Халықтың қауіпсіздігі – бақылауда

Аудан аумағындағы қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. Қазіргі таңда өңірде 875 бейнебақылау камерасы үздіксіз жұмыс жасап тұр. Бұл құрылғылар жол қозғалысын, қоғамдық тәртіпті және төтенше жағдайларды бақылауға мүмкіндік беріп, кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуға жағдай жасайды. Камералардан түсетін барлық ақпарат аудандық Полиция басқармасының Жедел басқару орталығына шоғырланады. Мамандар тәулік бойы жолдағы ахуалды, қоғамдық тәртіпті және шұғыл жағдайларды бақылап, қажет кезде бірден тиісті қызметтерді іске қосады. Осылайша қала инфрақұрылымын жаңарту мен құқық қорғау жүйесінің өзара үйлесуі тұрғындар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған кешенді саясаттың маңызды бөлігіне айналып отыр. Көзге көрінбейтін осы қырағы бақылау жүйесі қаладағы әрбір қадамды қадағалап, әрбір оқиғаның алдын алуда.

Жедел басқару орталығының мәліметінше, жыл басынан бері ауданымызда бейнекамералардың көмегімен 5000-нан астам әкімшілік құқық бұзушылықтың алды алынған. Құқық бұзушылық анықталған сәтте ақпарат бірден қоғамдық қауіпсіздік бөлімшесі мен әкімшілік полиция қызметкерлеріне жолданып, оқиға орнына жедел түрде қызметкерлер жіберіледі. Ал азаматтар бөлімге жеткізілген соң масаң күйде қоғамдық тәртіп бұзғандарға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 440-бабы бойынша хаттама толтырылады. Тұрақты мекен-жайы жоқ азаматтар сауықтыру орталықтарына жіберіледі. Сонымен қатар қоғамдық орындарда топтасып жүрген жасөспірімдер де назардан тыс қалмайды. Мұндай жағдайда олар бөлімге жеткізіліп, тексеру жұмыстары жүргізіледі.

Айта кету керек, бейнебақылау жүйесінің көмегімен 35-ке жуық қылмыстық іс ашылған. Жедел басқару орталығы – қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең маңызды құрылымдардың бірі. Мұнда жол қозғалысынан бастап қоғамдық тәртіп пен төтенше жағдайларға дейінгі барлық ақпарат жиналып, жедел түрде қаралады. Қазіргі заманғы бақылау және басқару жүйелері жол қозғалысын да реттеп, кез келген тосын жағдайға жылдам әрекет етуге мүмкіндік береді. Жол қауіпсіздігі – бөлек жауапкершілік. «Сергек» және «Аркан» жүйесінің камерасы қаладағы жол қиылыстарында орнатылып, қозғалысты тәулік бойы бақылайды. Бұл жүйелердің барлығы бір-бірімен байланысып, бірыңғай қауіпсіздік тізбегін құрайды. Халық көп шоғырланатын жерлер де назардан тыс қалмаған. Жедел басқару орталығының бір күні - бұл уақытпен жарысқан, мыңдаған көзге көрінбейтін қырағы бақылаулардан құралған, қала тұрғындарының бейбіт өмірі үшін жасалған жауапты еңбек. 

«Жол инфрақұрылымының жаңаруы да бұл жұмыстың тиімділігін арттыра түсуде құқық қорғау органдарының жұмысын айтарлықтай жеңілдетіп тұр» дейді сақшылар. Жылыой аумағындағы ауылдық округтерде де қылмыстың алдын алу шаралары күшейтілген. Барлық округте қоғамдық тәртіп тұрақты бейнекамералар арқылы бақылауда ұсталып отыр. Сонымен қатар бірқатар нысандарда дабыл құрылғылары орнатылған. Бұл құрылғылардан түскен қоңыраулар тікелей «102» нөміріне келіп түсіп, оқиға орнындағы жағдай жедел түрде полиция қызметкерлеріне жеткізіледі. Қоғамдық орында темекі шегу, қоқыс тастау секілді ұсақ құқық бұзушылықтарға да ерекше көңіл бөлінуде. Қоғамдық тәртіпті сақтау бағытында яғни 434-бап бойынша (Ұсақ бұзақылық) бойынша 500-ге жуық әкімшілік хаттама жасақталған. Ал жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593 және 613 баптары аясында түсіндіру және ескерту жұмыстары жүргізілуде. Әсіресе қауіпсіздік белдігін тақпау деректерінің алдын алу – басты назарда. 

Қорыта айтқанда бейнебақылау жүйесі мен Жедел басқару орталығының үйлесімді жұмысы аудан тұрғындарының тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуде айрықша маңызға ие. Бұл - тек техникалық құралдар жиынтығы емес, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтауға бағытталған нақты әрі нәтижелі тетік. Бүгінде қала көшелері мен жолдарындағы әрбір қозғалыс, қоғамдық орындардағы ахуал, тіпті ауылдық округтердегі жағдай жедел бақылауда. Мұның барлығы кез келген құқық бұзушылықтың алдын алуға, ал төтенше жағдай орын алған сәтте уақыт оздырмай әрекет етуге мүмкіндік береді. Қауіпсіздік тұрақты әрі үздіксіз жұмысты талап ететін процесс екені осыдан-ақ аңғарылады. Жол инфрақұрылымының жақсаруы, бейнебақылау камераларының көбеюі және құқық қорғау органдарының жедел әрекеті тұрғындардың өздерін сенімді сезінуіне ықпал етуде. Қоғамдық тәртіптің сақталуы әрбір азаматтың ортақ жауапкершілігі екенін де ұмытпаған жөн. Себебі қауіпсіз қала заңның күшімен ғана емес, тұрғындардың саналы әрекетімен қалыптасады. Алдағы уақытта да мұндай кешенді жұмыстар өз жалғасын табады. Қауіпсіздікке бағытталған заманауи шешімдер мен алдын алу шаралары ауданның тыныс-тіршілігін тұрақты ұстап, тұрғындардың жайлы әрі бейбіт өмір сүруіне негіз болмақ.

 А.Талапкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT