Мас жүргізушіге кешірім жоқ

Бұдан былай тағайындалатын жазаның жүгі айтарлықтай ауырлады.

2019 жылдың 27 желтоқсанында Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойғаны белгілі. Заңға сәйкес Қылмыстық және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі біраз өзгерістермен толықты. Яғни мас күйінде немесе жүргізушілік куәлігінен айрылса да автокөлік жүргізген, болмаса, «право» алмаса да көлік рөліне отырған жандар қатаң әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл жаңа заң талабы биылғы қаңтардың 11-інен бастап күшіне енді. Бұдан былай осы тектес құқық бұзушылық жасағаны үшін тағайындалатын жазаның жүгі айтарлықтай ауырлады. Әсіресе ішіп алса, темір тұлпардың тізгініне жармасатын «серілерге» аяушылық жоқ.

- Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» деп аталатын 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес жүргізуші көлік құралын мас күйінде жүргізсе немесе автокөлігін арақ ішкен адамның айдауына беріп қойса, онда15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, сот қаулысымен жүргізушілік куәлігінен 7 жылға айрылады. Ал мас болып жол оқиғасын жасаған жүргізуші одан адам денсаулығына қылмыстық жазаға тартылатындай зиян келтірмесе немесе арақ ішкен күйі жол-көлік оқиғасына жол беріп, жәбірленушіні материалдық шығынға ұшыратса, мұнда да 7 жылға «правосынан» қағылады. Бірақ әкімшілік қамауға алу 20 тәулікке созылады. Бұл осы баптың 3-бөлігінде көзделген, - дейді аудандық ішкі істер бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің әкімшілік тәжірибе тобының аға инспекторы, полиция капитаны Бүркіт Жайымов.

Қайталап жасалған құқық бұзушылық үшін құрықтайтын құрық одан да ұзын. Аға инспектордың айтуынша, 608-баптың 3-1-жаңа бөлігі бойынша әкімшілік жаза тағайындалған мерзім өтіп, жүргізушілік куәлікті қолына алған жүргізуші екінші мәрте мас күйінде рөлге отырса, онда 20 тәулікке қамалып, «правосымен» 8 жылға қош айтысады. Ал көлік құралын басқару құқығынан айрылғанына қарамастан, одан сабақ алмай, темір тұлпардың тізгініне қайта жармасқан «жүргізуші» айыппұл арқалап қана қоймайды, оған қоса 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Ал осы құқық бұзушылықты қайталап жасаса, бірден 15 тәулікке жабылады.

Сонымен қатар мастығын куәландырудан өткізу туралы жол тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбаған жүргізушіні жүргізушілік куәліктен айыру 8 жылға дейін көбейтіліп, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу енгізілген. Мұның барлығы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 612-бабының 3-бөлігінде, 613-бабының 4-ші және 4-1-бөлімдерінде көзделген жаңа талаптар болып табылады.

-Қоғамдық орында құқық бұзушылық жасағаны үшін де аталған кодекстің кейбір баптарына түзетулер мен толықтырулар енгізілді. Өзімен бірге жүргізушілік куәлігі немесе уақытша көлік жүргізу парағы, көлік құралын тіркеу, заңға сәйкес өзге де құжаттары болмаса да рөлге отырған темір тұлпар иесіне «ескерту» түріндегі балама жаза қолданылады. Айта кетер жайт, аталған заң ресми түрде 2019 жылғы 31 желтоқсанда жарық көрген республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің №250 (29127) санында жарияланды, - дейді Б.Жайымов.

Е.Бисекенұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521