Мемлекет кепілдік берген заң көмегі қандай?

Әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтарға көмек көрсету - бүгінгі күні Президент ұстанған басты саясаттың негізгі бағыттарының бірі. Өйткені қазақ халқы ізгіліктің іргетасын - әділдік, ал биліктегі әділдіктің басты өлшемін адам құқықтарының теңдігі деп біледі. Міне, осы нақыл сөздің айғағы - берік қағидалы Ата Заңымызда. Конституциямызда әр азаматтың білікті заң көмегін алуға құқығы бар деп баса айтылған. Ал Қазақстан Республикасының «Адвокаттық қызмет және заң көмегі туралы» заңының 21-бабының 2-тармағына сәйкес, заң көмегін көрсету саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын Қазақстан Республикасының Президенті айқындайды. Осы заңның 15-бабының талабына сүйенсек, жалпы заң көмегінің түрлері көп.

Олар: құқықтық ақпарат алу, құқықтық консультация беру, жеке және заңды тұлғалардың мүдделерін соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда қорғау және білдіру. Қолданыстағы немесе ықтимал құқықтық қатынастардың қатысушылары саналатын кез келген тұлғамен өзара іс-қимыл жасауда клиенттің заңды мүдделерін қорғау үшін өзге құқықтық әрекеттер жасау түрінде көрсетіледі. Құқықтық ақпарат беру, құқықтық консультация беру, адвокаттардың жеке тұлғалардың мүдделерін қорғауы және білдіруі - "Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекет кепілдік берген заң көмегін көрсету саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттар.

Жалпы айта кету қажет, мемлекет кепілдік берген заң көмегін құқықтық ақпарат беру түрінде тегін алуға барлық жеке және заңды тұлғалардың құқығы бар. Мемлекет кепілдік берген заң көмегін өз құзыретінде нормативтік-құқықтық актілерде көзделген тәртіп негізінде барлық мемлекеттік органдар, адвокаттар, нотариустар, жеке сот орындаушылары көрсетуі тиіс. Ендеше, мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқығы бар тұлғалар санаты төменде көрсетілген:

1) алименттер өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау, ақтау, босқын немесе қандас мәртебесін алу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға;

2) мәртебесіне немесе жағдайына байланысты құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша сексуалдық зорлық-зомбылық, адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не азаптауларға ұшыраған құрбандарға;

3) асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

4) жұмысына байланысты денсаулығының зақымдануынан келтірілген не қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға;

5) Ұлы Отан соғысына қатысушылар, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер, бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдар, жасы бойынша зейнеткерлер болып табылатын, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жеке тұлғаларға;

6) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көп балалы отбасыларға;

7) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша жан басына шаққандағы орташа айлық кірістері облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен төмен табысы аз адамдарға (отбасыларға) осы заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі.

Соттарда, қылмыстық қудалау, өзге де мемлекеттік органдарда және мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүддесін қорғау және білдіру түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі:

1) Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы заңнамасына сәйкес әкімшілік жауаптылыққа тартылатын адамға;

2) Қазақстан Республикасының азаматтық процестік заңнамасына сәйкес талап қоюшыға не жауапкерге және Қазақстан Республикасының әкімшілік сот ісін жүргізу туралы заңнамасына сәйкес талап қоюшыға;

3) Қазақстан Республикасының қылмыстық-процестік заңнамасына сәйкес күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға, сотталған адамға, ақталған адамға, жәбірленушіге осы заңда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен көрсетіледі. Мұндай азаматтар Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін тұрғылықты жеріне және тұрған жеріне қарамастан алуға құқылы. Әділет министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №114 бұйрығымен, мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға тиісті тұлғалардың құқықтарын растайтын құжаттардың тізбесі бекітілген болатын.

Соттардың қарап жатқан даулары кәсіпкерлік қызметпен байланысты болмаса:

1) Ұлы Отан соғысының қатысушылары үшін - Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі беретін Ұлы Отан соғысы қатысушысының куәлігі;

2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушылары немесе мүгедектеріне теңестірілген адамдар үшін - зейнеткер куәлігі;

3) мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер үшін - уәкілетті орган берген әскери билет;

4) I және II топтардағы мүгедектер үшін - мүгедектігі туралы анықтама;

5) жасы бойынша зейнеткерлер үшін - зейнеткер куәлігі ұсынылуы қажет. Сондай-ақ қазіргі қоғамда өзекті мәселе болып отырған – алимент өндіріп алу мәселесі бойынша – баланың туу туралы куәлігі, ал зейнетақы мен жәрдемақылар тағайындау мәселесіне - азаматтың жеке басын растайтын құжаттарын ұсынуы қажет.

Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандар мәселесі бойынша: Біріншіден, баланың ата-ана құқықтарының шектелуіне немесе олардан айырылуына; хабарсыз кеткен деп танылуына; қайтыс болған деп жариялануына; әрекетке қабілетсіз немесе әрекет қабілеті шектелген деп танылуына; бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеуіне байланысты жалғыз ата-анасының немесе екеуінің де қамқорлығынан айыру туралы сот шешімі қажет. Екіншіден, бала тәрбиелеуден немесе оның құқықтары мен мүдделерін қорғаудан жалтаруына, оның ішінде баланы тәрбиелеу немесе медициналық ұйымнан алудан бас тартуын растайтын құжат. Шыны керек, осы заңның мүмкіндігін азаматтар толыққанды өз деңгейінде пайдалана алмай келеді. Барлығы бірдей өз құқықтары мен Үкімет қолдап отырған мүмкіндіктерін түсіне бермейді де. Заң талаптарын насихаттау, тұрғындар назарына жеткізу – өзім жетекшілік ететін Әділет департаментінің құқықты түсіндіру жұмысы және заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің тікелей міндеті. Сондықтан, тегін заң көмегін алудың заңдылығын тұрғындар арасында түсіндіру бағытында бірталай құқықтық шаралар ұйымдастырып келеміз. Тұрақты түрде жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік мекемелер және Әділет министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің өкілдерімен бірлесе әр тоқсан сайын ауылдық округ тұрғындары арасында «Әділет кеңес береді» акциясы ұйымдастырылып, тегін құқықтық кеңестер, қажетті құжаттарын рәсімдеу көмектері беріледі. Айта кету керек, аталған бағыттағы шаралар қарттар үйі, балалар үйіне, мүгедек жандардың мекен-жайына барып, сондай-ақ жазасын өтеп жатқан азаматтар арасында да ұйымдастырылуда.

Айгүл Анжанова,

облыстық Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру жұмысы және

заңгерлік қызмет көрсету бөлімінің басшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT