Дүйсенбі күні кешкі сағат 19:00 шамасында аудан орталығында жол-көлік оқиғасы орын алып, соның салдарынан 13 жастағы жасөспірім қаза тапты. Полиция қызметкерлерінің сөзінше, қайғылы жағдай Құлсары қаласындағы «Достық» ықшамауданында болған. Қос көшенің қиылысында «Паз Вектор Некст» маркалы автокөлігі мен мопед соқтығысып қалған.
Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары кәмелет жасқа толмаған балалардың техникаға деген қызығушылығы мен мопед, скутер, электронды самокат, мотоцикл сынды көлік құралдарын басқаруға деген сұранысы күрт артып отыр. Соның салдарынан, қаланың көше-көшелерінде қос аяқты техниканы тізгіндеген жасөспірімдер жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Осыдан бірнеше айлар бұрын облыс орталығы мен өзге өңірлерде осы мопед жүргізушілерінің жүгенсіздігі салдарынан орын алғане оқыс оқиғалар көбейген сәтте полиция бөлімі жаппай рейдтік іс-шаралар ұйымдастырған еді. Себебі, жас мопедшілердің жол қозғалыс ережелерін толық білмеуінің соңы Атырау қаласында осындай қайғылы оқиғалармен аяқталып жүрді. Енді, міне, сондай өкінішті оқиға біздің Құлсарыда орын алды.
Иә, апта басындағы ауыр жайт жылыойлықтар үшін оңайға соқпады. Жасөспірімді дереу аудандық ауруханаға жеткізгенмен оның өмірін аман алып қалу мүмкін болмады. Бұл жөнінде облыстық Полиция департаментінің Ақпараттық саясат бөлімінің аға инспекторы Дина Мақсотова:
- Құлсары қаласында қоғамдық автокөлік пен мопед көлік құралы соқтығысқан. Соның салдарынан мопед көлік құралын басқарған 2012 жылы туған жасөспірім ауруханаға жеткізіліп, алған дене жарақаты салдарынан қаза тапты. Қазіргі таңда қылмыстық іс тіркеліп, кешенді тергеу амалдары жүргізілуде. Өзге ақпарат тергеу мүддесіне сәйкес, жариялануға жатпайды,-деді өз сөзінде.
Бұл ретте аудандық полиция капитаны Әлиғазым Тыныштықов әлеуметтік желі арқылы кәмелетке толмағандар арасында қозғалыс құралдарын басқару кезінде қауіпсіздік талаптарын сақтау қажеттігін тағы бір мәрте еске салды. Ол бейне үндеуінде:
- Ата-аналар тарапынан бақылау мен жауапкершілік – осындай қайғылы жағдайдың алдын алудың маңызды кепілі. Сондықтан жергілікті тұрғындарды аса сақ болуға шақырамыз. Балалардың қауіпсіздігі ең әуелі ата-ананың жауапкершілігінде екенін ұмытпаған жөн. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, мопедтер мен электр самокаттар көлік құралдары санатына жатқызылады. Осыған байланысты, оларды басқару кезінде де көлік жүргізушілеріне қойылатын нақты талаптар бар. Мысалы, жасөспірімнің көлік құралын жүргізуіне рұқсат беру ата-ананың салғырттығы ретінде қаралады. Және құжатсыз, арнайы қорғаныс құралдарынсыз көлік жүргізу заң бұзушылық болып саналады. Осыған сәйкес, көлік құралын басқарған жасөспірім ғана емес, оны заңсыз иелікке берген ата-ана немесе заңды өкіл де жауапқа тартылатынын қатаң ескертеміз. Бұл Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің бірқатар баптарына сәйкес жүзеге асады,-дейді жылыойлықтарды тәртіпке шақырып.
Әрине, мопед пен өздігінен жүретін өзге де көлік құралын басқаратын жасөспірім мен олардың ата-аналарына бұған дейін де шаралар қолданылып келген. Айталық, аудандық полиция бөлімінің мәліметіне сәйкес, жыл басынан бері ауданда 68 мопед, электронды самокат және мотоцикл арнайы тұраққа қойылып, иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал облыс аумағында мопедтердің қатысуымен 19 жол-көлік оқиғасы тіркелген.
Бірақ соған қарамастан, біз өткеннен ащы сабақ алуды ұмытып кетіп жатамыз. Мұның арты осындай орны толмас қайғылы жағдайға душар етуде. Жоғарыдағы деректер жасөспірімдердің мопед мінуге деген қызығушылығы жоғары, ал жол қауіпсіздігіне деген жауапкершіліктің төмендігін көрсетеді.
Бүгінде кәмелет жасқа толмағандар үшін көлік құралын басқару заң бойынша шектелгенімен, көп жағдайда ата-аналар тарапынан бақылаудың әлсіздігі мен ересектер қадағалауының жеткіліксіздігі қайғылы оқиғаларға әкеп соқтыруда. Сондықтан, аудан тұрғындарын, әсіресе ұл-қыз тәрбиелеп отырған ата-аналар бала тәрбиесіне көңіл бөліп, олардың қауіпсіз өмірі, ең әуелі, өз жауапкершілігінде екендігін ешқашан естен шығармағаны жөн. Бұл ретте балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларын азайтуға бағытталған кешенді шаралардың жиі өткізілгені тұрғындар үшін артық болмасы анық.
Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ