Әкімшілік жауапкершілікке тартылған әйел

Түн тыныштығын күзеткен тәртіп сақшыларының назарына іліккен бұл оқиға аудан жұртшылығының жағасын ұстатты. Әдетте ащы суды сіміріп, көлік тізгіндеп тәртіп бұзатын ер адамдар болса, бұл жолы масаң күйде автокөлік тізгіндеген әйел адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 7 жылға жүргізушілік құқығынан айырылды.

Оқиға былай болған. Тамыз айының алғашқы күні, түңгі сағат 00:00 шамасында аудандық полиция бөліміне қарасты патрульдік полиция қызметкерлері кезекті рейдтік іс-шара барысында күдік тудырған жеңіл автокөлікті тоқтатқан. Көлік жүргізушісі әйел адам екенін көрген тәртіп сақшылары оның әрекеттері мен сөйлеу мәнерінде ауытқушылық белгілерін байқаған. Осылайша олар жүргізушіні бірден медициналық тексерістен өткізіп, сараптама нәтижесінде оның алкогольдік сусын қолданғанын анықтады. Бұл оқиға бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабының 1-бөлігіне сәйкес әкімшілік іс қозғалды. Онда көлік құралын алкогольдік ішімдік ішіп, есірткі немесе басқа да уытты заттардың әсерімен басқарған тұлғаларға қатысты жауапкершілік қарастырылған.

Бүгінде іс сотқа жолданып, аудандық соттың қаулысымен құқық бұзушы азаматша 7 жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды. Ал бұл шешім жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған заңды және әділ шара болып табылады. Оқиғаға байланысты өңір полицейлері де жұмыла жұмыс жасап, мұндай жағдайдың енді қайталанбауы үшін әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы жергілікті халыққа үндеу жолдады. Олар өз сөзінде:

- Аудандық полиция бөлімі аудан тұрғындарына арнайы үндеу жариялап, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Әсіресе, көлік тізгіндейтін әр жүргізуші өзінің үлкен жауапкершілікті алғанын сезінуі керек. Рөл – адам тағдырын шешетін басты құрал. Сондықтан өзіңіз бен өзгенің өмірін ойласаңыз, масаң күйде көлікке жоламаңыздар дегіміз келеді. Мас күйде көлік басқару – бұл тек заң бұзушылық емес. Бұл – өз өміріңізге, жолаушыңызға, сондай-ақ жолда кезігуі мүмкін басқа да адамдарға тікелей қауіп төндіретін өте ауыр қадам. Мұндай әрекет қайғылы оқиғалар мен орны толмас шығындарға әкелуі мүмкін, – дейді полиция қызметкерлері. Сондай-ақ тәртіп сақшылары тұрғындарды жолда мұқият болуға, заң талаптарын қатаң сақтауға, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке бейжай қарамауға шақырады. Өйткені қоғамдағы әрбір адамның қауіпсіздігі – ортақ жауапкершілік.

Д.ІЗБАСАРҚЫЗЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT