Халықтың құқығын қорғайтын кодекс

2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс күшіне енгені белгілі. Ол азаматтардың мүддесін қорғауға, оның ішінде мемлекеттік органдардың негізсіз уәжінен арашалап алуға арналған қағидаттарды бетке ұстайды. Осылайша, заңнаманың барлық түсініксіз тұстары азаматтардың пайдасына шешілетін болады.

Кодекс екі негізгі бөліктен тұрады. Ол - әкімшілік рәсімдер және әкімшілік сот ісін жүргізу. Әкімшілік сот ісін жүргізудің міндеті – жария құқықтық қатынастарда жеке тұлғалардың бұзылған немесе дау туғызған құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін тиімді түрде қорғау және қалпына келтіру мақсатын көздейді. Сол арқылы әкімшілік істерді әділ, бейтарап және уақытылы шешу жолдарын қарастырады.

Әкімшілік рәсім - халықтың мүддесін қорғауға бағытталғанын жоғарыда айтып өттік. Оның азаматтық процестен ең басты айырмашылығы - соттың белсенді болуында. Мәселен, әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс бойынша судья істі қарау барысында сотқа талапкер немесе жауапкер ретінде қатысқан қарапайым адамға кеңес беруге, қандай да бір талапты орындауды мемлекеттік органға міндеттеуге, азаматқа өзін қорғаудың барлық мүмкіндігін жасауға, дәлел жеткіліксіз болған жағдайда оны өзі де іздестіруге құқылы.

Кодекс Әкімшілік рәсімдермен және жария құқықтық қатынастар саласындағы дауларды шешу кезіндегі арнайы сот ісін жүргізуде қоғамдық қатынастарды реттеуге бағытталған. Жаңа заң, сондай-ақ, шешім шығарылғанға дейін әкімшілік процестің барлық сатыларын қарастырады. Татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісім жасасу мүмкіндігін көздейді.

Жаңа кодекс сотта билік органдарымен арада туындаған дауларды қарау кезінде азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтарын қорғаудың тиімді жақтарын арттыруға бағытталған. Сол арқылы мемлекеттік емес ұйымдармен және тұлғалармен өзара қарым-қатынасты реттеуді көздейді. Мысалы, оған ұлттық компаниялар, жеке сот орындаушылары жатады.

Кодекстің негізгі мақсаты - азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау.

Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс азаматтардың нақты құқықтарын қорғау мәселесін реттейді. Заңда көрсетілгендей, сот алдағы уақытта әкімшілік процеске қатысушылардың түсініктемесімен, арызымен, өтініш-хаттарымен, олар ұсынған дәлелдер мен, дәйектермен және әкімшілік істің өзге де материалдарымен шектеліп қалмайды. Атап айтқанда, әкімшілік істі әділ шешу үшін маңызды деген барлық нақты мән-жайды жанжақты, толық және объективті түрде зерттеуге құқылы. Демек, әкімшілік әділетті енгізу - құқықтық мемлекетті дамытудағы маңызды қадам саналады. Бұл Қазақстан азаматтарының конституциялық құқықтарын қорғаудың тиімділігін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге тиіс. Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексін қолданысқа енгізіп, мамандандырылған әкімшілік соттарды құру - жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың ерекше тетігіне айналмақ.

Айнұр ЖЕКЕЕВА, аудандық соттың жетекші маманы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT