Киберқылмыс пен интернеттегі алаяқтықпен күресу үшін жаңа цифрлық шешім кеңінен қолданылып жатыр. Күдікті транзакцияларды автоматты түрде анықтайтын алгоритмдер жасанды интеллект көмегімен қолданылады. Сонымен қатар Ұлттық банк пен Ішкі істер министрлігіне ортақ «Антифрод-орталық» жүйесі алаяқтық транзакцияларын дер кезінде бұғаттауға мүмкіндік беріп отыр. Осы бағытта «KazDream», «Seven Hills of Kazakhstan» мекемелері жасаған бағдарламалардың да көмегі көп.
Мұрат ЖЕТПІСБАЕВ
Биылғы 9 айда облыс көлемінде интернеттегі алаяқтық қылмыстың 454 дерегі тіркеліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 128%-ға өсіпті. Байқоңыр қаласында жүргізілген жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде 24 жастағы тұрғыннан ұялы байланыс жүйелерін заңсыз пайдалану арқылы абоненттік нөмірлермен бір мезетте жаппай қоңырау шалуға арналған 32 слотты «Sim-бокс» құрылғысы табылды. Оның баспанасын тінту барысында «Sim-бокс» құрылғысынан бөлек, 2 ноутбук, модем және банктік төлем карталары анықталып, айғақ зат ретінде тәркіленген.
Алматы мен Түркістан қалаларында жүргізілген операциялар нәтижесінде көптен бері азаматтардың қаражатын алаяқтық жолмен жымқырып, табыс көзіне айналдырып келген қылмыстық топтың жолы кесілді. Олар «Instagram» желісінде «Несие алуға көмектесеміз!» деген жалған жарнама жариялап, қызығушылық танытқан азаматтарды алдап, аттарына несиелер рәсімдетіп, қаражаттарын букмекерлік кеңселері арқылы заңсыз иемденіп отырған. Тергеп-тексеру барысында осы қылмысты ұйымдастырушы 24 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны Алматы қаласынан ұсталды. Күдіктіден қылмыстық мақсатта қолданылған 3 ұялы телефон, 14 SIM карта, банктік төлем карталары және 2 пакетке салынған есірткі затына ұқсас ақ түсті ұнтақ айғақ зат ретінде тәркіленді. Қылмыстық схеманың қалған 4 қатысушысына қатысты тергеп-тексеру әрекеті жүргізіліп жатыр. Бұған дейін 131 эпизодты интернеттегі алаяқтық қылмысын жасаған Астана қаласының 30 жастағы тұрғыны құрықталып, оған қатысты қылмыстық істердің барлығы сотқа жолданған еді.
«Киберқадағалау» ақпараттық жүйесінің әлеуметтік желіде жүргізген мониторингі арқасында алаяқтықтан бөлек синтетикалық есірткіні жарнамалап келген 1 120 сайттың жұмысы тоқтатылыпты. Жалпы, есірткі қылмысын болдырмау бағытында жыл басынан бері 237 құқық бұзушылық анықталып, заңсыз айналымнан 1 тонна 570 килограмм есірткі заттары тәркіленген.
Қызылорда


