Жылыой аудандық орталық кітапханада азаматтарға құқықтық көмек көрсету мақсатында аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ашық есік күні» өтті. Оған аудан прокуроры, адвокат, полиция қызметкерлері, мемлекеттік қызметтер көрсету бөлімі мамандары және «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры қатысты. Акцияға 9 тұрғын келіп, мамандардан кеңес алды.
Алғашқы болып көмек сұраған жанның бірі Теңіз кенішіндегі бір мекемеде жұмыс жасайтын қызметкердің жұбайы еді. Ол «Мемлекеттік Туды қоқыс жәшігіне салды» деп айыпталған күйеуінің мәселесі бойынша аудан прокуратурасының прокуроры Берік-Әлі Еңсеппен сөйлесті. Әйел адам жолдасының ондай өрескел қылық жасауы мүмкін емес екенін және отбасында табыс тауып отырған жалғыз адам екенін айтып, мәселенің ақ-қарасын айырып беруді өтінді. Сол сәтте прокурор Берік-Әлі Еңсептің сөзінен белгілі болғанындай, осы оқиғаға шынымен де шағымданушы әйел айтқандай, оның жолдасының ешқандай да қатысы жоқ екені анықталған. Сондықтан көмек сұраған жанға уайымдауға еш негіздің жоқтығы түсіндірілді.
Акция кезінде жұмыссыздық мәселесі бойынша да сұрақ қойған жандар болды. Сондай-ақ, қызмет еткен мекемесінен жалақысын ала алмай әуре-сарсаңғы түсіп жүрген азаматтар да заңдылық тұрғыдан кеңес алды.
П.ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ