Қолайсыз ауа райында полицейлер дрон арқылы жол қауіпсіздігін бақылауда

Қолайсыз ауа райы жағдайлары жолдағы қозғалысты қиындатып, жол-көлік оқиғаларының қаупін арттыра түседі.

Тұман кезінде көлік жүргізушілерге алдағы көліктерге дейінгі арақашықтықты анықтау қиындайды, қарсы және қатарлас бағытта келе жатқан көліктердің жылдамдығы да дұрыс байқалмайды. Осы себепті тұман кезінде басып озуға жол берілмейді. Сондай-ақ, тұманда алысқа жарық түсіретін шамдарды қосуға болмайды, себебі жарық тұманнан шағылысып, көрінуді нашарлатады. Мұндай жағдайда жақын жарық шамдарын және тұманға қарсы шамдарды пайдалану қажет. Күзгі-қысқы маусымда көктайғақтан сақтану қажет.

Осы орайда, Атырау облысы полиция департаменті жанындағы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері дрон әуе камерасының көмегімен 600-ден астам жол ережелерін бұзу фактілерін анықтап, көлік жүргізушілеріне әкімшілік хаттамалар толтырды. Тәртіп сақшылары қолайсыз ауа райы кезінде мүмкіндігінше сапарға шықпауға, жолға шыққан жағдайда барлық ережелерді сақтауға, көлік басқару кезінде телефонмен сөйлеспеуге және қауіпсіздік белдігін тағуға кеңес береді.

Бұл қарапайым сақтық шаралары сіздің және өзге де жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік береді.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT