Ұл тапқанын 22 жылдан кейін дәлелдеген ана

Таяуда аудандық сотқа бір әйел адам арыздана келді.

Таяуда аудандық сотқа бір әйел адам арыздана келді. Сөйтсе, ол 20 жылдан астам уақыт өзінің туған баласының туу туралы куәлігін ала алмай жүрген болып шықты. Бүгінде жігіт жасына жеткен ұлы мектептегі оқуын жалғастырайын десе, құжаты жоқ не жұмысқа орналасатын жеке бас куәлігі тағы жоқ. Бір сөзбен айтқанда, санда бар да, сапада жоқ, әуре-сарсаңға түсіп жүрген жайы бар екен. Тіпті баласы бүгінде үйленіп, әйел немерелі де болған. Бірақ сәбидің әкесінің құжаты болмаған соң келінімен заңды некеге де отыра алмапты.

Арыз иесінің сотқа берген арызына қарағанда, ол 90-жылдардың ортасында ұл табады. Сол күні өз үйінде аяқ астынан толғағы қысады. Бір подъезде тұратын келіншек көмекке келгенше үйінде босанып үлгереді. Көршісі сол кезде аудандық ауруханада санитарка болып жұмыс жасайтын еді. Жас босанған әйелге алғашқы медициналық көмек көрсетеді. Аман-есен жеңілденіп, көп ұзамай аудандық ауруханаға барады. Бірақ кейін белгілі болғанындай, ол перзентханаға жатпаған соң тууы тіркелмей, медициналық анықтама алу да мүмкін болмай қалады. Сол себепті туу туралы куәлік рәсімдеу кезінде кедергілерге кезігеді. Азаматтық хал-актілерін жинау бөліміндегі мамандар ауруханадан анықтама талап етеді.

Осылайша уақыт зырлап өте береді. Бала есейіп, мектепке барады. Анасы ұлына құжат жасату үшін бірнеше рет жұмыстанады. Аудандық ішкі істер бөлімінің де табалдырығынан аттайды. Алайда аурухана мұрағатында үйінде босанғандығын растайтын ешқандай құжат сақталмаған соң, мәселенің арты сиырқұйымшақтанып кете береді. Сөйтіп жүргенде әйелдің өзі қатты науқастанып, аурухана төсегіне таңылады. ...Уақыттан асқан жүйрік бар ма?! Осы аралықта бала ержетіп, мектепті де бітіріп үлгереді. Бірақ туу туралы куәлігі жоқ болған соң аттестат та ала алмайды.

Құжаты жоқ болса да, анасы кішкентайынан ұлының денсаулығын үнемі бала дәрігеріне тексертіп жүреді. Босанғаннан кейін туберкулезге қарсы, түрлі жұқпалы дерттерге қарсы вакцина салдырту үшін ауруханаға апарып, жыл сайын емханаға қаратып тұрады. Емхана медбикесі құжатын сұратпай-ақ баланың №026У формалы медициналық картасын өз қолымен толтырады.

Ұлының туу туралы куәлігін жасақтай алмаған нәзік жан ақыры аудандық соттың төрелігіне жүгінеді. Өйткені онсыз іштен шыққан бауыр еті баласының бүгінде жер басып аман жүргенін анықтау қағаз жүзінде мүмкін емес еді. Мұнда да сол баяғы ақ халатты абзал жандар көмекке келеді. Олар сотта куәгер болып, әйелдің жігіт болған баласының өз ұлы екенін растап, айғақ береді. Үйінде босанып қалғанда алғашқы дәрігерлік көмек көрсеткен санитарка келіншек сол күні шар етіп жарық дүние есігін ашқан шарананың өмірге қалай, қандай жағдайда келгенін егжей-тегжейлі баяндап береді. Баланың картасын толтырған емхана мен вакцина салған аурухана мейірбикелері де ана мен оның ұлының туған күні мен аты-жөнін толық атап көрсетеді.

Егер заңдылыққа жүгінсек, онда, расында да, Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 305-бабының 2-бөлігінің 3) тармағына сай: «Тууды, бала асырап алуды, некеге тұруды, ажырасуды және қайтыс болуды тіркеу туралы заңдық маңызы бар фактілерді сот арқылы анықтайды». Осы кодекстің 306-бабына сәйкес: «Сот арыз берушінің заңдық маңызы бар фактілерді куәландыратын тиісті құжаттарды өзге тәртіппен алуы не жоғалған құжаттарды қалпына келтіруі мүмкін болмаған кезде ғана осы фактілерді анықтайды». Азаматтық хал актілерін тіркеу органдарында және тиісті мұрағаттарда мұндай жазба сақталмаса және оны қалпына келтіруден бас тартылса, онда мұндай істер қаралуға жатады.

Бұл ретте сот куәгерлердің берген айғағының растығына күмән келтірмеді. Өйткені олардың айтқаны іске тіркелген маңызды деректер мен басқа да дәлелдемелермен сәйкес келеді. Әйел-ана өз арызына қосымша дәлел ретінде баласының мектепте оқып жүргендегі құжаттары мен фотосуреттерін де талап арызға қоса жалғаған еді.

Аудандық соттың шешімімен арыз беруші ананың баланы туу фактісін анықтау туралы талап арызы толықтай қанағаттандырылды. Оның 1997 жылдың тамызында өз пәтерінде ер бала босанғаны анықталды.

Осылайша 20 жылдан астам уақыт баласының құжатын ресімдей алмаған ана енді сот шешімі күшіне енгеннен кейін ұлының туу туралы куәлігін жаздыртуға жұмыстанатын болады.

Ш.Исмағамбетова,

аудандық соттың судьясы,

Е.Бисекенұлы, өз тілшіміз

Сурет: ашық дереккөз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521