«КӨКЕК ӘКЕ» ҚАМАУҒА АЛЫНДЫ

Қазіргі қоғамның тағы бір өзекті мәселесінің бірі – ажырасу. Ерлі-зайыптылардың айрылысу деректері көбейген сайын алимент өндіру де өзекті мәселеге айналып бара жатыр. Жасыратын не бар, бүгінде «көкек әкелер» қатары да көбейіп кетті. Олар бұрынғы әйелімен арадағы келіспеушіліктен туындаған проблеманы заң бойынша баласына тиесілі алиментті төлемей, «кек» алу арқылы шешетін секілді. Әйтпесе қол-аяғы балғадай азаматтың «жұмыста жоқпын» деген желеумен алимент төлемеуі қай қисынға жатады.

Бірақ қай-қай жағдайда да екі ортада жазықсыз сәби зардап шегері белгілі. Оны түсінетін ата-ана қайда?! Бірақ ондай безбүйрек жандар қазіргі таңда заң талаптарының қатайып, тағайындалар жазаның ауыр боларын білем ме екен? Төмендегі қаралған «көкек әкеге» қатысты іс – соның айғағы.

Аудандық соттың 2015 жылғы 19 қаңтарында борышкер Р.А. есімді азаматтан бұрынғы әйелі Н.К-ның пайдасына кәмелетке толмаған балаларды бағып-күту үшін кірісінің 1/4 мөлшерінде алимент өндіру туралы сот бұйрығы шыққан еді. Осы атқару құжаты негізінде жеке сот орындаушы А.Шагированың 2023 жылдың 24 сәуірде атқару өндірісі қозғалып, атқарушылық өндірісті қозғау туралы қаулы қабылданған-ды. Биылғы жылдың 22 қаңтардағы берешекті анықтау туралы қаулысына сәйкес Р.А.-ның 2017 жылдан бастап, биылғы жылдың қаңтар айына дейінгі берешек қарыз сомасы 4 796 475 теңгені құраған. Бірақ соған қарамастан, ол алимент төлеу туралы өзінің міндетін орындамағаны анықталды. Осы негізде аудандық аумақтық бөлімнің аға сот орындаушысы 6 ақпан күні әкімшілік құқық бұзушылық жөнінде хаттама толтырылып, сотқа жолдаған.

Сот отырысында Р.А. әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі аға сот орындаушының толтырылған хаттамасына сәйкес кінәсін толық мойындады. Алиментті төлей алмауының себебін «жұмыста болмауына байланысты» деп түсіндірді. Оның айтуынша, мұншама ақшаны төлеуге мүмкіндігі болмағанын, ата-анасымен бірге тұратынын көрсетіп, алдағы уақытта «жұмысқа кіргеннен кейін төлейтінін» айтып сотқа түсініктеме берді. Аға сот орындаушысы К.Мұхитова да борышкердің алимент бойынша берешегін төлемегенін, осы жылдың қаңтар айына дейінгі қарыз сомасы 4 796 475 теңгеге жеткенін хабарлады.

Бірақ сот алдында «жұмыста жоқпын» деген жауабы борышкерді ақтап ала алмады. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау, жеке тұлғаларға - бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соқтыратыны көрсетілген.

ӘҚБтК-нің 765-бабының 1-бөлігінің талаптарына сәйкес: «Жүргізуінде әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы іс жатқан судьяның немесе органның осы кодексте белгiленген тәртiппен әкiмшiлiк құқық бұзушылық құрамының барлық белгілері бар іс-әрекеттің болғанын немесе болмағанын, өзіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізіліп жатқан тұлғаның осы іс-әрекетті жасағанын немесе жасамағанын, осы тұлғаның кiнәлiлiгiн не кінәсіздігін анықтауына негіз болатын заңды түрде алынған нақты деректер», сондай-ақ «iстiң дұрыс шешiлуi үшiн маңызы бар өзге де мән-жайлар» әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы iс үшін дәлелдемелер болып табылады.

Аудандық соттың 2022 жылғы 26 сәуірдегі және 2022 жылғы 20 желтоқсандағы қаулыларына сәйкес, жауапқа тартылып, жаза қолданылған. Р.А.Абдрахманов енді қазіргі әрекетімен ӘҚБтК-нің 669-бабының 1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылықты жасап отыр. Оның кінәсі өзінің мойындау жауабымен, биылғы жылдың 6 ақпан күнгі әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамасымен, аудандық соттың 2015 жылдың 19 қаңтардағы сот бұйрығымен, 2023 жылғы 7 қарашадағы берешекті анықтау туралы қаулымен, жеке сот орындаушы А.Шагированың былтырғы 24 сәуірдегі атқару өндірісін қозғау туралы қаулысымен, ескертулер мен хабарламалармен, сотта зерттелген іс құжаттарымен толықтай дәлелденеді. Сондықтан оның құқық бұзушылық іс-әрекеті сот орындаушымен дұрыс сараланған.

Р.А.-ның әкімшілік құқық бұзушылық әрекетінен өзінің алимент бойынша берешегін саналы түрде төлемей жүргенін, жұмысқа тұрмағанын, жұмысқа кіруге ешбір кедергі болмағанын, соның кесірінен тоғыз жылдан бері төленбей келген берешек сомасы 4 796 475 теңгеге жеткенін ескеріп, оған айыппұл салғанша 5 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жазаны қолданған дұрыс деп санады.

Сөйтіп, «көкек әке» Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 669-бабының 1-бөлігімен көзделген құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, аудандық соттың қаулысымен әкімшілік жаза ретінде 5 тәулік мерзімге қамауға алынды.

Бұл алимент төлеуден жалтарып жүрген өзге азаматтарға ащы сабақ болса керек.

Айжамал КӨПТІЛЕУОВА,

аудандық соттың бас маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521