Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі 2021 жылдың 1 шілдесінен бастап қолданысқа енгізілді. Кодекс еліміздің заңдарында реттелмеген әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыратын қатынастарды қамтиды. Бұрын осы кодекстің күшімен шешілетін мәселелер Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің 29-тарауымен реттеліп, ерекше талап қою даулары болып қаралып келді. Ерекше талап қою ісін жүргізу даулары болып:
• Сайлауға, республикалық референдумға қатысатын азаматтар мен қоғамдық бірлестіктердің сайлау құқықтарын қорғау туралы арыздар бойынша іс жүргізу;
• Жергілікті атқарушы органдардың азаматтардың алқаби ретінде қылмыстық сот ісін жүргізуге қатысу құқықтарын бұзатын шешіміне, әрекетіне немесе әрекетсіздігіне дау айту туралы арыздар бойынша іс жүргізу;
• Мемлекеттік биліктің, жергілікті өзін-өзі басқару органының, қоғамдық бірлестіктердің, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен мемлекеттік қызметшілердің шешімдері мен әрекетіне дау айту туралы істер бойынша іс жүргізу белгіленген. Осындай даулар енді жаңа кодекспен реттеледі. Және мұнымен қоса басқа да жанжалды мәселелерді реттейді. Жаңа кодекс бойынша әкімшілік талап қою түрлері дау атауына байланысты емес, талап қою түрлеріне қарап мынадай түрге бөлінеді:
1. Дау айту туралы талап қою
2. Мәжбүрлеу туралы талап қою
3. Әрекет жасау туралы талап қою
4. Тану туралы талап қою. Талап қою сотқа жазбаша нысанда, талап қоюшының немесе оның өкілінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында беріледі. Әкімшілік әділет органының негізгі міндеті – азаматтардың құқықтары мен бостандығын әкімшіліктің заңсыз әрекетінен қорғау. Енді арыз жазған адам сөзінің дұрыстығын дәлелдеп, құжаттар жинақтамайды, оны реттеу мемлекеттік органдар міндетіне кіреді.
Сот қос тараптың ұсынған дәлелдемесімен шектеліп қалмайды. Судья талап шегінен шықпай, өз бастамасымен немесе әкімшілік процеске қатысушылардың, яғни мемлекеттік әкімшілік органдар мен лауазымды адамдардың, жеке және заңды тұлғалардың түсініктемесі, арызы, өтінішхаты негізінде қосымша дәлелдемелер жинақтайды.
Гүлзада Жанғазиева,
аудандық сот әкімшісінің жетекші маманы