ҚЫРАҒЫЛЫҚ

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары жастар мен жасөспірімдер арасында түрлі құқық бұзушылық әрекеттері көбейіп кеткені рас. Ондайда бір-бірімен келіспеген олар жұдырық сілтесуді қойып, суық қару қолданып та жатады. Ал аудандық полиция бөлімі ондайда туындауы мүмкін ауыр қылмыстарды болдырмау үшін алдын алу жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді. Төмендегі оқиға – соның айғағы. Атырау қаласындағы танымайтын белгісіз біреуден маркасы «Retai» пневмат тапаншасын 250 мың теңгеге сатып алған 23 жастағы жас жігіт оны ішіндегі 9 мм-лік бір дана оқ дәрісімен қоса иемденеді. Өткен жылдың желтоқсанында ауылға аман-есен жеткізген ол қаруды үйінде біраз уақыт сақтайды. Қаңтардың 12-сіне қараған таңғы сағат 4-тер шамасында көлікке мініп, достарымен бірге қаланың орталығына бет алған оларды патрульдік полиция қызметкерлерінің тоқтатпасы бар ма?! Құжаттарын тексере бергенде, кенет қасындағы бір жолдасы көліктен шығып алып, қаша жөнеледі. Қалғанынан күмәнданған жол тәртіп сақшылары үш жігітті көлігімен бірге аудандық полиция бөліміне алып келеді. Жолшыбай қойнындағы қарудан құтылуды көздеген тапанша иесі көліктің артқы орындығының ортасын ашып, «Retai»-ды багажға қарай сүңгітіп жібереді. Бірақ кейін полиция қызметкерлері тінту жүргізіп, көліктен тапаншаны тауып алғанда, қару иесінің амалсыздан оны «менікі» деп мойындауына тура келеді. Биылғы 15 және 20 қаңтарда жүргізілген баллистикалық зерттеудің және криминалист маманның қорытындысына сәйкес, автокөліктің артқы жүк салғышынан табылып, травматикалық патронымен бірге зерттеуге ұсынылған бір дана маркасы «Retai 17» 9 мм. калибрлі тапаншасы Түрік мемлекетінің өндірісінен жасалған және бұрын сигналдық тапанша болған, қолдан жасалған атыс қаруы екені анықталады. «Retai 17» тапаншасы мен 9 мм калибрлі патроны атыс шығаруға жарамды екендігі тұжырымдалған. Сондықтан күдіктінің қылмыстық құқық бұзушылық әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 287-бабының 2-бөлігімен дәрежеленді. Өйткені, ол «жарақат салатын патрондармен ату мүмкіндігі бар қысқа ұңғылы, тегiс ұңғылы атыс қаруын, сол сияқты оның патрондарын заңсыз иемдену, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру түріндегі қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған». Алдын ала тергеу амал- дары арқылы қылмысы дәлелденіп, аудандық сот қарауына жолданады. Ал аудандық соттың үкімімен айыпкер жоғарыдағы баппен кінәлі деп танылып, оған бір жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Осылайша тапанша сатып алып, қойнына қару тыққан жас жігіт ақыры істі болып, заң алдында тиісті жазасын алды. Бұл оқиға, сөз жоқ, алға қарай орын алуы мүмкін ауыр қылмыстың алдын алған да болар. Әйтпесе 23-тегі жас жігіт бекерден бекер осыншама ақшаға тапанша сатып алып, түннің бір уағында көшеге алып шықпаса керек. Бұл ретте полиция қызметкерлерінің қырағылығын баса айтқан жөн.

Венера БАЗАРОВА,

аудандық сот әкімшісінің бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521