Куәлік түгілі өмірімен қош айтыса жаздады

Таңғы елең-алаңда Құлсары-Сарықамыс тасжолының 120-шақырымында бір жеңіл көлік аударылды. Оқиға орнына барған «Жедел жәрдем» мен құқық қорғау органының қызметкерлері жүргізуші жас жігіттің мас күйінде көлік жүргізгенін анықтады. Кейін белгілі болғанындай, ол араққа сылқия тойып алып, қатты жылдамдықпен жүргізіп келе жатқан автокөлігінің басқару жүйесін игере алмай жол жиегіне шығып кеткен болып шықты.

Дене жарақатын алған жүргізуші жақын жерде орналасқан Теңіз кенішіндегі емдеу клиникасына жеткізіліп, алғашқы дәрігерлік көмек көрсетілді. Сол жерде мастығын куәландыру үшін клиникалық зерттеу жүргізгенде дәрігер-нарколог оның жеңіл дәрежелі алкогольдік ішімдік ішкенін айғақтады. Сонымен қатар биологиялық зерттеу сараптамасы көлік иесінің есірткі затын тұтынғанын да анықтап берді. Жарақат алған жігіт содан соң ауруханаға жөнелтілді. Ал жол оқиғасының сызбасын жасаған полиция қызметкерлері үстінен хаттама толтырып, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғады. Көп ұзамай ісі сотқа жолданды.

Іс құжаттарына тіркелген барлық дәлелдемелерді саралаған сот медициналық қорытындының «Психикалық белсенді затты пайдалану фактісін және масаң күйін анықтау үшін медициналық куәландыру жүргізу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 13 шілдедегі №504 бұйрығының 2-тарауының 18-бөлігінің талаптарына сай жүргізілгенін анықтады.

Құқық бұзушының өзі ауруханада болуына байланысты сот процесіне аяқтай келіп, қатыса алмады. Бірақ оған мобильдік бейнебайланыс жүйесі арқылы сот отырысына қатысып, жауап беруге мүмкіндік туғызылды. Онда көлік иесі өзінің арақ ішіп, есірткі тұтынып, мас күйінде көлік жүргізгенін мойындамауға тырысып бақты.

Алайда барлық дәлелдемелерді зерттеген сот құқық бұзушының әрекеті ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп таныды. Өйткені ол заң тілімен айтқанда «көлік құралын алкогольдік мас күйінде басқарған». Сондықтан аудандық соттың қаулысымен жүргізуші жігіт жоғарыда көрсетілген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 3 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру туралы әкімшілік жаза тағайындалды.

Бұл оқиға өзге темір тұлпар тізгіндеген жас жігіттерге ащы сабақ болса керек. Өйткені құқық бұзушының өзі тікелей кінәлі болып табылатын таңдағы жол апатының зардабынан жүргізушілік куәлігінен емес, бәрінен де ең қымбат өз өмірімен мәңгіге қош айтысып қалуы ғажап емес еді. Қайта, абырой болғанда, дене жарақатымен шектеліп, ақ халатты абзал жандардың арқасында қатарға қосылды.

Абай Асалов,

аудандық соттың судьясы

podpiska_kaz

COVID 19

covid

Тәуелсіздікке 30 жыл

tuelszdkke-30-zhyl

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика