Мұнай «магнаты» бес жыл екі айға сотталды

Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің қызметкерлері өткен жылы аудан аумағында заңсыз мұнай өнімдерін сатумен айналысқан аққыстаулық азаматтың қылмыстық әрекетін әшкереледі.

Бұрын да қылмысы жасап, сотталып, бірақ сот үкімімен жазасын шартты түрде өтеуге кесілген ол былай шыға бере бостандықтың қадірін жете ұғынбады. Көп ұзамай өзі жұмыс жасайтын серіктестіктің коммерциялық директоры қызметін атқара жүріп, бірнеше рет қылмыстық құқық бұзушылық әрекетке барды.

Дәлірек айтқанда, ешқандай құжаты жоқ мұнай өнімдерін аса ірі мөлшерде тасымалдап, заңсыз өткізу арқылы пайда табуды көздеді. Әрине, арам ойын іске асыру үшін ол жалғыз әрекет етпегені анық. Бірақ сыбайласы тергеу кезінде анықталмады. Міне, сол белгісіз адаммен ол алғаш рет 2017 жылдың ақпан айында сауда-саттық жасады. Сол күні уәде бойынша жазғы дизель отынының бір тоннасын 100 мың теңгеден, ал мазутты 70 теңгеден арзан бағасына алуға келіседі. Уағдаласқан уақытта 180 тонна 754 литр солярканы 18 075 000 теңгеге, 2200 тонна мазутты 158 000 000 теңге қолма-қол ақшаға сатып алады. Онысын мекемеге қабылдатады. Қыркүйектің 19-ы мен желтоқсанның 8-і аралығында аталған мұнай өнімдерін қажетті құжат жүзінде өткізіп, дизель отынының тоннасын 145 мың теңгеден, ал мазутты 83 мың теңгеден қымбат бағасына сатып, 213 671 329 теңге пайда түсіреді.

Дәл осы қылмыстық ойын 2018 жылдың қаңтарында да қайталап іске асырады. Тағы да алдын ала сөз байласып қойған адаммен аудан аумағындағы республикалық трассаның бойында кездесіп, бұл жолы жазғы солярка мен мазутқа қоса қысқы дизель отынын да саудалайды. Бұрынғыша алыс-беріс сауда-саттықты іске асырған коммерциялық директор бұл жолы 5477,04 тонна 4 литр мазут, 3641,23 тонна 23 литр жазғы және 4504,15 тонна 15 литр қысқы дизель отындарын алады. Қылмыстық жолмен келген мұнай өнімдерін өз мекемесіне жеткізген ол әрмен қарай бұрынғы схема бойынша сатады. Қаңтар мен қазан айының аралығында жазғы солярканың тоннасын 195 000 теңгеден, ал қысқы дизельді 211 000 теңгеден, ал мазуттың тоннасын 83000 теңгеден өткізіп, алыпсатарлықтан қосымша 2 671 060 855 теңге қаржыға құяды.

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, айыпкердің айыбы жалғыз мұнымен шектелмеді. Оңай олжа, бума-бума ақшаның буы жіберсін бе?! Көлеңкелі бизнестің қыр-сырын біліп алған ол енді өз бетімен кәсіп қылып, ісін ілгерілетуді көздейді. Әрі бұрынғы қылмыстық ізін жасыру мақсатында жұмыс жасап жүрген мекемесіндегі коммерциялық директор қызметін тастап, 2018 жылғы жазда Астана қаласына аттанады. Ондағы құзырлы органға құжаттарын жасақтап, тапсырып, өзге бір серіктестік ашып алады. Бірақ оны өзінің емес, өзге бір танысының атына тіркетеді. Өзі сол ЖШС-ның коммерциялық директоры лауазымын атқарады да, серіктестіктің атын жамылып, бұрынғы кәсібіне бел шеше кіріседі.

Көп ұзамай ол Құлсары қаласынан 20 шақырым қашықтықтағы республикалық трассаның бойына келіп тоқтайды. Бұрынғы сыбайласымен келісіп, 214 тонна 800 литр мазуттың тоннасын 70000 теңгеден сатып алады. Ешқандай құжаты жоқ мұнай өнімін серіктестікке кірістеп, оны 2018 жылдың қазаны мен желтоқсан айы аралығында мекеменің атынан қымбат бағасына сатып отырған. Осылайша тоннасын 134 000 теңгеден өткізген ол бір ғана мазуттың өзінен 28 783 200 теңге пайда көреді.

«Ұрлықтың құйрығы бір тұтам» дегендей, бірақ бизнестің көлеңкесінде жүріп-ақ көп табамын деген «бизнесмен» көпке бармады. Ұрлықпен келген мұнай өнімдерін сатып алып, мекемесіне кірістеп, жалған құжат жасақтап, заңсыз сатқан сабаздың барлық қылмыстық әрекеттері әшкереленді. Істі тергеген Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Экономикалық тергеу қызметінің криминалистік бөлім маманының экономикалық зерделеу жұмыстарының қорытындысы бойынша сотталушыдан 2017-2018 жылдар аралығында қос серіктестіктің атынан барлығы 8326,134 тонна дизель отыны мен 7867,44 тонна мазут өнімін өткізгеннан түскен ақша айналымы 2 913 515 384 теңгені құрағандығы анықталды.

Қылмыстық істі қараған аудандық соттың судьясы Шолпан Исмағамбетова сотталушының қылмыстық құқық бұзушылық әрекеттері Қылмыстық кодекстің 197-бабы 4-бөлігінің 2-тармағымен толық қамтылып, сараланған деп таныды. Өйткені ол заң тілімен айтқанда, «аса ірі мөлшерде мұнай өнімдерінің шығарылу заңдылығын растайтын құжаттарсыз тасымалдау, иемдену, өткізу» деген қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған. Сотта айыпкердің өзінің шартты жазасын өтеп жүріп, қайтадан ауыр қылмыс жасағандығы анықталды.

Сондықтан аудандық соттың судьясы оны жоғарыдағы баппен айыпты деп танып, бес жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім етті. Қылмыстық кодекстің 60-бабының 1, 4-бөлігін қолданып, Атырау қалалық сотының 2015 жылғы 2 ақпандағы үкімімен кесілген бұрынғы жазасының өтелмеген бөлігін ішінара қосып, түпкілікті 5 жыл екі айға соттады. Және жәбірленушілердің өтемақы қорына 48100 теңге мәжбүрлі төлем өндірілетін болды.

Осылайша заңсыз жолмен мұнай өнімдерін сатып, байып, мұнай «магнаты» болғысы келген қылмыскер заң алдында тиісті жазасын алды.

Е.Бисекенұлы

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика