Маскүнемді емдеуге жіберді

Кей азаматтар жиын-тойлардың соңынан ішімдікке салынып, ақыры қалай маскүнемдікке салынып кеткенін білмей жатады.

Қазігі қазақ қоғамын жайлаған кеселдің бірі – маскүнемдік. Соның кесірінен қаншама отбасының шаңырағы ортасына түсіп, қаншама бала жетімдіктің тауқыметін тартты десеңізші?! Қаншама атпал азаматтар мезгілсіз көз жұмып, қаншама қылмыстар орын алды?!

Бірақ қоғамда болып жатқан осындай қайғы-қасіреттен ащы сабақ алған пенде кемде - кем. Үйге қонақ келсе, немесе өзгедей себеп болса, адамдар қит етсе араққа жүгінеді. Тіпті кішкентай сәбидің де дүниеге келген, туылған күнін осы ащы сумен «жуамын» деп арты орны толмас өкінішке әкеп соқтырып жатады. Кей азаматтар сондай жиын-тойлардың соңынан ішімдікке салынып, ақыры қалай маскүнемдікке салынып кеткенін білмей жатады.

Таяуда аудандық сотта қаралған азаматтық іс – дәл соның айғағы. Бұл жерде сотқа арызды аудандық орталық ауруханасы берді. Онда 2010 жылдан бермен қарай нарколог-дәрігердің «Д» есебінде тұрған маскүнемдікпен ауыратын науқас азамат Н-ды алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге жіберуді сұраған.

Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің сот сараптамалары орталығы Атырау облысы бойынша сот сараптамалары институтының қорытындысында, аталған азаматтың созылмалы маскүнемдікке шалдыққаны, соның кесірінен психикалық мінез-құлқы бұзылғаны, тәуелділік синдромы деген диагнозы қойылып, оның облыстық наркологиялық диспансерінде мәжбүрлі түрде емделуді қажет ететіні көрсетілген. Оның нағыз маскүнемге айналғанын, өз бетімен емделгісі келмейтінін, қоғамдық орында арақ ішкен күйінде жүріп, бірнеше рет ұсталып, әкімшілік жауапкершілікке қайта-қайта тартылғанын аурухана дәрігер мен учаскелік полиция иснпекторы да қуаттап, сотта жауап берді.

Ерінің маскүнемдігін осы уақытқа дейн көтеріп, шаңырақтың шырқын бұзбай келген әйелі де сотқа келіп куәлік етті. Ол күйеуінің осы бір дертінен толық айыққанын қалайтынын жасырмады. Қазақстан Респубикасының 1995 жылғы 7 сәуірдегі «Алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларды емдеу туралы» заңының 1-бабына сәйкес, алкоголизм, нашақорлық пен уытқұмарлық азаматтардың денсаулығына, елiмiздiң тектiлiк қорына залал келтiретiн және қылмыстың өсуiне себепшi болатын дерттер болып табылады.

Олай болса, өз еркімен емделуден жалтарған алкоголизмге, нашақорлық пен уытқұмарлық дертіне шалдыққан ауруларға денсаулық сақтау жүйесінің мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық ұйымдарда, емдеу кезеңінде оларды еңбекке тарта отырып, еріксіз стационарлық ем қолданылуға тиіс. Ал Қазақстан Республикасының Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы кодексінің 130-бабының 2-бөлігіне сай, медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары қылмыстық құқықбұзушылықтар жасаған, алкоголизмнен немесе нашақорлықтан не уытқұмарлықтан емделуге мұқтаж деп танылған адамдарға, сондай-ақ әкімшілік құқықбұзушылық жасаған және созылмалы алкоголизммен немесе нашақорлықпен не уытқұмарлықпен ауырады деп танылған және ерікті түрде емделуден жалтаратын адамдарға қатысты сот шешімі бойынша қолданылады.

Сондықтан сот аудандық орталық аурухананың талап арызын қанағаттандырып, 45 жастағы азаматты бір жыл мерзімге Атырау облыстық наркологиялық диспансерінің еріксіз емдеу бөліміне алкоголизмнен мәжбүрлеп емдеуге жіберу жөнінде шешім шығарды.

Г.Есенова, аудандық соттың аға сот приставы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521