, орталық көшедегі мопед тізгіндейтін жасөспірімдерді жиі кездестіріп жатамыз. Бірі заңға бағынса, бірі тәртіптен аттап өтеді. Әлеуметтік желіден де мопедшілердің жаяу жүргіншілерге арналған жолмен жүріп, ойына келгенін жасап, зымыранша жүргізетінін көреміз. Және әртүрлі өңірлердегі жасөспірімдердің қатысуымен болған бірнеше жол апатын естіп, жүрегім шайлығып қалды. Олардың орнында менің де балам болуы мүмкін ғой деген күдікке ілініп, тіпті қорқа бастадым. Я өзіне, я өзгеге кесірі тимей тұрғанда осындай шешім қабылдап, жуырда ғана үйіміздегі мопед құралын ауданымыздағы тәртіп сақшыларына тапсыруға бекіндім. Және бұл шешімді дұрыс санаймын. Балам да ренжіген жоқ, керісінше түсіністікпен қарады. Полиция қызметкерлері мопедті сол жерде-ақ бөлшектеп, қайта құрастырылмайтындай етіп жарамсыз етті. Қайтадан жөнделіп, қолына тимес үшін осылай жасадық. Бастысы – баламның амандығы. Қазір бар арманым – оның оқуы мен болашағы. Жол үстіндегі қауіпсіздік бәрінен маңызды,-дейді бұл жөнінде Медет Ерғалиев.
Ал аудандық полиция капитаны Әлиғазым Тыныштықовтың сөзінше, бұл бастама – көптеген ата-анаға ой саларлық үлгі. Және мұндай жағдайдың ауданымызда азаюы үшін жасалған ең дұрыс шешім.
- Соңғы жылдары мопед, скутер және мотоцикл тізгіндеген жасөспірімдер арасында жол ережесін елемеу, жылдамдықты асыру, қауіпсіздік құралдарын қолданбау деректері жиілеп кетті. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары орын алуда. Біз тұрғындарға үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеміз. Ата-аналар да бұл іске белсенді араласса, жағдайды едәуір жақсартуға болады. Медет мырзаның шешімі – нағыз саналы ата-ананың қадамы. Бұл әрекет тек өз баласының ғана емес, өзгелердің де қауіпсіздігіне үлес қосады,-дейді ол заманауи эстефетаның еліміздің әр өңіріне қажет екендігін жеткізіп.
Иә, бүгінде облыста жас жүргізушілердің тәртіп бұзу оқиғалары жиілеп кетті. Соған сәйкес тәртіп сақшылары қатаң тексеріс жүргізіп, жастардың құжатсыз көлік басқарып, мопед мінуін жіті бақылауда. Бұл ретте өңірдегі ата-аналардың бастамасымен жүзеге асып жатқан челлендж жалғасын табары анық.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ