Киік даланың киесі емес пе еді?

Өткен ғасырдың 60-70 жылдары қазақ даласындағы киіктің саны 1 миллион 20 мыңнан асып жығылыпты!

Ал 2003 жылы 21 мыңдай ғана киік қалғаны белгілі болса, бүгінде одан да аз. Бұрын автокөлікпен жолға шыға қалсақ көліктің алдын кесіп заулап бара жататын түз тағысы бүгінде жоқ. Олар кең даласына сыйғызбаған қатігез адамдардан түңіліп, біржола безіп кеткендей.

Киік немесе ақбөкен шөл, шөлейтті және далалық аймақтарда тіршілік етуге бейімделген. Ауа – райына, жайылымының жағдайына байланысты қоныстарын кейде ауыстырып отырады. Әйтпесе, қай аймақта да киіктердің арнайы түрде лақтайтын, өрістейтін тұрақты жері, сол өңірге жыл сайын жылы жақтан келіп, кері қайтатын арнайы жолы болады. Олар көктемнің кеш туатынын, қыстың қарлы боранды, суық болатынын алдын-ала болжап біледі, соған сәйкес тіршілік етеді. Киіктер жұп тұяқтылардың ең өсімталы, жылына бір рет лақтап, өсіп – өнеді. Лақтарын құралай деп атайды. Жыл сайын мамыр айының 19-21 жұлдызы аралығында «Құралайдың салқыны» деп аталатын ауа райының құбылмалы кезеңі өтіп тұрады. Бұл күндері жаңбыр, кейде қар аралас жаңбыр жауып, температура суытады, салқын жел соғады. Өйткені, мамыр айының алғашқы жартысында киіктер 2-3 күнде лақтап болып, балалары жерде жатады. Күн суытысымен-ақ олар ызғарлы жерден тұрып, тәлтіректеп аяқ басып, енелерінің соңынан ерген күйі жүруді үйренеді. «Құралайдың салқыны» - табиғат – ананың киіктердің лағын ширатып, тіршілік етуге қадам бастырып, тәрбиелейтін қатал да ізгі мінезі. Киіктер көбінесе егізден, кейде 3 лақтан туады. Енесі өлген лақты киіктердің кез – келген ұрғашысы емізіп, аштан өлуіне жол бермейді. Бұл олардың аса мейірбан әрі киелі екенін білдіреді.

Түз тағысы емдік өсімдіктердің сексеннен астам түрлерімен қоректенеді. Олардың басты жауы – қасқырлар мен қарақшы аңшылар, лақтарының жауы – қарақұстар мен дала бүркіттері. Қазақстанда 1921 жылы киіктерді аулауға тиым салынды да, 1957-58 жылдары олардың саны 2 миллионнан асқандықтан қайта аулауға рұқсат етілді. Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 267 арнайы қаулысымен 2005 жылғы 25 наурыздан бастап елімізде ақбөкендерді аулауға тағы да қайта тыйым салынып, қорғау шаралары қолға алына бастады.

Қазақ киікті дәріптеп: «киелі жануар , «қасиетті аң» деп бағалайды, ыңғайлы, әдемі заттарды «киіктің асығындай екен» деп, сұлу жанды «киіктің құралайындай әсем екен» деп суреттейді. Және де көпке араласпай, жеке жүретін, саяқ өмір сүретін жандарды «кісі киік» деп атайды. Біздің ана тілімізде «киіктің ойнағы, киіктің жатағы, киіктің суаты» деген бірқатар сөз тіркестері бар. «Құралайдың салқыны деп аталатыны тәрізді ауа – райында «Текенің бұрқағы» дейтін де кезең бар. Оны «киіктің маталуы» деп те атайды. Бұл кезде киіктің ұрғашысы мен еркегі болашақ төлдің негізін салады. Сонда күн бұзылып, алай – дүлей боран да соғады. Ол желтоқсан айының соңғы онкүндігінде болады. Мұнда ұрғашы киіктерді қашыру 2-3 күннің ішінде толық аяқталады. Содан, көптеген аталықтар әлсірейді де біразы жыртқыштарға жем болып, саны азаяды.

Киелі жануардың жан шошытарлықтай статистикалық тұрғыда азаюына браконьерліктің кесірі тиді. Браконьерлікті жазалайтын заң баптары әлі де жұмсақ деп есептейді табиғат қорғаушылары. Киікті (текесін) мүйізі үшін қырды. Оны контрабандалық жолмен Қытай, басқа да шетелдерге асырған қылмыс өршіді. Экологиялық аҺуал да сұлу жануардың қырылуына зиянды әсерін тигізуде. Өткен жылы Батыс Қазақстан облысының Жәнібек ауданында киіктердің жаппай қырылу жағдайлары орын алды. Өлген киіктер саны 12 мыңнан асты.

Даланың киесі киік даладан неге қашты? Ойланайықшы, адамзат! С.Тәжіқызы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT