Заң қатайып, тағайындалар әкімшілік жазаның ауырлай түскеніне қарамастан көлік иелері арасында арақ-шарап ішіп, сыраға сылқия тойып алып, мас күйінде темір тұлпардың тізгініне жармасатын сабаздар азаймай тұр. Аудан аумағында өтіп жатқан «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында осындай 13 жүргізушінің ұсталуы – соның айғағы.
Олар сөз жоқ, еліміздің Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен жауапқа тартылды. Көлік иелері «Көлік құралын алкогольдік ішімдік ішкен мас күйінде басқарғаны» үшін 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жылға жүргізушілік куәлігінен де айрылды.
Иә, жүргізушілер арасындағы жолда жүру ережесін бұзу деректерін анықтау және оның жолын кесу, тас жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында сәуір айының 19-ы мен мамырдың 19-ы аралығында ауданда «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтіп жатыр.
Оған аудандағы патрульдік полиция взводының 21 арнайы автокөлігі мен 30 қызметкері жұмылдырылған. Шара барысында жүргізушілердің жолда жүру ережелерін бұзу деректерін анықтау және жолын кесу мақсатында полиция бөлімінің жеке құрамы күшейтілген жұмыс жүйесінде қызмет атқарып жүр.
Айталық іс-шара басталған сәуірдің 19-ынан бергі мамырдың 14-іне дейінгі аралықта жолда жүру ережелерін бұзғаны үшін барлығы 760 әкімшілік құқық бұзушылық дерегі анықталып, тиісті хаттамалар жасақталды. Соның ішінде, «Міндетті сақтандыру келісім шартын жасақтамағаны» үшін Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (ӘҚБтК) 230-бабы 2 бөлігімен 85 жүргізуші, «такси болып, заңсыз жолаушы тасымалдағаны үшін» осы кодекстің 463-бабының 1-бөлігімен 2 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылса, «Қоғамдық орында «такси» деп айқайлап қоғамның мазасын алғаны» үшін 15 көлік иесінің үстінен 449-баптың 1 бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, тиісті шара қолданылды.
Өкінішке қарай, құқық бұзушылар арасында жүргізушілік куәлігін мүлдем оқып, алмаған азаматтар да бар. Көлік айдауға құқығы жоқ болса да, олар темір тұлпардың тізгініне жармасады. Іс-шара кезінде осындай 40 «жүргізуші» ұсталып, ӘҚБтК-нің 612-бабының 2-бөлігі бойынша жауапқа тартылды. Оның ішінде мопед айдаған 12 азамат та бар. Бұдан басқа, ҚР ӘҚБтК-нің 573 және 590-баптың талаптарын бұзған 45 адам тоқтатылса, жаяу жүргіншілерге жол бермеген 116 жүргізушіге де 615-баптың талаптарына сәйкес шара қолданылды. Іс-шара барысында 67 автокөлік арнайы тұраққа қойылды.
Осындай мемлекеттік белгісі дұрыс емес, полиция бөлімінің рұқсатынсыз көлігін қайта жабдықтаған, мемлекеттік немесе міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген, көлік құралын басқару кезінде ұялы телефон қолданған, маневр жасау қағидаларын бұзған, күндізгі мезгілде жарық беру шамдарын жақпаған, басқа да құқық бұзушылық деректері көптеп анықталды.
Жалпы, аудан аумағында «Қауіпсіз жол» жедел профилактикалық іс- шарасы кезінде ірі жол-көлік оқиғасы тіркелмеді. Ауданның барлық тас жолдарында жол оқиғаларының алдын алу мақсатында жүргізушілерге автокөлікті жылдамдықты асырмай, жол жүру ережелерін қатаң сақтап жүргізу туралы ескертпе беріліп, күшейтілген бағытта жұмыстар атқарылып келеді.
Әділет Сәлімов,
аудандық полиция бөлімінің патрульдік полиция
ротасының командирі, полиция капитаны