Көрші келіншектің кесірі

Қазақта «Көршінің хақы үлкен» деген нақыл бар. Шынымен де халқымыз «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» деп көп ретте іргелес отырған көршіге сенетіні анық. Алайда «Адам аласы ішінде» деген де бар емес пе?! Әсіресе, қазіргі нарықтың қымбатшылығы екі өкпеден қысып тұрған заманда көршің де жолдан тайып кетуі әбден мүмкін. Төмендегі оқиға – дәл соның айғағы.

Облыстық полиция департаментің фейсбук парақшасындағы хабарламаға қарағанда, өткен жылдың шілдесінде аудандық полиция бөліміне 1954 жылы туған Құлсары қаласының тұрғыны шағымданған. Оның арызындағы ақпаратқа сүйенсек, онда орда бұзар отызды алқымдап қалған көрші әйел өзінің жеке құжатындағы мәліметтерін пайдаланып, сыртынан жасырын түрде шағын несиелер рәсімдеген. Және де одан түскен ақшаны банк картасынан білдірмей шешіп алып отырған көрінеді.

Әрине, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері арызды аяқсыз қалдырмады. Аудан тұрғынының шағымы азаматтық сотқа жолданды. Алайда жетпістің жотасына жетіп қалған қария оған қанағаттанбай, қылмыстық іс көтеруді талап еткен.

Істің насырға шабатынын жақсы білген аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы, полиция лейтенанты Әділбек Елдеспаев бұл материалды өз қолына алып, егде жанға жедел түрде көмек көрсетуге бел буады. Ол үшін қарияның көршісімен бетпе бет сөйлесіп, мұндай теріс әрекеттің салдары мен себептерін егжей-тегжейлі түсіндіреді. Нәтижесі жаман емес. Анықтаушының ақылынан кейін жақсылап ойланған күдікті көп ұзамай бір жыл бойына жабылмай келген барлық несиені бір айдың ішінде толықтай төлеп тастады.

- Менің несие тарихымда үлкен көлемде бір және бес шағын несиелер болды. Оларды көршім жалғыз тұратынымды пайдаланып, менің сеніміме кіру арқылы иемденген. Мен де оны басында өз қызымдай көріп, көмектескен едім. Бірақ, ол кейіннен «несиелерді мен алмадым» деп мойындамай, әбден әбігерге түсірді. Соның кесірінен мен өз зейнетақымды ала алмай қалдым. Амалсыз полицияға шағымдандым. Арызым бойынша аудандық полиция бөлімінің анықтаушысы Әділбек Елдеспаев көмек көрсетті. Ол бір жыл бойына шешімі табылмай келе жатқан мәселемді бір айдың ішінде түйінін тарқатып берді. Жәй ғана түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы нүкте қойды. Қазір электронды үкімет порталындағы несиелер тарихымды қарасам тап-таза тұр. Осыған байланысты Әділбек Елдеспаевқа үлкен алғысымды білдіремін. Алға қарай да жұмысына табыс, абырой-бедел, сәттілік тілеймін. Әділбектей өз ісін әділ де адал атқаратын қызметкерге әрқашан да қолдау көрсетіліп, алғыс жарияланса деймін,-дейді аудан тұрғыны өз ризашылығын жеткізіп.

Иә, Әділбек Елдеспаев - аудандық полиция бөлімінің ең білікті маманының бірі. Үш тілді жетік меңгерген. 2010-2014 жылдар аралығында «Болашақ» бағдарламасымен Ресей Федерациясында білім алып келді.

Еліміздің ішкі істер органы саласында осындай мықты мамандардың білімі мен біліктілігіінің арқасында көптеген тұрғынның күрмеуі қиын күрделі мәселелерінің түйіні тез тарқатылып жүр.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT