Халықтың 37 млн. теңгесін «жеп» кетті

Жақында аудандық сотта өңірдегі белді бір банктің бұрынғы қызметкерінің үстінен көтерілген қылмыстық іс бойынша сот процесі өтті. Айыпкер өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, банктің кепілдігінде тұрған пәтерлерді заңсыз сатып, келген клиенттерді алдап, ақшасын алаяқтық жолмен өз қалтасына басып отырған.

Бас пайдасын ойлаған бас маман

Оқиға 2017 жылдың маусым айында басталған еді. Айыпкер М. сол кезде банктің Құлсары қаласындағы филиалында бас маман лауазымында жұмыс жасап жүрген. Оның функционалдық міндеті - борышкерлердің қарызын қайтарту, жеке сот орындаушылардың жұмысын қадағалау, банктің атынан аукциондарға қатысып, пәтер сату, кепілдегі үйлерді бақылау, оларға мониторинг жүргізу. Бірақ бас маман бұл міндетін өзінің бас пайдасы үшін жүзеге асырды.

Сол күні әлеуметтік желідегі жарнаманың бірінен кепілде тұрған пәтерлердің бірін сатылымға шығарып қойғанын көріп, алуды көздеп келген А.есімді клиентті өзін бас маман ретінде таныстырған орда бұзар отыздан асқан жігіт қарсы алады. Ол өз кезегінде банктің иелігінде тұрған қаладағы көпқабатты ықшамауданның біріндегі пәтерді 780 000 теңгеге заңды түрде құжаттарын рәсімдеп, сатып алып береді. Қалтасы қалың клиентінің сеніміне алғаш осылай кірген ол әрмен қарай банктің емес, өзінің қу қара басының қамына жұмыс жасауға кіріседі.

Көп ұзамай клиентіне хабарласып, қаладағы көпқабатты ықшамауданнан кепілде тұрған тағы бір пәтердің сатылымға шығарылғанын, бірақ құны 2200000 теңге тұратынын жеткізеді. Алғашқы пәтерге қарағанда бағасының қымбат болатын жайы бар-ды. Өйткені ол күрделі жөндеу көрген жақсы баспана еді. Бұған көз жеткізу үшін А. кепілдегі мүлікті аяқтай барып қарайды. Үйді ұнатып тұрғанын байқаған бас маман бірден қармақ құрып, қаржыны қауып қалуға тырысады. Сол бойда пәтердің бағаланған сомасы - 2 млн. 200 мың теңгені банк қосымшасы арқылы өзінің жеке есеп-шотына аудартып алады. Бірақ М-ның әрекеті жалғыз мұнымен шектелмейді. 2019 жылдың маусым айының бір күні А-ның ұялы телефонына қоңырау шалып, қаладағы көпқабатты ықшамауданның біріндегі кепілдікте тұрған тағы бір пәтердің 1 400 000 теңгеге сатылымға шығарылғанын хабарлайды. Алдыңғы «сценарий» бойынша өз есеп-шотына қаржысын аудартып алған сабаз арада біраз күн өткеннен кейін «клиентіне» тағы қоңырау шалып: «Пәтерді құжат жүзінде иелігіне өткізу үшін қаражат қажет» деп қосымша 980 000 теңге сұрайды. Ойлағаны болған бас маман қалтасы қалың А.-ның өзіне қатты сенетініне әбден көз жеткізіп алады. Сондықтан да енді көпқабатты ықшамауданнан шығып, жер үйлерді саудалауға көшеді. Қаланың шеткі учаскесінде «кепілдікте тұрған» бір баспананың сатылымға шыққанын айтып, оған «Whatsapp» мессенджері арқылы алдын ала жылжымайтын мүліктің фотосуреттерін де жіберіп қояды. Шын мәнінде А-ның ұялы телефонына келіп түскен фотолар кепілде тұрған үйдің суреті емес-ті. Бұл алаяқтың кезекті алдап-арбау әрекеті екенін, әрине, ол білген жоқ. Ер-азамат ретінде оған имандай сенген нәзік жанды сол бойда сұратқан 1400000 теңге «үйдің бағасын» есеп-шотына аударып жібереді. Бұдан басқа, ол банктің бас маманы ретінде қаланың орталығында және көпқабатты ықшамауданында орналасқан екі пәтердің бірін 1000000 теңгеге, екіншісін 550 мың теңгеге сатып жіберіп, ақшасын қалтасына басады. Шын мәнінде бұл пәтерлердің ешқайсысы заңды түрде сатылып, клиенттің иелігіне өтпеген еді. М. оларды өз қызмет өкілеттігін пайдаланып, қарақан басының қамы үшін пайдаланып кетті. Соның кесірінен банк клиентіне 6 млн. 450 мың теңге материалдық шығын келеді.

Алаяқтың қылмысы жалғыз мұнымен ғана шектелмейді. Айталық, 2018 жылғы сәуір айында Г.есімді келіншекті де тақыршаққа отырғызды. Оған көпқабатты ықшамаудандағы бір пәтердің банк арқылы 1 400 000 теңге сатылымда тұрғанын айтып сендіріп, ақшасын қолма-қол алып, қалтасына басады. Тіпті, оған үйдің кілтін беріп, «Осы пәтерге дәл қазір көшіп барып тұра бер, құжаттарын кейін рәсімдеп беремін» деп алдап соғады. Банктің бас маманының сөзіне иланған клиент өз иелігіне өтпеген пәтерге жанұясымен бірге көшіп барып, қоныстанады. Дәл осы «сценариймен» С. есімді азаматты да алдап соқты. Оған қаланың орталық көшесіндегі бір үйді көрсетіп, «Пәтердің құжаттарын заңдастырып жасап жатырмын, бірақ оны соңына дейін жеткізу үшін қосымша ақша қажет»-деп, алдымен, екі рет 1 млн. теңге, кейін 800 мың теңге тағы аудартып алып, 2 млн. 800 мың теңгесін қағып алады.

Ұстазын да тонады

«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, алаяқ аз ақшаға қанағат тұтпай, енді бірте-бірте қомақты қаржыға қол сала бастайды. Адамдарды алдаудың кәсіби шеберіне айналған ол пәтерлердің құнын көтеріп жібереді. Бір қызығы, ол жылжымайтын мүліктерді бейне өзінің жекеменшік үйіндей саудалап, сата берген. Тіпті, пәтерге қоса автокөлікті де өткізіп, «түйені түгімен жұтты». Айталық, 2020 жылғы қазан айында танысы К. есімді азаматқа банкіде кепілдікте тұрған пәтердің бірін 8 500 000 теңгеге, ал маркасы «Тойота Хайлюкс» автокөлігін 8 000 000 теңгеге «саудалаған». 8 млн. теңгені Орал қаласында орналасқан төлем терминалы арқылы өзге біреудің атынан ашылған есеп-шотқа аудартып, пәтердің ақысы 8 млн 500 мың теңгені өзінің шотына түсірткен. Сөйтіп жәбірленушіге барлығы 16.500.000 теңгеге аса ірі көлемде материалдық шығын келтірген.

«Ұрының арты қуыс» дегендей, бас маманның былығы ақыры әшкере болып, 2022 жылғы сәуірде қызметінен босатылады. Бірақ «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дегендей, ол кепіл мүлкін сатуға, банктің мүддесін білдіруге өкілеттігі жоқ бола тұрса да, алаяқтық әрекетін жалғастыра берді. Қалтасының қамын күйттегені сонша, тіпті, кездескен өзінің бұрынғы сынып жетекшісін де аяған жоқ. Он бір жыл білім берген ұстазын алдап, тақыршаққа отырғызып кетті. Шәкіртінің банкіде белді қызмет атқарып жүргеніне қуанған ұстазы оған қатты сеніп қалады. Оқушысының «Кепілде тұрған үйлерді төмен бағамен алып берейін» деген ұсынысына келісе кетеді. Оған да көпқабатты үйлердің біріндегі екі пәтердің бірін 3 млн. 800 мың теңгеге, ал екіншісін 2 млн теңгеге сатып, барлық қаржыны есеп-шотына аудартып алады.

Кейін сот процесінде жәбірленушілердің көпшілігі алаяққа қатаң жаза қолдануды талап етіп жатқанда ұстазы судьяға: «Мен тек өзіме келтірілген 5 млн. 800 мың теңгемді талап етемін, ал сотталушыға жеңіл жаза беруіңізді сұраймын, өйткені оның кішкентай балалары бар ғой" деп аяп, өтініш білдірді. «Бақсақ, бақа екен» дегендей, кейін белгілі болғанындай, орда бұзар отыздан асқан азамат нағыз құмар ойынының құлдығына түскен сабаз болып шықты. Соның кесірінен қарыздың батпағына белшесінен батқан ол амалсыздан осындай ауыр қылмысқа барған екен. Сотта өз әрекетін осылай ақтап бақты. Бірақ бұл жауап алаяқты заң алдында жазадан арашалап қала алмайтыны анық. Өйткені М-ның қармағына түсіп, қыруар қаражатынан қағылып, тақыршаққа отырып қалған жәбірленушілер қатары жоғарыдағы адаммен шектеліп қалмайтын еді. Ол барлығы 17 жәбірленушіні пәтер мен көлік алып беремін деп алдап, барлығы 37 млн. 683 мың теңге ақшасын алдап алған.

Биылғы маусым айында аудандық сот алаяққа қатысты ақырғы үкімін шығарды. Өйткені ол осыған дейін де осы әрекетімен құқық қорғау органдарының көзіне түсіп, бірнеше мәрте қылмыс жасағаны үшін сотталып, шартты жазамен шектелген еді. Бірақ сот алдына қайтадан келген алаяқты заң бұл жолы кешіре алмады. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 190-бабы 4-бөлігінің 2) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп таныды. Өйткені ол «Алаяқтық» яғни, «бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау немесе сенімді теріс пайдалану жолымен бірнеше рет ірі көлемде, аса ірі көлемде бөтен мүлiкке құқықты иемденіп, қылмыстық құқық бұзушылықты жасаған». Сондықтан оған осы бап бойынша 7 жыл мерзімге банк қызметімен айналысу құқығынан айыра отырып, 6 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған-ды. Бірақ Қылмыстық кодекстің 14-бабының 1-бөлігіне сәйкес айыпкердің әрекетінде қылмыстың қайталануы бар деп танылып, осыған дейінгі тағайындалған шартты жазаларды неғұрлым қатаң түріне сіңіріп, ішінара қосу жолымен түпкілікті 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтеу белгіленді. Оған қоса, барлық жәбірленушілердің талап арыздары қанағаттандырылып, ондаған миллион теңге айыпкер есебінен өндірілетін болды.

Жайнагүл Төкешова, аудандық сот әкімшісінің бас маманы,

Ербол Бисекенұлы, өз тілшіміз

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT