Әлеуметтік желінің әлегі

Қазіргі ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан адамзат баласының тірлігін әлеуметтік желісіз көзге елестету қиынға соғып барады. Өйткені, ол күнделікті өміріміздің ажырамас бір бөлігіне айналды. Жалпы, осы саладағы мамандардың түсіндіруінше, әлеуметтік желі дегеніміз – миллиардтаған адамдардың жаңалықтармен, қызықты ақпараттармен бөлісіп, бір-бірімен хат-хабар алысатын сайттардың бірлестігі екен. Сондықтан бүгінде «еңкейген кәріден, еңбектеген балаға» дейін қолы сәл қалт етсе болды, Фейсбук, Инстаграм секілді желілерге кіріп кетеді. Одан қалды Whatsapp, Телеграм мессенджерлері, You Tube, Tik-Tok бар.

Тілге қотыр жұқтыратын құрал

Өкініштісі сол, әлеуметтік желінің осындай пайдалы жақтарымен бірге зияны да аз емес. Көп адамдар, соның ішінде, жастар мен жасөспірімдер, виртуалды әлемге бой алдырғаны соншалық, көбісі ғаламторда сағаттап отырып, алтын уақытын босқа сарп етеді. Содан келіп, шынайы өмір мен әлеуметтік әлемнің ара-жігін ажырата алмайтын қияли, мәңгүрт адамға айналып барады. Әсіресе, осының кесірінен тірлікке бейімі, шаруаға икемі жоқ жас ұрпақтың өсіп келе жатқаны кім-кімді де алаңдатса керек. Қазіргі жастар бұрынғыдай елі мен жері үшін жанын пида еткен әдебиет әлеміндегі батыр кейіпкерлерге емес, Инстаграм, Tik-Tok-тағы «ауырдың астымен, жеңілдің үстімен» жүретін «жұлдыздарға» еліктейді. Әскерге барғысы келмейтін, қиындық көрсе тез жаситын, жігерсіз жастар, тіпті жасөспірімдер арасындағы суицид те сондай «еліктегіш» ел ертеңінің арасынан шығып жатыр.

Енді соларға есі кетіп, сағаттап отырып, ұялы телефоннан түспейтін жастарымыз қолындағы қондырғының қаншалықты зиянды екенін біле ме екен? Егер ағзасына орасан зардап тигізіп, ауаға таралып жатқан электромагниттік өрістер мен радиациялық сәулелер зауыттардан атқылаған улы газ түтініндей адамның көзіне көрінетін болса ше?! Онда, сөз жоқ, ересектер өз баласының телефон қолдануына тыйым салар еді. Өйткені, ұялы қондырғыны жиі қолданатын жанда мидың сұры заты азайып, көлемі кішірейе түсетінін ғалымдар дәлелдеген.

Мұның барлығы айналып келгенде, адамды номофобия дертіне шалдықтырады. Бүгінде осы кеселге ұшырамаған қазақ баласы кемде кем. Америкалық ғалымдардың зерттеуі бойынша, жер бетіндегі халықтың 66 пайызы осы аурумен ауырады. Бұл, әсіресе, жас қыз-жігіттердің бойынан жиі байқалады екен. Жүргізілген арнайы сауалнаманың нәтижесінде 18-24 жас аралығындағы жастардың 77 пайызы, 25-34 жастағы жандардың 64 пайызында номофобияның белгілері анықталған.

Телефон мен ондағы әлеуметтік желілер жеке адамның өміріне ғана емес, тұтас қоғамның дамуына, тіпті мемлекеттерге ықпалы барған сайын күшейіп барады. Сондықтан ислам елдері былай тұрсын, дамыған Қытайда да әлемдік әлеуметтік желілерге шектеу қойылған. Өйткені, «айшылық алыс жерлерден, жылдам хабар алғызған» желі іргелес отырған ел мен елдің арасына от жағатын құралға айналып барады.

Ал, бізде ше? Желіге жіпсіз байланған кейбір желөкпелер ондағы жел сөздерге еліргені соншалық, тіліне қотыр жұқтырып алғанын білмей қалып жатады. Содан келіп, «түймедейді түйедей қылып» жеткізіп, «айрандай ұйып отырған» ағайынның арасына іріткі салып отыратынын қайтерсің. Бір қызығы, сондай «сөз таситын» немесе «артық қыламын» деп біреудің ар-намысына тиетін жандардың арасында әйелдермен бірге жағаласып ер-азаматтардың да жүретіні өкінішті-ақ! Олар сол әлеуметтік әлемнің әсерімен өздерінің «диванда жатып» алып қалай әсіре әңгімешіл жанға айналып бара жатқанын байқамайды. Ағайын арасындағы араздықты қойып, қоғам мүшелерін де орынсыз кінәлап, кейбір басшы азаматтардың абыройына нұқсан келтіріп, өзінше «қоғам белсендісі» болып көрінуге тырысатын жандар да осындайдан шығады. Ондай азаматтар артынан ерген өскелең ұрпағына қандай тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге көрсете алмақ?

"Мақаланың жалғасын

"Кең Жылой"басылымынан оқи аласыз.

Б.Бисекенұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

Whatsapp:  +77017650876

Әлеуметтік желілеріміз