Маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберді

Ащы судың кесірінен қаншама атпал азамат өмірмен қош айтысты.

Қазіргі көптеген қазақ отбасының қасіретіне айналған кеселдің бірі – маскүнемдік. Ауданның ақ халатты абзал жандары мен тәртіп сақшылары қызмет бабында спиртті ішімдіктерге тәуелді жандардың жаман әдетін қойдыру мәселесімен бетпе-бет келіп жүр. Арақты үнемі ішкен адам маскүнемдік дертіне қалай шалдыққанын білмей де қалады. Ащы судың кесірінен қаншама атпал азамат өмірмен қош айтысты.

Арақты өздігінен қоя алмайтын жандар міндетті түрде наркологиялық есепке тіркеуге қойылады да, тиісті емдеу орындарына жіберіледі. Бірақ олардың арасында дәрігер түгілі полицияның дегеніне көнгісі келмейтін кертартпалар да кездеседі. Яғни, кеселден емделіп, салауатты өмір салтын ұстанғаннан гөрі сылқия ішіп жүргенді жақсы көретін жандар баршылық. Ондайлар, сөз жоқ, мәжбүрлі түрде емдеуге жіберіледі. Таяуда аудандық сотта қаралған азаматтық іс – дәл соның айғағы.

Аудандық сотқа арызды Құлсары қаласындағы аудандық орталық аурухана басшылығы берген болатын-ды. Арызданушы 2010 жылдан бермен қарай нарколог дәрігердің есебінде тұрған, алкоголизммен ауыратын науқас Н. есімді азаматты мәжбүрлеп емдеуге жіберуді сұраған.

Сот процесінде белгілі болғанындай, «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы» РМҚК филиалының Атырау облысы бойынша сот сараптамалары институтының 2019 жылғы 29 қаңтардағы №592/05 қорытындысынан, Н- ға «созылмалы маскүнемдікке шалдыққан, алкогольдің кесірінен психикалық мінез-құлқы бұзылған, тәуелділік синдромы» деген диагноз қойылған. Сонымен бірге іс құжаттарындағы арнайы есептен оның арақ ішіп алып, мас күйінде қоғамдық орында жиі көзге түсетіндігі, бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылғаны анықталды.

Аурухана өкілінің айтуынша, маскүнем азамат 2010 жылдан бастап нарколог дәрігердің «Д» есебінде тұрған. Есепке алынғаннан кейін де Н. өз еркімен алкоголизмнен емделгісі келмейтінін ашық айтып, үнемі арақ ішуін қоймаған. Өзінің маскүнем екендігін мойындағысы келмейтін ол емдеу орнына барудан бірнеше рет бас тартты. Нарколог сол себепті оған тиісті ем-дом тәсілін бір жыл бойына қолдану қажеттігін көрсетті. Дәрігердің сөзін аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы да қостап, оның арақ-шарапты тоқтаусыз ішіп, бірнеше рет әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мас күйінде қылмыс жасап, құқық бұзғанын алға тартты. Сол себепті маскүнем азаматтың үстінен әйелі арызданғанын, маскүнемдіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберу керектігін айтты. Учаскелік полиция мен дәрігердің сөзін Н-ның әйелі де жоққа шығармады. Ол күйеуінің арақты өздігінен қоя алмайтынын, денсаулығына қатты алаңдайтынын айтып, арызды қанағаттандырып, емдеуге жіберуді сұрады. Ал сотта жауапталған Н. болса, беті шімірікпей арақты қоймайтынын жасырмай айтып салды.

Қазақстан Респубикасының «Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларды емдеу туралы» заңының 1-бабына сәйкес, алкоголизм, нашақорлық пен уытқұмарлық азаматтардың денсаулығына, халқымыздың тектiлiгіне залал келтiретiн және қылмыстың өсуiне себепшi болатын дерттер болып табылады. Өз еркімен емделуден бас тартқан маскүнемдік дертіне шалдыққан ауруларға денсаулық сактау жүйесінің мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық ұйымдарында емдеу кезеңінде еңбекке тартыла отырып, еріксіз стационарлық ем қолданылуға тиіс. Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 130-бабының 2-бөлігіне сай медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары - әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылық жасаған, созылмалы алкоголизмнен немесе нашақорлықтан не уытқұмарлықтан емделуге мұқтаж, ауырады деп танылған және ерікті түрде емделуден жалтаратын адамдарға сот шешімі негізінде қолданылады. Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 343-бабының 2-бөлігіне сәйкес, арызды қанағаттандыру туралы шешім маскүнем азаматты заңда белгіленген мерзімге наркологиялық ұйымға мәжбүрлеп емдеу үшін жіберуге негіз болып табылады.

Сондықтан сот аудандық орталық аурухананың талап арызын қанағаттандырып, азамат Н-ды бір жыл мерзімге облыстық наркологиялық диспансерінің еріксіз емдеу бөліміне жіберу жөнінде шешім шығарды.

А.Әбдіғалиева, аудандық соттың бас маманы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521