Мал ұрлаушылардың жазасы ауырлай түсті

Соңғы кездері мал ұрлаушылардың көпшілігі өрісте жүрген малды сойып алып кетуді әдетке айналдырған.

Қысы-жазы ақ адал маңдай теріңмен баққан төрт түлік малыңның әп-сәтте жоғалып кетуі кім-кімге болса да оңай соқпасы анық. Жасыратыны жоқ, оған көбіне-көп тұрғындардың өздері де кінәлі . Өйткені қазір Жылыойдың кең даласын кезіп жүріп жайылатын мыңғырған ірі қара малдың қай-қайсысы да бақташысыз немесе жылқышысыз басы ауған жақта шашырап жайылып жүр. Осы бір шаруаны құнттамай, енжарлық танытқан жұрт осылайша айдын-күннің аманында жылқысы мен түйесінен, сиырынан да айырылуда. Бұл түз торыған ұрылардың емін-еркін қылмыс жасауына өзіміз жағдай туғызып отырмыз деген сөз. Соның кесірінен мал ұрлығы бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр, - дейді аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Данияр Бимұханов. Оның айтуынша, бүгінгі таңда аудан аумағында мал ұрлығы санатындағы қылмыстардың алдын алу, оны болдырмау мақсатында полиция қызметкерлері жергілікті атқарушы органдармен күш біріктіріп, бірлесе нәтижелі жұмыстарды жүзеге асырып жатқан көрінеді.

Соңғы кездері мал ұрлаушылардың көпшілігі өрісте жүрген малды сойып алып кетуді әдетке айналдырған. Мұндай деректер жиі орын алуда.

-Егер жүргізілген талдауға сүйенсек, онда мал ұрлығын жасауға бірқатар себептердің ықпал ететіні анықталды:

- біріншіден, бұл ірі қара малының өз бетімен жайылуы, меншік иелерінің өрістегі үй жануарының сақталуына немқұрайлы қарауы. Мал бағатын кәсіби бақташы малшылармен келісім-шарттық қатынастың болмауы «еркін жайылу» практикасын қалыптастырады және малдың ұрылар тарапынан ешқандай қиындық туғызбай, кедергісіз ұрлануына немесе жоғалуына жол беріледі. Тәжірибеге сүйенсек, орын алған ұрлықтың 65 пайызы малдың қараусыз жайылатын жерінен кешкі уақытта ұрланатынын көрсетті.

- екіншіден, малды ұстау орындары көп жағдайда жабық құралдарымен жабдықталмаған, бұл қылмыскерлердің қораға кедергісіз еркін енуіне мүмкіндік береді.

- үшіншіден, бұл мал иелерінің таңбалау мен сырғалау сияқты тиісті шараларды уақтылы жүргізбеуінен де болады. Бұл ұрланған малды тану кезінде қиындық туғызады, - дейді Д.Бимұханов.

Осы жерде айта кететін жайт: қазіргі таңда мал ұрлау дерегіне қатысты заң нормасы бойынша тағайындалар жаза да қатаңдатылды. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне «Мал ұрлығы» деп аталатын арнайы баптар енгізіліп, құқық бұзушылық бұл түрі қылмыстың ауыр санатына ауыстырылды.

МАЛ ҰРЛЫҒЫНАН ҚАЛАЙ САҚТАНУҒА БОЛАДЫ?

Мал ұрлығы әсіресе кешкі уақытта еркін жайылымдарда орын алады екен. Сондықтан осы мезгілде ірі қараның өрістен келуін мұқият қадағалау қажет. Ал ауладағы төрт түліктің көзі түгел болуы үшін мал иелері өз шаруашылығын арнайы шарбақтармен қоршап, сақтық шараларын алғаны абзал. Малға міндетті түрде таңба салу керек. Бұл ұрланған малды іздестіру кезіндегі жұмысты жеңілдетеді. Жалпы малды бақташыға екі жақты келісімшарт арқылы бақтырған дұрыс. Ол оның жауапкершілікті сезінуіне, жоғалған жағдайда сұралуына жол ашады. Ал жылқыны сақтауға келсек, шаруа қожалығы жетекшілері әрбір үйірдің айғырына GPS сигнализаторын қондырғаны құптарлық. Ол еркін жайылымда жүрген табынның тұрған жерін анықтауға мүмкіндік береді. Міне, полиция қызметкерлерінің пікірі мал ұрлығын болдырмау жолында тұрғындарға берер ақыл-кеңесі осындай. Полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Д.Бимұханов тұрғындарды мал шаруашылығындағы төрт түлігіне асқан жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521