Мас күйде көлік тізгіндеп, 20 тәулікке қамалды

Жуырда ауданымызда жол қозғалысы ережесін өрескел бұзу дерегі тіркеліп, дер кезінде қолға алынған тәртіптік шараның нәтижесінде қоғамдық қауіпсіздікке төнген қауіптің жолы кесілді.

Аудандық полиция бөлімінің ресми парақшасында жарияланған ақпарат бойынша 30 шілде күні кешкі сағат 20:00 шамасында аудан аумағында арнайы техниканы басқарған азамат тәртіп сақшыларының назарына ілікті. Теңіз полиция бөлімінің патрульдік полиция взводы бекітілген аумақты тексеру кезінде техниканың қозғалысында күдік тудырған белгілерді байқап, оны бірден тоқтатқан.

Тексеру барысында аталған техниканы тізгіндеген азаматтың мас күйде екені және оның жүргізуші куәлігі мүлде жоқ екені анықталды. Яғни, жүргізуші куәлігінсіз, әрі спирттік ішімдік ішкен күйде трактор жүргізген. Бұл – тек жол қозғалысы ережесін ғана емес, адам өміріне тікелей қатер төндіретін, ауыр салмақты құқық бұзушылық екені белгілі.

Аталған жайт бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 6-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалып, іс материалдары сотқа жолданды. Нәтижесінде аудандық соттың қаулысымен азамат 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Полиция бөлімінің мамандары бұл оқиғаны азаматтық жауапкершілік пен қоғамдық тәртіпке немқұрайлы қарауға болмайтынын тағы бір мәрте еске салар жайт ретінде бағалады. Әсіресе, көлік тізгіндеген әрбір азамат өз әрекетінің салдарын түсініп, заң талаптарын ескергені жөн. Аудандық полиция бөлімі аудан тұрғындарын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік құралдарын мас күйде басқарудан мүлде бас тартуға шақырады. Қоғамдағы тыныштық пен қауіпсіздік – баршамыздың ортақ мүддеміз әрі жауапкершілігіміз.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT