Әкімшілік жаза күшейтілді

Соңғы жылдары аудандық сот өндірісінде әкімшілік істер қатары өскен. Бұл еліміздегі Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты. Соған сәйкес әкімшілік тұрғыдан құқық бұзған азаматтарға тағайындалатын жаза түрлері де күшейтіліп отыр. Бұл жөнінде тоғыз айдың қорытындысы бойынша журналистермен жүздескен аудандық соттың төрағасы Мұратқали Ысқақов мәлім етті.

Айталық «Отбасы-тұрмыстық қатынастар аясындағы құқыққа қарсы әрекеттер» деп аталатын 73-бапқа сәйкес өткен жылдың тоғыз айының ішінде сотқа 165 іс түскен болса, биылғы осы кезеңде 272 іс өндіріске қабылданған екен. Былтыр оның 163-і қаралса, жыл басынан бергі кезеңде 268 іске соңғы нүкте қойылған. Әкімшілік істердің өскенін осы бір деректен-ақ аңғаруға болады.

-73-бапқа жаңадан енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, құқық бұзушылық орын алса, енді әйелін де жауапкершілікке тарту жағы қарастырылған. Бұл қалай дейсіз ғой? Егер күйеуінен зәбір көрген келіншек ашумен полиция шақыртып қойып, тәртіп сақшылары келгенше татуласып, арыз жазудан бас тартса, «жалған хабарлама бергені үшін» үстінен әкімшілік іс қозғалатын болады. Сондықтан әйел адамдар Құдай қосқан қосағының үстінен шағымданарда ашуға бой бермей, ең алдымен, сабыр сақтап, жақсылап ойланып алғаны абзал,-дейді сот төрағасы.

Жалпы отбасылық-тұрмыстық қатынастарға қатысты бап «Денсаулыққа қасақана зиян келтіру», «Ұрып-соғу» деп аталатын 73-1, 73-2 баптармен толықты. Осыған сәйкес жолдасы әйелін ұрып-соғып, мұндай құқық бұзушылық бір жылдың ішінде қайталанатын болса, онда бірден 20 тәулікке әкімшілік қамауға алынатын болады. Сонымен қатар, жолдасынан зәбір көрген нәзік жандыны қорғау мақсатында полиция бөлімінің қойған «Қорғау нұсқамасын бұзған» ер-азаматқа тағайындалар жаза түрі де күшейтілді. Ондай отағасы қазір бірден 10 тәулікке қамауға алынады.

-«Жала жабу» бабы бойынша жүктелген жауапкершілік те жоғары. Бұл әсіресе әлеуметтік желілерде белең алғаны аян. Мәселен, көпшілік алдында немесе бұқаралық ақпарат құралдары, болмаса басқа да телекоммуникациялық желілер арқылы азаматтың абыройы мен қадір-қасиетіне нұқсан келтірсе, онда 73-2 бабының 1, 2 - бөлігі бойынша 500-600 айлық есептік көрсеткіш аралығында айыппұл төлеп немесе 20-25 тәулік әкімшілік қамауға алынады. Ал «сыбайлас жемқорлық, басқа да ауыр немесе аса ауыр қылмыс жасады» деп орынсыз айыптаса, тағайындалар жаза одан да ауыр. Дәл осы бап бойынша аудандық сотта осыған дейін екі іс қаралып, екі азамат жергілікті құзырлы орган басшыларына орынсыз жала жапқаны үшін жауапқа тартылып, тиісті жазасын алды, -дейді М.Ысқақов.

Қазіргі таңда автокөлікті ішімдік ішкен мас күйінде жүргізетін жүргізушілер қатары азаймай тұр. Бұл орайда күдік туғызған кейбір темір тұлпар иелерінің «ішкен жоқпын» деп жол-патрульдік полиция қызметкеріне жеңістік бермей, «алкотестен» өтуден бас тартып жататыны жасырын емес. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне енгізілген өзгерістерге сәйкес осы мәселеге орай арнайы 613-баптың 4-бөлігі қарастырылған. Онда өз-өзіне сенімді жүргізуші мастықты куәландырудан өтіп, ішпегенін дәлелдеп шығуы тиіс. Керісінше жағдайда осы баптың 4-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ал оның жазасы мас күйінде ұсталған жүргізушінің жазасынан да ауыр. Он бес тәулікке қамалып, 8 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айрылады.

Кездесуге Әкімшілік кодекске енгізілген өзге де өзгерістер мен толықтырулар туралы айтылды. Соның ішінде «Сотты құрметтемеушілік», «Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзу» деп аталатын 653-ші, 200-баптарының және өзге де әкімшілік заң нормаларындағы өзгерістер түсіндірілді. Әсіресе түнімен арақ-шарап, темекі сатып, заңды өрескел бұзатын сауда нүктелеріне тағайындалар жаза түрлері күшейтілген. Өйткені өңірдегі жасалып жататын көптеген әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылық оқиғалар осы «жынды судың» кесірінен орын алып жататыны анық. Соңынан сот төрағасы Мұратқали Ысқақов журналистердің қойған сауалдарына жауап берді.

Ербол ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521