Көлік тізгіндеген келіншекті не күтті?

Қазір ер-азаматтармен жарысып әйелдер де арақ ішіп, сыраға сылқия тойып алатыны өкінішті жайт. Онымен де қоймай «ахаңның» буымен темір тұлпардың тізгініне жармасып, желдей жүйткитінін қайтерсің?! Төменде орын алған оқиға - дәл соның айғағы.

Мамыражай мамыр айының таңында түнімен ішіп, масаң күйінде «Lexus»-тің рөліне отырған 32 жастағы келіншек, әрине, алдында не күтіп тұрғанын білген жоқ. Расында да ішімдіктің буы ешнәрсе ойлатуға мұрға бермеді. Жүйткіп келе жатқан шетелдік жүйрік көлік қос көшенің қиылысына келгенде бас бермей кетті. Темір тұлпардың тізгініне ие бола алмаған әйелдің астындағы автокөлік тас жолдан шығып кетіп, аударылып қалды. Абырой болғанда қайғылы жағдай орын алмады.

Оқиға орнына келген жол-патрульдік полициясының қызметкерлері рөлдегі келіншектің жүргізушілік куәлігінің жоқ екендігін анықтады. Көлік құралын басқару құқығы жоқ бола тұра, мастықпен темір тұлпарды тақымына басқан нәзік жанға дәрігерлер алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жол тәртіп сақшылары үстіне заң шеңберінде хаттама толтырды. Оның іс-әрекеті Қазақстан Республикасы Ішкі істер Министрлігінің 2023 жылғы 30 маусымдағы №534 бұйрығымен бекітілген, Қазақстан Республикасының Жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзу болып саналды. Яғни, жасаған әкімшілік құқық бұзушылық әрекеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 8-бөлігі бойынша сараланды. Көп ұзамай ісі аудандық сотқа жолданды.

Сот отырысында құқық бұзушы хаттамада көрсетілген мән-жайды растап, жол-көлік оқиғасын жасағанын толық мойындады. Ал жоғарыдағы ӘҚБтК-нің 608-бабының 8-бөлігінде және осы баптың 6,7- бөліктерінде көзделген, осы кодекстің 50-бабының 2-бөлігіне сәйкес «әкімшілік қамаққа алу қолданылмайтын адамдар жасаған әрекеттер 200 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соқтыратын әкімшілік жауаптылық» көзделген. Өйткені сотта әйелдің көлік құралын басқару құқығының жоқтығы және он төрт жасқа дейiнгi балаларының бар екендігі анықталды. Расында да Қазақстан Республикасының құқық қорғау, арнаулы мемлекеттік және өзге де органдарының ақпарат алмасу жүйесінің мәліметі бойынша құқық бұзушы 2012, 2015 және 2017 жылдары туған балаларының анасы екені анықталды.

Сондықтан аудандық соттың қаулысымен құқық бұзушы әйел Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 8-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сөйтіп, оған әкімшілік жаза ретінде 550 480 теңге көлемінде айыппұл салынды.

Индира Оңайжанова,

аудандық сот әкімшісінің бас маманы,

сот мәжілісінің хатшысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT