Құлқынның құлы боп, құрыққа түсті

Бөлім басшысының үстінен арыз жазды. Параға қажетті қаржыны сондағы жедел тергеу тобының қызметкерлері тауып бере алды. Бірақ бөлім басшысы сауысқаннан да сақ болып шықты. Сенім артқан ортадағы делдал мұғалімін ертіп, кештетіп үйіне барғанда оңайлықпен ақшаны алып қала қоймады. Есіктен кіре сала «500 мыңды әкелдім» деп дауыстап сөйлеген директорды қабылдамай тастады. Өйткені өзі секілді парақорлардың «үндеместің» жасырған дыбыс-бейнежазғыш құрылғыларының құрығына түсіп, темір торға тоғытылып жатқанын әлеуметтік желі мен теледидардан көрген басшы өз көлеңкесінен де сақтанып жүретін.

Оның үстіне директордың «ақша алып келдім» деп саңқ ете түсуі зәре-құтын қашырып жіберді. Сондықтан тек арада төрт күн өткеннен кейін ғана «пара берушінің» басшысының пәтерінде қайта кездесудің сәті түсті. Бұл жолы да қас қарайған кешкі мезгілде келген ол үй иесінің ымдап көрсетуімен сырттағы сәкінің үстіндегі жамылғының астына 200 мың теңгені қыстырып кетті. Бұл ақша агенттік қызметкерінің арнайы дайындап қойған ірі банкноталары еді. Арада екі күн өткеннен кейін олар бөлім басшысының қызмет кабинетінде кездесті. Мұнда да бір-бірімен ымдап қана түсіністі.

Стикер қағазға қалған ақшаның мөлшері жазылды. «Директорлық лауазымда қаламын ба?» деген сауалды да тілдей сары қағаз арқылы жазбаша жолдады. Басшы «Иә» деген жауабын басымен изеп білдірді. Келесі күні түнгі мезгілде тағы үйде кездесуге келісті. Есігін қаққанда өзі шығып, ақшаны қоятын жерді ыммен көрсетті де, өзі ауланың іші-сыртын аралап, тексеруге кетті. Қалған 300 мың теңгені сәкінің үстінде тұрған қаймақтың бос қалбырының астына қойып, екеуі үйге кіріп шәй ішуге кірісті. Онда да ыммен түсінісіп, «Бәрі жақсы болады» дегенді де басшы ишарамен білдірді. Бірақ қанша ым-жыммен сөйлессе де бөлім басшысы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің жедел тобының қызметкерлерін алдай алмады.

Директор мен екеуінің әрекетін сырттай бақылап жүрген тергеушілер көп ұзатпай бөлім басшысын құрықтап, пара алған кезінде ұстады. Қолына кісен салып, үстінен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің «Пара алу» деп аталатын 366-бабының 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғады. Жауаптан жалтарса да жазадан құтылмады Алдын ала тергеу амалдары кезінде бөлім басшысының кінәсі толықтай дәлелденді. Айыпкер де өз кінәсін толықтай мойындады. Бірақ сот процесі басталғанда алғашқы берген жауаптарынан жалтарып шыға келді. Алайда тергеу кезінде алдын ала жинақталған іс материалдары, түрлі дәлелдемелер мен куәлардың айғақтық сөздері бұрынғы басшының заң алдында жасаған кінәсін мойынына қойып берді. Сондықтан сот оның әрекетін Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігімен дұрыс дәрежеленген деп санады.

Өйткені ол «Пара алу», яғни заң тілімен айтқанда «мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген, лауазымдық жағдайына байланысты осындай әрекеттерге ықпал жасай алатын, қызметтiк өкiлеттiктеріне кiретін адам бола тұра, пара берушiнiң пайдасына жасаған әрекеттері үшiн айтарлықтай мөлшерде пара алып, сыбайлас жемқорлық санатына жататын ауыр санаттағы қылмыстық құқық бұзушылықты қасақана жасаған» деп танылды. Бұрынғы бөлім басшысының қылмыстық ісін аудандық соттың төрағасы Мұратқали Ысқақовтың өзі қарады. 2024 жылғы 17 қазандағы аудандық соттың үкімімен айыпкер әйел Қылмыстық кодекстің 366-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды.

Сондықтан оған осы бап бойынша мемлекеттік қызметте, судья қызметін, жергілікті өзін-өзі басқару органдарында, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкінде және оның ведомстволарында, қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органда, мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілеріндегі лауазымдарды атқаруға өмір бойына айыра отырып, параның 50 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 25 000 000 теңге айыппұл жазасы тағайындалды.

Қылмыстық кодекстің 62-бабы 3-1 бөлігі 4) тармағына сай сотталушының 2023 жылғы 22 қарашадан 2023 жылғы 24 қарашасы аралығында күзетпен ұстауда болған екі күннің бір күні төрт айлық есептік көрсеткіш мөлшерімен есептеп, 27600 теңге және 62-баптың 4-бөлігіне сәйкес 2023 жылғы 24 қарашадан бастап 2024 жылғы 17 қазанға дейін «үй қамақта» болған 329 күн уақыты айыппұл түрiндегi жаза мерзiмiне енгізіліп, екі айлық есептік көрсеткіш үшін үйқамақта ұстаудың бiр күнi есебiмен 2270100 теңге жаза мерзімі ретінде есепке алынды.

Сөйтіп айыпкер түпкілікті 22 702 300 теңге айыппұл жазасына кесілген еді. 500 мың теңге пара алып, 17 млн теңге айыппұл арқалады Бірақ аппеляциялық шағымның нәтижесінде аталған қылмыстық іс облыстық соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасында қайта қаралды. Ондағы сот қаулысымен Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодекстің 55-бабы 2-бөлігінің 2-тармағы негізінде сотталушыға параның 40 еселенген сомасы мөлшерінде, яғни 20 000 000 теңге айыппұл арқалатып, түпкілікті 17 702 300 теңге айыппұл жазасы тағайындалды.

Зинаида Қуанышева, аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы

Дайындаған Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT