Еліміз үшін ең маңызды мерекенің бірі - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні.
1995 жылдың 30 тамызында Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтіп, алғаш рет халқымыз өзі таңдау жасап, қазіргі Конституциямызды қабылдады. Міне, содан бері басты құжатымыз республика азаматтарының заңды құқықтары мен бостандықтарын қорғап келеді.
Иә, Ата Заң - мемлекетіміздің өркендеуіне негіз қалаған төлқұжат. Заңдардың қайнар көзі, бастауы – Конституцияның сан жылдар бойы қалыптасып, жалпыға міндетті ережелерді қамтыған ең жоғары заңдық күші бар. Конституциямыздың қабылданғанына биыл 30 жыл толып отыр.
Шынында да дала заңынан бастау алған, әділеттік-құқықтық жүйенің мәдени және демократиялық дәстүрлеріне негізделген Ата Заңды дайындау үшін қыруар жұмыстар атқарылғаны белгілі.
Елдің игілігіне қызмет етуге тиіс, мемлекеттің болашағына бағыт-бағдар беруді мақсат еткен заңды әзірлеу үшін жұмыс тобына үлкен жауапкершілік жүктелді. Қазақы болмысты сақтай отырып, дамыған елдердің тәжірибелерін арқау еткен Ата Заңымыз мемлекетіміздің болашағы үшін ұзақ жылдар қызмет ететіні сөзсіз.
Жалпы «Конституция» сөзі - латынның «constitucio» сөзінен шыққан, «орнықтыру» деген мағынаны береді. Осы негізгі заңда мемлекетіміздің ең қымбас қазынасы - адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруда ешкімнің оны бұзуға, заңға қайшы келмейтін барлық тәсілдерімен қорғалатыны, қадір-қасиетін қорлайтындай жәбір көрсетуге, не жазалауға жол берілмейтіні, әркім өз құқықтары мен бостандықтарын сот арқылы қорғауға, өмір сүруге құқығы бар екені нақты көрсетілген.
Егемендігімізді баянды еткен, болашағымызға жарқын жол көрсеткен Ата Заңымызды құрметтей білу - ұлтымызға, барша қазақстандықтарға үлкен сын, айшықты міндет.
Гүлзада Жанғазиева,
аудандық сот әкімшісінің аға сот приставы