Қоғамдық дертке айналған мәселе

 Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде, соның ішінде ауданда да неке бұзу деректері көбейіп кетті. Қазақстандағы статистика комитетінің есебіне сәйкес,  2024 жылы АХАЖ органымен 123,6 мың неке тіркеліп, жалпы 40,5 мың неке бұзылғаны анықталды.

Осы мәселенің өзектілігіне байланысты Жылыой аудандық сотында 15 мамыр – Отбасы күніне орай «Отбасы құндылықтары» тақырыбында «Дөңгелек үстел» өткізілді. Онда неке бұзудың алдын-алу мәселелері ортаға салынып, отбасылық құндылықтар сөз болды. Іс шараға соттың судьялары, сот әкімшісінің басшысы А.Жақсығұлова, мамандар,  аудандық билер кеңесінің мүшелері мен кәсіби емес медиаторлар қатысты.

      Иә, мемлекеттің дамуы үшін елдің экономикалық әлеуетін нығайтып, инфрақұрылымын жақсарту басты мақсат қана емес, әлеуметтік-қоғамдық тұрақтылығын сақтау мен оның ілгерілеуін қамтамасыз ету де өте маңызды. Өкінішке орай, неке бұзудың басты себебінің бірі ретінде отбасының әлеуметтік жағдайының нашарлығы деген тұжырымды алға тартсақ та болар еді. Бірақ, статистика көрсеткішіне сүйенсек, ауылды мекендерден бұрын өркениетке жақын ірі қалаларда ажырасу дерегінің жиі орын алатынын бақылауға болады.

Өкінішке орай, неке және отбасылық қатынастардан туындайтын даулар бірінші сатылы соттарда ең көп қаралатын азаматтық істердің бірі саналады. Сол себепті, сотта істі қараған кезде, некені бұзуды емес, татуластыру және  заңды некені сақтап қалу шараларын кеңінен қолдану қажет.

Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Жоғарғы сотымен енгізілген «Отбасылық сот» пилоттық жобасы аясында отбасы институтын жандандыру, отбасы құндылықтарын сақтау, отбасылық дауларды мейлінше татуластыру және бітімгершілікпен шешу мақсатында судья-медиаторлармен, психолог мамандармен, медиаторлар және билер кеңесімен бірлесіп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекетте отбасы мәртебесінің деңгейін көтеру және қоғам санасына неке қию маңыздылығын дәріптеу міндетті болуы қажет. Себебі, жанұялық өмір  салтының құлдырап, құнсыздануы -  халықтың моральдық құрылымына теріс әсерін беріп, нәтижесінде қоғамның тұрақсыздануына әкеліп соғуы ықтимал. Оның үстіне, неке бұзылған жерде жас ұрпақтың жеке тұлға ретінде толыққанды қалыптасуына мүмкіндіктің жоқтығын байқауға болады. Себебі, мемлекет өз тарапынан балаға берілетін білім және кәсіби білімін дарытса, отбасы өз кезегінде ең басты рухани компоненттерді ұялатып, дамытады.  

Отбасы – адамды жеке тұлға ретінде қалыптастыруда да ерекше рөл атқарады. «Отан - отбасынан басталады» демекші, неке бұзу ерлі-зайыптылардың ғана жеке мәселесі емес. Бұл қоғамдық дертке айналды. Сондықтан бұл - мемлекет пен қоғамның жұмыла күресетін жалпы ортақ міндеті.

Иә, қоғамдағы әлеуметтік институттардың бірі - отбасы, ол ата-ананың баласына берер толық тәрбиесінің қажеттілігі, оның маңыздылығы. Сол себепті, мемлекеттік жүйедегі отбасы мәртебесінің қазіргі деңгейін жақсарту кемел келешекке  кепіл болмақ.

Жақсылық Қонысбаев,

Жылыой аудандық сотының судьясы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT